Бүгін, ақын Батырхан Сәрсенханның "Мәңгілік гүл" атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Осы орайда Массагет порталы ақынмен жаңа кітабы, поэзия және т.б туралы ой өрбітті.
Батырхан Сәрсенхан 1995 жылы Түркістан облысы, Ордабасы ауданы Ақпан аулында дүниеге келген. Алғашқы өлеңдер топтамасы 2013 жылы "Жалын" журналында жарияланған. Халықаралық "Шабыт" фестивалінің Гран-При иегері. 2019 жылы Ресейде өткен "Делфи" байқауында үздік ақын деп танылған. Өлеңдері "Москва" журналында жарияланған.
Бұл ақынның үшінші кітабы. 2010 жылы "Өмір-өзен", 2015 жылы "Мейірім ғаламшары" атты өлеңдер жинағы жарық көрген.
"Біздің ауылдың табиғаты өзгерек болатын, сол жер мені ақын етті. Туған жер қашан да ыстық қой. Осы жерде алғашқы жыр туды, алғашқы өлеңдерім Туған жер тынысы жайлы болды" - дейді ақын.
Батырхан алғаш рет 8 жасында қолына қалам ұстаған. Ол қайтыс болған әжесіне арнап алғаш өлеңін жазыпты.
"Содан бері қалам мен қағаз жаныма серік. Содан бері өлең жазып келемін. «Мәңгілік гүл» менің үшінші жинағым", - дейді ақын.
"Мені бала кезден қызықтырғаны дүниенің көрінбейтін сырлары. Төрт көз түгел болса төбедегі келеді» дейді ғой. Ал, адамдар көбіне маңдайдағы екі көзбен ғана қарайды. Көптеген сырлардың мәніне жете алмай жатады. Тіпті, ақыл көзінің өзі жеткіліксіз. Жүрек көзі ашылу керек. Сонда дүние өзгереді. Біз мейірімді болу үшін жүрегімізді тазартуымыз керек. Біз ақылға күш салатын болсақ, мейірімге жете алмауымыз мүмкін. Мейірімді ететін поэзия деп ойлаймын. Ал, адам мейірімді болса қоғам түзеледі деп ойлаймын", - дейді Батырхан Сәрсенхан.
Ақын өлең жазу өз ырқыңа бағынбайтынын, батыста жылаған балаға шығыста отырған ақын жұбату-жыр жазатынын айтады.
"Өлең жазу немесе жазбау деген мәселе жоқ. Өлең санадан тыс туады. Жаздырады. Сондықтан, өлеңді қорғау, жүректі қорғау аұынның борышы. Ақын таза болу керек деп ойлаймын. Ақын сұлулыққа көз салушы адам", - дейді ақын.
Ақын болашақта әдебиет саласы бойынша алдағы уақытта "Нобель" сыйлығын алуды армандайтынын айтады.
Батырханнан бір өлең:
Раушан гүлі жайлы ертегі
тыңдаңыз балалар,
он жылдар бұрын,
көп жылдар бұрын, мол жылдар бұрын,
қоңырқай далада бүрлеген раушан.
мен мұны білгемін тағдырдан бұрын,
білгемін зүбәржат, лағылдан бұрын.
сол ғана кінәлі бұйығы болсам.
алапат дауылға жүгірген қарсы,
кідірген қарсы, күбірмен қарсы,
біздерді байқамай өтпеген бұлттар,
біздерді байқамай өтпеген жолшы,
өтпеген орманда мейірбан аңшы,
иә, солай сырғыған шадыман шақтар.
Түстіктен соққанда өмірдің желі,
өріктің қағы, таулардың сеңі
ұмыттым ол гүлдің екенін сұлу.
ұмыттым боларын жазмыштың шөлі,
ұмыттым тоңарын көйлектің жеңі,
ұмыттым суына білерін жылу.
содан да көңілсіз ойлардай қала
бәрінен көңілсіз ойлардай қала,
дариға-ай, өткенге бұйыра алсам.
бүгінде өседі жүректе ғана,
жайқалар жарадар жүректе ғана,
қоңырқай далада бүрлеген раушан.
Ақын осы кітапты шығару жанашыр болған адамдарға алғыс айтамын дейді.
"Кітап шығаруға ұсынысын айтып, демеушілік еткен белгілі ақын, сазгер, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері Мылтықбай Ерімбетовке алғысым шексіз", - дейді ақын.
Ақынға алдағы уақытта шығармашылық табыс тілеп, жақсы жырлары көп болуын тілейміз.