Vogue, Esquire, The Guardian сынды әлемнің бетке ұстар басылымдары ирландиялық Салли Руниді әдебиет әлемінің жаңа жұлдызына балайды. Оның дебюттік романы былтыр нағыз бестселлерге айналды. Ал, жаңа туындысы экранизацияланғалы жатыр. Салли Руни әдебиет әлеміне 25 жасында келген. Ол кезде Тринити-колледжін енді аяқтаған болатын. Жас прозаиктың Достармен әңгімеаталатын романын белгілі бір басылым бәссаудадан сатып алып, жариялап отырған.Туынды кітап ретінде өткен жылдың мамыр айында басылып шықты. Заманауи прозаны қалдырмай оқитындардың бәрі Саллидің романының мұқабасын кезек-кезек өз инстаграм-аккаунттарына салды. Салли Қарапайым адамдар туындысы үшін әдеби марапаттар қатарында көш бастайтын Man Booker Prize премиясына ұсынылды. Өткен аптада оның желісі бойынша BBC арнасы сериал түсіретіні белгілі болды. 27 жастағы қаламгердің атағы геометриялық прогрессиямен өсіп келеді. Сонымен, Салли не туралы жазады? Оның алғашқы романы Фрэнсис есімді студент қыздың басынан өткен махаббат оқиғаларына арналған. Саллидің кітаптары сезім, достық, жетістік, қызғаныш сынды күнделікті кешетін күй, тұрмыстық мәселелерді қозғайды. Оқыған адамдар автор романдарының кәдімгі WhatsApp немесе Facebook сынды әлеуметтік желідегі хат алмасуға ұқсайтынын айтады. Салли Руни шығармашылығына 30 жастағылар туралы 30 жастағыларға арнап жазатын 30 жастағы жазушы деген анықтама да беріледі. Қарапайым адамдарсюжеттік желісі бойынша бірінші романға ұқсас. Оқиға Дублин қаласында орын алады. Туындыны заманауи проза деуге де келмейтін шығар, себебі, онда айтылатын әңгіме классикалық махаббат оқиғасын еске салады. Мысалы, бір-біріне ғашық Марианна мен Коннелл алғаш рет жоғары сыныптарда кездесе бастайды. Кейін студент шағында сезім шарықтау шегіне жетіп, бірнеше жылдан соң шытынап, сынады. Романды қай заманға да шақтауға болады деген себебім, мұнда әлеуметтік теңсіздік мәселесі анық қозғалады. Жігіттің шешесі қыздың ата-атасы тұратын ақ виллада қызметші болып жұмыс істейді. Рунидің автор ретінде мықтылығы оның аса байқампаздығы мен сезімталдығында және өткір диалогтарында. Бірақ, бұл да өзге жазушылар секілді роман автобиографиялық емес дегенді алға басады. Өмірім роман жазатындай қызықты емес,- дейді қаламгер. Салли Рунидің туып-өскен жері Майо графствосындағы шағын Каслбар қалашығы екен. Оның ата-анасы әдебиет десе, ішкен асын жерге қоятын сөз өнеріне жақын адамдар. Анасы жергілікті мәдениет орталығын басқарған. мұндай ортада тәрбиеленген қыздың өнер мен әдебиеттен өзгені таңдауы мүмкін емес еді. Бірақ, олар ешқашан балаларына осы бағытта жүруді міндеттемеген. Ата-ана үшін олардың жүрек қалауы қашанда маңызды болды. Қазіргі таңда Руни Ирландияда бүкіләлемдік атағына қарамай, қарапайым өмір сүріп жатыр. Америкалық Vogue журналында өз колонкасы бар.