Алматыда республикалық "Күзгі Ай" поэзия фестивалі өтті

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 25 қазан – "Республика күні", мемлекеттік мереке деп жариялады. Мерекеге орай 21 қазанда Алматы қаласында бір уақытта 20 орында  20 жас ақынның кеші ұйымдастырылған "О, Отаным, менің көркем мекенім!" атты "Күзгі Ай" жас ақындар Республикалық поэзия фестивалі өтті.

Сонымен қатар, ҚР Ұлттық кітапханасында 20 ақын еркін тақырыптағы мүшәйрада бақ сынады. 

Байқауға ҚР Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Болат Жүнісбеков, жобаның авторы әрі ұйымдастырушысы, ақын Мұратхан Шоқан, ақын, сазгер Бекжан Әшірбаев әділқазылық етті.

Ақындардың өлеңі 1-10 бал аралығында бағаланды.

"Күзгі Ай" поэзия фестиваліне қатысушылар тізімі:

1. Бақытгүл Бабаш;                             
2. Ершат Қайболдин;    
3. Мерей Қарт;                                      
4. Назгүл Бердіқожа;                                                  
5. Жангелді Немеребай;                        
6. Ақгүл Айдарбек;                             
7. Арайлым Мұраталиева;                    
8. Ержан Жұмабекұлы;                         
9. Ерғали Бақаш;                                  
10. Мұқаметқали Зарық;                        
11. Аманжол Зағыпар;                           
12. Дәулет Жадырасын;                          
13. Нұртай Текебай;                               
14. Асылбек Жаңбырбай;                                                       
15. Мергүл Асылхан;                             
16. Бағдат Мүбарак;                               
17. Абай Ораз;                                    
18. Еркін Ермек;                              
19. Олжас Қасым;    
20. Аманжал Зағыпар.

Алғаш болып сөз алған Болат Жүнісбеков қатысушыларға сәттілік тіледі.

"Республика күні ең алғаш рет 1995 жылы тойланды. 14 жылдан кейін 2009 жылы мерекелер тізімінен алынды. Енді міне қайтып оралды. Енді "Республика күнін" ұлттық мереке ретінде тойлағалы отырмыз. Осыған орай кітапханамызда "О, отаным менің көркем мекенім" "Күзгі Ай" фестивалі өтіп жатыр. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен ақындар келді. Олардың есімдері қазақ баспасөзі, теледидары арқылы кеңінен танылған. Бүгінгі ақындар бәйгесіне қатысып отырған ақындарға сәттілік тілеймін", - деді ол.

Жоба авторы Мұратхан Шоқан 17 облыстан келіп отырған ақындардың барлығы жүлдеге лайық екен айтты.

"Бүгін ақындар шаһары Алматыда үлкен мүшәйра болып жатыр. Осы байқаудың өтуіне ортамызда отырған Қанат Сүлеймен деген бауырымыз мұрындық болды, демеушілік етті. Бұл фестивальді алдағы уақытта жыл сайын өткіземіз деп отырмыз. "О, отаным менің көркем мекенім!" деп тақырып қойған себебіміз отаннан көркем ештеңе жоқ, әрі "Республика күніне" орай ұйымдастырдық. Бұған еліміздің барлық өңірінен халық мойындаған ақындар келді. Мен де ақынмын. Ақынның өзінен кейінгі буынға деген ықыласы деп білемін. Мүшәйра құтты болсын. Мен осы 20 ақынды да жүлдеге лайық деп есептеймін", - деді Мұратхан Шоқан.

"Қазақстан адам ресурстары" жеке мекемесінің директоры Қанат Сүлеймен келе жатқан мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.

"Ел тарихында жыраулар, ақындардың алатын орны ерекше. Кешегі жыраулар поэзиясы ХІХ-ХХ ғасырларда ақындар поэзиясына ұласты. Бұл сабақтастық ғасырдан ғасырға жалғасын тауып келеді. Бүгінгі іс-шараның мақсаты да сол", - деді Қанат Сүлеймен.

