Алматыда 6 ақынның кітабы таныстырылды

Былтыр жыл соңында Алматы әкімдігінің қолдауымен Abai баспасынан Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай "Тәуелсіздік сөзі" сериясымен 30 ақынның кітабы шыққан болатын. 11 наурыз күні Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасында аталмыш авторлар кітабының тұсауы кесілді.

Аталған іс-шараға қонақ ретінде алты автор – Тұрсынбек Башар, Бауыржан Әліқожа, Ерқанат Қуатбекұлы, Нұртас Тұрғанбек, Батырхан Сәрсенхан, Нұрбек Нұржан шақырылды.

Кеш шымылдығын ашқан кітапхана меңгерушісі Ғазиза Құдайберген шара тәуелсіздіктің құрдасы саналатын ақындардың шығармаларын көпшілікке таныстыру, насихаттау үшін ұйымдастырылып отырғанын айтып өтті.

"Тәуелсіздік сөзі" сериясымен Алматы әкімдігінің қолдауымен біраз жас ақынның кітабы жарық көрді. Кітапхананың мақсаты - осындай қаламгерлердің кітабын насихаттау. Осы мақсатта авторлардың ішінен жас қаламгерлерді таңдап алдық.

Рухани қалып деген бар ғой. ХХІ ғасыр ерекше заман болып тұр. Адамдардың барлығы асығыс. Жаман ақпарат тез тарайды. Қоғам өтірік ақпаратқа тез сенеді. Осындай кезден кішкентай бір уақыт тауып оқырмандарға шығармашылықты насихаттау - кітапхананың парызы, міндеті. Барлық іс-шара осы мақсатта өтеді. Рухани байлықтың бір ережесі жоқ. Ол кітап оқу, өлең оқу. Адам жүрегі нәзік, біз соны елей бермейміз. Ал осындай жылы жырлар, жақсы әңгімелер жүректің бальзамы іспетті. Алдағы уақытта да осындай кештер өтіп тұрады", - деді Ғазиза Құдайберген.

Кітаптың тұсауын белгілі ақындар Бауыржан Қарабек пен Бақытжан Алдияр кесті

Осыдан соң ақындар жырларын оқыды. Қойылған сұрақтарға жауап берді.

Кештің арнайы қонағы болған ақын Бауыржан Әліқожаның "Хұснихат" кітабы жарық көрген. Өлең өлкесінде өзіндік өрнегі бар ақынның бұл жинағына түрлі тақырыптағы өлеңдері енген.

"Бүгін авторлар мен оқырмандар арасында жарқын жүздесу болды. Мұнда 6 қаламгердің кітабының кішігірім таныстырылымы болды. Өз кітабым лирикалық өлеңдер жиынтығы. Хұснихат – табиғат пен көңіл-күй үндестігінің көрінісі іспеттес. Осындай кездесу ұйымдастырған Жамбыл кітапханасына және оқырманға жетуіне септескен Алматы әкімдігіне, Қазақстан Жазушылар одағына, Abai баспасының директоры Ақберен Елгезекке алғыс білдіремін. Замандас қаламдастарыма айтарым кітаптары оқырманның қолында тозсын", - дейді Бауыржан Әліқожа.

Кітаптың тұсаукеесеріне арнайы келген Бауыржан Қарабек пен Бақытжан Алдияр жырдан шашу шашты

Ақын Арайлы Жақсылық бүгінгі кітаптарының таныстырылымы өтіп жатқан замандастарына тілегін білдіріп, өлең оқып берді

Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету Бөлімінің меңгерушісі Құмарова Шарайна Файзуллақызы бүгінгі кеш туралы ойымен бөлісті.

"Тәуелсіздік сөзі" сериясымен шыққан ақындардың кітаптарының таныстырылымының кеші жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Бұл шара авторларды және олардың шығармаларын насихаттаудың бір түрі. Көптен бері мұндай кеш пандемияға байланысты сиреп кетіп еді. Кешке келген поэзия сүйер қауымның сағынышы басылғандай болды. Жас ақындар да оқырмандардан жақсы лебз естіп, марқайып қайтты. Мұндай кештер алдағы уақытта да жалғасын табады деген үміттемін", - деді Шарайна Файзуллақызы.

Айта кетейік, 29 желтоқсан күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Алматы әкімдігінің қолдауымен алматылық 136 автордың кітабы басып шығарылды. Жазушылардың, соның ішінде Тәуелсіздіктің 30 құрдасының әдеби шығармалары 102 мың данамен жарық көрген болатын.

Іс-шара барысында қазақ ақын-классиктерінің 24 кітап-альбомының да тұсаукесері өтті. Алматы әкімдігінің қолдауымен жарық көрген барлық кітаптар қалалық кітапханалардың қорын толықтырады.