- Негізгі бет
- Әдебиет
- Ақын Аманхан Әлімұлы...
Ақын Аманхан Әлімұлы қайтыс болды
Қазақ әдебиеті қара жамылды. Елімізге белгілі ақын, публицист, ҚР "Мәдениет қайраткері", М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты Аманхан Әлімұлы қайтыс болды.
Аманхан Әлімұлы 1952 жылы 20 қаңтарда Түркістан облысы, Отырар ауданы, Қожатоғай ауылында дүниеге келген. 1969 жылы орта мектепті бітіріп, азаматтық борышын өтеуге Қиыр Шығыста аттанған. 1972 жылы әскерден оралған ол, нәпақа табу үшін Алматыда құрылысшы болып жұмысқа орналасады. Араға үш жыл салып Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, 1980 жылы сәтті аяқтап шығады.
Одан кейін білімін шыңдау үшін Мәскеудегі М.Горький атындағы Бүкіл әлемдік Әдебиет институтының жоғарғы курсына оқуға түседі. Журналистика саласындағы қызметін республикалық танымал газеттерден бастаған. Ол "Қазақстан пионері" ("Ұлан"), "Лениншіл жас" ("Жас алаш"), "Қазақ әдебиеті", "Түркістан" газеттерінде жұмыс істеген. 1994 жылдан 2012 жылға дейін "Заң газеті" басылымында жауапты хатшы, соңы шолушы болып қызметтер атқарды. "Ақиқат" журналының Бас редакторы болып қызмет атқарған.
Ақынның тұңғыш топтама өлеңдері "Бес қоңырау" атты жыр жинағына жарияланып, одан кейін оның "Жанымның жапырағы", "Кездесу", "Таудан аққан тасбұлақтар" және "Ай нұры алақанымда" атты жыр жинақтары жарық көреді. Ал 2011 жылы ақынның "Өткірдің жүзі" атты публицистикалық мақалалар жинағы жарық көрген.
Ақын Аманхан Әлімұлының қазасына байланысты Массагет порталы ақынның отбасына қайғыра көңіл айтады. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.
Т. Раушанұлы