Бүгін Алматыда ақын, талантты публицист, әдебиетшi-ғалым Әмірхан Балқыбектің құрметіне өзі тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды.
Аталған шараға ағайын-туыстары, Жетісу ауданының әкімшілік қызметкерлері, оқырмандары, қоғам қайраткерлері, ақынның өнерде де, өмірде де үзеңгілес жүрген қаламдас достары және мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі ақын Темірхан Медетбек бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері қатысты.
“Бүгін өмірден тым ерте кеткен қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы, көрнекті ақыны һәм әдебиет сыншысы өзі өмір сүрген, ғаламат шығармаларын жазған қара шаңырағының қабырғасына естелік тақта қою рәсіміне жиналып тұрмыз. Қош келдіңіздер!”, - деген ақын Маралтай Райымбекұлы тақтаны ашу үшін ақын Темірхан Медетбек пен Әмірхан Балқыбектің анасы Тұрсын апамызға сөз берді.
Темірхан Медетбек: “Қадірлі қауым, бұл Әмірхандар 90-жылдары әдебиетке келген нағыз тәуелсіздіктің ақындары. Поэзия еркіндік алған кезде, қазақ әдебиеті байланыссыз қалған кезде аш-жалаңаш қалса да әдебиетті далаға қалдырмаған қаламгерлер еді. Бұлар алтынкөпір болған азаматтар. Мен бұлардың әрқайсысына тоқталып жаздым. Әмірханның ерекшілігі – білімділігі. Көп оқыған, тоқыған, жаңа үрдістерге жол ашқан жігіттердің бірі еді. Мен "алтынкөпірліктер" деп жаздым бұл туралы. Әмірхан ерте кетті, өкінішті әрине. Бірақ артында өлмес шығармалары қалды. Осы тақтаны ашылуға үлес қосқан барлық азаматтарға алғысымды білдіремін”, - деді.
Ал осыдан соң сөз алған ақынның анасы да осы ескерткіш тақтаның ашылуына еңбек сіңірген барлық достарына алғысын жаудырды.
Алматы қаласы әкімі аппаратының Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының бас инспекторы Бақыт Қалымбет Әмірхан ақынмен бір ауылдан екенін айтып балалық шағынан сыр шертті.
“Әмірхан Балқыбектің ақын болуы әкесі Жұмабек ағамыздың арқасы. Себебі Жұмабек ағамыз өте білімді кісі еді. Үйі кітапхана болатын. Қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа оқитын. Әмірхан бір жақсы ақынды көрсе не оқыса мұны әкем жақсы біледі деп оның талантын әкесімен өлшейтін. Жұмабек ағамыз: “Осы Әмірхан бірнәрсе шимайлап жүр. Осыдан бірдеңе шыға ма?” деп бізден сұрайтын. Мінеки, не шыққанын көріп отырсыздар. Әмірханның екінші өмірі басталды”, - деді Бақыт Қалымбет.
Ақын Қазыбек Иса: “Осыдан бес жыл бұрын, құйрықты жұлдыздай ағып түскен кезінде, Әмірхан бауырым туралы “ел енді сені іздей бастайды” деп жазып едім. Жоқтаусыз қалған жоқ. Мынадай ескерткіш орнатылып жатыр. Оған да тәуба”, - деген Қазыбек ақын:
“Дүбірімен шығаратын жыр атын,
Мен өлгенде қуанса екен бір ақын.
Дейтін едің, ал жүз ақын жылады,
Орындалса мұратың!”, - деп Әмірхан Балқыбекке арнаған өлеңін оқып берді.
Ақынның туған жерінен келген Шардара қаласының әкімі Ережеп Бекет Шардара қаласында Әмірхан ақынның өзі оқыған мектептің бір сыныбына Әмірхан Балқыбек аты берілгенін және қалада Әмірхан Балқыбектің құрметіне суреті мен өлеңі жазылған үлкен бильборд ілінгенін қуанышпен жеткізді.
Айта кетейік, ақын, талантты публицист, әдебиетшi-ғалым Әмірхан Балқыбек арамыздан мезгілсіз 45 жасында бақиға аттанған-ды. Әмірхан Балқыбек 1969 жылы 19 мамырда Жетісай ауданына қарасты Ленин атындағы ұжымшарда туған. 1986 жылы Шардара каласындағы М. Әуезов атындағы орта мектепті бітіріп, 1987-89 жылдары әскерде болды. Әскерден оралған соң Шардара аудандық "Өскен өңір" газетінде тілші болды. 1990 жылы әл-Фараби атындағы Қазақтың мемлекеттік ұлттық университетіне оқуға түседі. 1995-2000 жылдары республикалық "Парасат", "Жас алаш", "Ана тілі" басылымдарында қызмет атқарды. Әмірхан Балқыбек Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Әдебиет саласы бойынша екі рет (1997, 1998) Президент стипендиясын иеленген. Сонымен қатар, “Метамарфоза” (1996), “Сынған сәуленің шағылысуы” (2001), “Қасқыр құдай болған кез” (2008) кітаптарының авторы.