Қазақстандық “Steppe & WORLD Publishing” баспасы бельгиялық жазушы, ақын Элен Дельфорж жазған, ал оның отандасы, суретші Квентин Гребан иллюстрацияларын салған “Мама” кітабын тұңғыш рет қазақ тіліне аударып, оқырмандарға ұсынып отыр.
“Steppe & WORLD Publishing” баспасының басшысы Райса Сайранқызы Қадір бұл еңбектің еуропалық кітап көрмелерінде үлкен жаңалық болып, халықтың зор қызығушылығын тудырғанын атап өтті.
“Бұл кітапта әр дәуірдегі, әр континенттегі ана тағдырының қуанышы мен қайғысы өлең түрінде суреттелген. Автор ана махаббатының қаншалықты терең екендігін көрсетеді. Қазір “Мама” өлеңмен жазылған заманауи кітаптар арасында ең танымал шығармалар қатарына кіреді”, - дейді Райса Сайранқызы.
“Мама” кітабын қазақ тіліне Зәуре және Сәуле Батаевалар аударған.
“Аударма кезінде мәтіннің түпнұсқаға барынша сәйкес болуына баса назар аудардық. Өлеңдер француз тілінде жазылғандықтан, олар әр мәдениетке тән ұлттық құндылықтар мен ұлттық ділге тұ ып тұрған қазына болып шықты. Аудармашы ретінде бізге, әрине, ең басты қиындық ұлттық ұғымдарды қазақ тіліне аударған кезде олардың мәдени ерекшеліктерін сақтай отырып, қазақ халқы үшін аса қасиетті болып саналатын Ана деген асыл бейнені қалай да оқырманға жеткізу болды”, - дейді аудармашылар.
Райса Сайранқызының айтуынша, “Мама” 2018 жылы жарық көріп, әлемнің 25 тіліне аударылған.
“Бұл жыр жинағы тек тамаша шумақтарымен ғана емес, бельгиялық автор Квентин Гребанның 32 акварель суретімен де тәнті етеді”, - деп атап өтті баспа өкілі.
Ал автор Элен Дельфорждің өзі кітабының қазақ тілінде жарық көруіне орай оқырмандарға арнайы хат жолдаған.
“Мама” атты жыр кітабының қазақ тілінде басылып шыққанын көремін деген ойдың өзі мені шексіз қуантады! Бұл мәтіндердің, өз сөздерімнің әртүрлі тілдерге аударылып, жаңа дыбыстар мен жаңа әуенге ие болып жатқаны – мен үшін керемет сыйлық. Ана туралы жырларымның қазақ тіліндегі “сазын” естуге асықпын. Еңбегімді өз сөзімен байытқан аудармашыға және көп ішінен бізді таңдап, өз қоржынына қосқан баспагерге мың да бір алғыс!” - дейді бельгиялық ақын.