Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласында: "Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі.Ұлы дала Əл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Əз-Тəуке мен Абылай, Кенесары мен Абай жəне басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге əкелді... Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады", – дей отыра есімі ел есінде жатталып қалған тарихи тұлғаларды жас ұрпақ санасына сіңіруіміз керектігін айтқан еді. Сондықтан қазақтың құлагер ақыны Ілияс Жансүгіровтің туғанына биыл — 125 жыл толуына орай, 1 наурыз күні Талдықорған қаласындағы Қазақстан Жазушылар одағының Алматы облыстық филиалы мен Ілияс Жансүгіров атындағы әдеби музейдің ұйымдастыруымен "Ақынға тағзым" атты поэзия кеші өтті.
Әдеби кеш қала орталығындағы ақын ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды. Оған бірқатар зиялы қауым өкілдері мен "Мизам" әдеби клубының мүшелері қатысты. Ұлттық нақышта киінген қаламгерлер мен оқырмандар ақын ескерткішіне гүл қойып, рухына тағзым етті. Содан соң жиналған қауым ақын музейіне барып өлеңдер оқыды.
"Ақынның өлеңдері адам жанын тебрентеді, рух береді. Мен Ілиястай атамның барына мақтанамын. Өлеңдерін жатқа айтамын", – деді шара қатысушысы Арайлым Мұхитқызы.
Ал кешке арнайы келген ақын, халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты Зайда Елғондина: "Мен өте қуаныштымын. осындай кеш болғанын қалағанмын. Келген ақындарымыз да ерекше нақыштағы ұлттық киіммен келіпті. Мерекелік кеште өлеңдер оқылып, бастаңғы жасап жатыр. Дәстүріміздің жалғасып жатқандығы қуантады", – дейді.
Облыстық Бикен Римова театры Ілияс Жансүгіровтың балалық шағы туралы арнайы қойылым қойды. Мұражайдан соң жиналған қауым облыстағы Мұхамеджан Тынышпаев мұражайына барды.
Айта кетейік, Алаштың арда азаматтарының бірі, қазақ әдебиетінің барлық жанрларында қалам тартып, елеулі туындылар қалдырған әмбебап дарын Ілияс Жансүгіров 1894 жылы мамыр айының он төртінші жұлдызында бұрынғы Қапал уезі, Ақсу болысында (қазіргі Талдықорған облысы, Ақсу ауданы) дүниеге келген.
Алғашқы өлеңдері "Тілші", "Кедей еркі", "Лениншіл жас" газеттерінде, "Жаңа мектеп", "Әйел теңдігі" журналдарында жарияланады. 1927 жылы "Беташар" атты үгіт өлеңі, 1928 жылы "Сағанақ" деген тұңғыш кітабы шығады.
1928 жылы журналистика институтын бітіріп, елге оралған Ілияс Жансүгіров "Еңбекші қазақ" газеті редакциясында қызмет істеп, қазақ баспасөзінің қалыптасуына көп үлес қосты.
Ілияс Жансүгіров 1934-1935 жылдарда Қазақстан көркем әдебиет баспасында поэзия бөлімін басқарады, КСРО Жазушыларының I съезінде сөз сөйледі, республиканың әлеуметтік өміріне белсене араласады. Жазушының М.Горькиймен шығармашылық байланысы, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезовпен достығы оның қаламгерлік жолында терең із қалдырған. Қазақ поэзиясының ерен жүйрігі, "қазақ поэзиясының Құлагері" 1938 жылы жазықсыз жазаға ұшырайды.