Мүшәйра қорытындысы бойынша бірнеше ақын марапатталды:

Бас Жүлде: Бақытгүл Бабаш (Атырау облысы);

1-орын: Ершат Қайболдин (Ақтөбе облысы);

2-орын: Бағдат Мүбәрак (Қарағанды облысы), Қасым Олжас (Абай облысы);

3-орын: Нұртай Алтайұлы, Нәзгүл Бердіқожа (Қызылорда облысы), Жадырасын Дәулет (Қызылорда облысы);

Арнай жүлделер: Мұраталиева Арайлым (Шымкент қаласы), Мерей Қарт (Абай облысы), Ержан Жұмабек (Абай облысы), Женгелді Немеребай (Жетісу облысы).

Бас жүлде алған ақын Бақытгүл Бабаш өзінің фестиваль туралы ойымен бөлісті.

"Бүгінгі республикалық деңгейде өтіп жатқан іс-шараның ерекшелігі ақынның ұйымдастырып жатқаны. Биыл "Республика күні" қайтып оралды. Ақындардың шығармашылығына қуат беретін, қолдайтын осындай шаралар көп бола берсін", - дейді Бақытгүл Бабаш.

Жоба авторы Мұратхан Шоқан келер жылы фестивалді бұдан да жоғары деңгейде өткізуді жоспарлап отыр.

"Күзгі Ай" жас ақындар фестивалінің ерекшелігі біз 17 облыс пен, 3 қаланы қамтып әрқайсысынан бір-бірден елімізге танылған ақындарды шақырдық. Мұндағы мақсат насихаттауға лайық жастарымызды өзге жастарға үлгі етіп көрсету. Екіншіден, қайтып келіп жатқан "Республика күнін" ауқымды тойласақ дедік. Бұл менің авторлық жобам. Бір күнде 20 ақынмен қалада кездесу өтті. Бәрі риза, сосын ізінен мүшәйра ұйымдастырылды. Келген ақындар марапатталды. Бұдан шығатын нәтиже өңірлерде көрінбей жүрген ақындар бар. Соларды насихаттау, халыққа көрсету. "Енді қашан өтеді? Келер жылы біз барайық" деп хабарласып жатқан жастар көп. Шара жалғасын табады. Келер жылы бұдан да жоғары деңгейде үлкен қаражатпен өткіземіз деген ойдамыз", - деді ақын Мұратхан Шоқан.

Жүлделі орынның бірін алған Жетісу облысынан келген ақын Жангелді Немеребаев осындай байқаулар көп болу керегін айтады.

"Шығармашылық адамдарының басын қосқан жақсы ғой. Оның үстіне ақындар арқаланып биыл "Республика күнінің" қайта жаңғырғанына қуанып жатыр. Рухы көтерілді. Осындай шара көп керек. Көрермендер де керемет болды. Қол соғып, қошемет көрсетіп отырды. Кішкене әдебиеттің деңгейі төмендеп отырғанда осындай дүниенің болуы қуантады. Елдің рухын көтеретін фестивальдер көбірек болсын", - деді Жангелді Немеребаев.

"Бүгінгі іс-шараға Қызылорда облысының атынан қатысуға шақырту алдым. Республикалық байқау жоғары деңгейде өтті. Кездесу кеші болды, оқырмандармен кездесу ерекше бір күйге бөледі. Алдағы уақытта да жоба жалғасын тапады деп жатыр. Сәттілік тілеймін. Мұратхан ағаның бұл бастамасы өте игі бастама. Сәттілік тілеймін. Ақындарды қолдау, оларды насихаттау – өлеңге деген құрмет деп білемін", - дейді Нәзгүл Бердіқожа

Айта кетейік, "Күзгі Ай" поэзия фестиваліне Алматы қаласы Мәдениет басқармасы "Алматы қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі", Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту басқармасы, ҚР Ұлттық кітапханасы және "Тұлға-достық" қоғамдық қоры қолдау білдірген.