13 сәуір күні Мұхтар Әуезов атындағы Мемлекеттік, академиялық Қазақ драма театрында белгілі қаламгер, Президент сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткерi, "Құрмет" орденiнiң иегерi, "Алматы ақшамы" газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбайдың 60 жас мерейтойына арналған "Сөз сәулесі" атты шығармашылық кеші өтті.
Кешті танымал тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлы жүргізді. Қазақтың танымал қайраткерлері Асанәлі Әшімов, Илия Жақанов, Сәбит Оразбай жазушының жаңа кітабының тұсауын кесті. Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Қали Сәрсенбайұлының шығармашылығына тоқтала келе, қаламгерді бүгінгі мерейтойымен құттықтады. Құрманғазы оркестрі күйден шашу шашты.
"200 ден астам өнер иелерінің портретін сомдау бір журналистке жететін жұмыс" дей отыра жүргізуші кеш иесін сахнаға шақырып сұрақтар қойды.
Нұртіле Иманғалиұлы: "Сізде бәрі бар. Оқырмандарыңыз жетеді. Тіпті билік те сізден кет әрі емес. Бұл кешті есеп десек, жаңа өзіңіз басқа сөз айтып қалдыңыз... бірінші сұрақты "осы кештің мұрат-мақсаты не?" деп қойсам қысқа жауап бере аласыз ба?", –деді.
Қали Сәрсенбай: "Біз енді айтыс ақыны емеспіз. Бірден суырып сала алмаймыз. Бізге ойлану керек. Сондықтан қысқаша айтсам, бүгінгі жаһандану заманында қаламға сүйенген, ұлттық журналистиканың заманы бұлыңғырлау болып барады. Қазір елдің бәрі у-шудан, шоудан шаршаған заман. Сол себепті жиналғандар қоңыр кеште қоңыр әуен, қоңыр саз, көкейкесті күй тыңдаса, сөз тыңдаса деп едік. Мақсатымыз сөз қадірін білдіру еді. Ұлттық журналистиканың бар екенін білдіру болатын", – деді.
Нұртіле Иманғалиұлының: "Қазақ журналистикасын өнер дәрежесіне көтергендердің бірі өзіңізсіз. Өнер адамдарының жаны нәзік келеді. Оның да өкінетін, опынатын, ренжитін кезі болады. Қали де өкініш бар ма?", – деген сұрағына қаламгер:
"Енді маңайын түгел жақсы адамдар қоршаған жазушы ретінде жақсылардың шарапатын көп көрдім. Бірақ өкініш ретінде мынаны айтқым келеді. Осы тұсау кесері болатын кітаптың ең басында тұруы керек сөз болатын. Менің шешем марқұм студент кезімде жиі хат жазатын. "Посылка" салатын. Оның ішінде не жоқ дейсің. Жүн шұлық, құдай-ау, қуырдақ дейсің бе, сол қуырдақты қалай жеу керек екендігінің процесін де жазады. Сонан кейін хаттағы мейірбан сөздер ешқандай ұлы жазушының ұлы шығармасында жоқ. Менің шешемнің сол хаттарындағы жазуларды ешқандай шығармадан кем көрмес едім. Алматыға келіп, пәтердің азабын көрмеген қазақ кемде-кем шығар. Сол пәтерден пәтерге көшіп жүріп сол хаттарды жоғалтып алдым. Бүгінгі кітабыма шешемнің хаттары кірсе өкініштің тұманы сейілер еді. Кейінгі жастарға айтарым анаңнан, әкеңнен мейірімді ешкім жоқ екен", – дей отыра сахна төріндегі анасының суреті иіліп тағзым етті.
Осыдан соң сахнаға Қырғыз Республикасының халық әртісі, Қырғыз мемлекеттік сыйлығының лауреаты Саламат Садықова шығып: "Әуезов атындағы театрда ән айтамын деп армандаған шығармын, бірақ сол арманым орындалады деп ойламаппын. Бүгінгі кеш иесіне рақмет. Жақсы адамдар қашан да бір-бірін сағынысып, іздейді екен. Мына қырғыз-қазақ ортасында да сондай биіктік бар деп ойлаймын. Алматыға аз келсем де саз келемін. Қазақ әдебиетін іздеп оқып жүретін қырғыздың жаман қызымын. Абай атамыздан бастап Фариза Оңғарсынова, Мұқағали Мақатаев... қазіргі жастарды да оқимын. Қырман толсын. Бүгінгі мерейтой құтты болсын", – дей келе "Сағынғанда бір келерсің" әнін орындады. Жалпы, бүгінгі кеште әншілер қауымы да аз болған жоқ "Қоңыр" тобы қоңыр сазымен жүректі тербесе, Бағдат Сәмединова әуелете ән шырқап, кештің шымылдығын жапты.
Айта кетейік, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президент сыйлығының лауреаты, Алматы қалалық Мәслихатының депутаты, "Парасат", "Құрмет" ордендерінің иегері Қали Қошқарұлы Сәрсенбай 1959 жылдың 22-наурыз күні Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма ауылында дүниеге келген. Алпыстың асқарына аяқ басқан қаламгер саналы ғұмырын қазақ руханияты, әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне арнап келеді.
Еңбек жолын "Лениншiл жас" газетiнде (қазiргi "Жас Алаш") корректор болып бастап, осы басылымда 1987 жылға дейiн тiлшi, аға тiлшi болып iстедi. 1987-1988 жылға дейiн "Өркен – Горизонт" газетiнде жауапты хатшы, 1988 жылдан "Жетiсу" газетiнде жауапты хатшының орынбасары болды. 1990-1995 жылдар аралығында "Егемен Қазақстанда" тiлшi, аға тiлшi, бөлiм бастығы қызметiн атқарды. 1995-1997 жылдары "Парасат" журналы Бас редакторының орынбасары. 1997-2005 жылға дейiн "Жас Алаш" газетi Бас редакторының бiрiншi орынбасары болып еңбек еттi. Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. "Өнер-өмiр", "Сендердi сағынғанда" кітаптарының авторы.