- Негізгі бет
- Әдебиет
- Ақпандағы қауышу ...
Ақпандағы қауышу
Павлодар қаласындағы «Достық үйінде» ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Арман Бақтанұлы Қанидің 65 жасқа толуына орай «Ақпандағы қауышу» атты шығармашылық кеші өтті.
Мерейтойлық мәдени шараны облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев құттықтау сөзімен бастап берді. Әдеби кештің шымылдығы Астанадан арнайы келген «Қазақконцерттің» әншісі Дінислам Жайлаубайұлы орындаған Мәдидің «Қаракесек» және И.Байзақов атындағы облыстық филормонияның әншісі Амангелді Қожанов шырқаған Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әндерімен түрілді. Бұлай болу себебін ақынның өз аузынан тыңдайық: «...Әріп танымайтын қаршадай кезімнен екі ақын-композитордың өлеңдерін жаттап, сол екеуі секілді күрескер болуды көксегенім рас. Олардың бірі «Аттыдан жаяу жүріп кегін алған» Жаяу Мұса болса, екіншісі Арқаның Робин Гуды іспеттес Мәди болатын. Менің әжем Кәсп – Жаяу Мұсаның қызы еді де, атам Қани – Мәдидің аталас ағайыны еді».
Арман ақынның мерейтойлық қуанышын бөлісуге Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет арнайы келіпті. Ұлықбек Есдәулет Арман Қаниға 800 жазушының атынан Құттықтау хатын табыс етіп, иығына шапан жапты. Сондай-ақ, Ресей Лермонтов комитетінің шешімімен «Қайсын Құлиев медалін» кеш иесінің омырауына тақты. «Соғысқа қатысып, ерлік көрсеткен Қайсын Құлиев еліне оралады. Сол кезде малқар халқын Қазақстан мен Қырғызстанға депортациялаған екен. Қайсын Құлиевке «Сіз соғыстан ерлікпен оралдыңыз, Ресейде қалыңыз», - дейді. Батыр болса, «Жоқ, мен елім қайда болса, сонда боламын», деп Қырғызстанға қоныстаныпты.
Қарағайдың қырық бұтағы болады екен. Соның ішінде тек бір ғана бұтағынан әулиелер ұстайтын асатаяқ жасалатын көрінеді. Маған Арман Қани дегенде сондай қарағайға қарсы біткен бұтақ есіме түседі. Біздің Қалижан Бекхожин, Сырбай Мәуленов, Шыңғыс Айтматов, Олжас Сүлейменовтермен қатар жүрген, кеңес кезеңінің үлкен қаламгері малқар халқының ұлы перзенті, күрескер рухты Қайсын Құлиевтің медалі Арман Қани секілді қайраткер ақынға ғана жарасады деп ойлаймын», – деді. Ұлықбек аға ұлт қайраткері Мұрат Әуезовтің де Құттықтау хатын және «Қазақ әдебиеті» газетінің Арман ақын өлеңдері жарияланған санын тарту етті. Ақынның ақынға арнаған жыры да оқылмай қалмады. Сахна төрінен Алаш жұртына жолданған жыр-сәлем, міне, мынандай болды:
«Қаршадайдан қайсарлықты кім күткен?
Тумысыңнан тайталастың сұмдықпен!
«Баз кешті, деп, – боданбасты тірліктен!»
Көрсоқырлар дүниесі дүрліккен!
Тіл!, - деп, Діл!, - деп,
Ұлт ұятын қорғаштап,
Жүрегіңе ұялады мұң біткен...
Қарағайдың қарсы біткен бұтағы,
Қаһармандық қанында бар бір мықты ең!
Ақындықпен бола алмайды құлдық тең!
Олжа салдың ел-жұртыңа жыр күткен.
Ар алдында ақиқатқа жаршы боп,
Ақынсың сен егіз туған шындықпен!».
Шығармашылық кеште жүргізуші жас ақын Жарқынбек Амантайұлы жиналған қауымға «Жұлдыз» журналының бас редакторы, белгілі ақын Ғалым Жайлыбайдың Арман Қаниға жолдаған өлең хатын оқып берді.
«...Бақытын тосса деймін фәни алдан,
Кім сенің болмысыңды тани алған,
Тойыңа мен жетпеген Сөзім жетсін,
Жалғанда жан бауырым, Қани Арман», - депті Ғалым аға.
Бұдан кейін «Егемен Қазақстан» газетінің бұрынғы бас редакторы, журналистика мэтрі Жанболат Аупбаев ақынға жылы лебізін білдірді. «SOS» белгісі» атты зерттеу мақаласының жазылу тарихын айтқан Жанболат Аупбаев: «Мақала 2002 жылы жазылып, «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. Биыл «Ана тілі» газетінде қайта басылды. Үлкен резонанс тудырды. Біз мақаланы неге қайта жарияладық? Себебі, он бес жылда бір буын ұрпақ алмасады. Көзқарас қалыптасады, ой өзгереді. Арман секілді қайсар азаматтың өмірі, еңбегі өскелең ұрпаққа өнеге болсын деген ниетті ұстандық», - деді Жанболат аға. Мақалада 1969 жылы Керекудің ұлтшыл жасөспірімдері арасында Арман Қани құрған «Жас ұлан» ұйымының тағдыр-талайы баяндалған.
Мерейтойға тілек айтушылар қатарында Ертіс-Баян өңірінің белгілі қаламгерлері мен қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері кезек-кезек сөз алып, кеш иесінің ақындық, азаматтық болмысына тоқталды.
Кеште Арман Қани 1968-1970 жылдары білім алған бұрынғы №3 мектеп-интернаттың, қазіргі Ы.Алтынсарин атындағы облыстық гимназия-интернатының оқушылары ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Белгілі дәстүрлі әнші Медығат Манапов «Батырға батырдың әнін тарту етейін» деп Иманжүсіптің әнін әуелетті.
Кештегі көңіл тербеген ерекше сәттердің бірі – шәкірттің ұстаздарымен қауышуы болды. 1964 жылы Баянауыл орта мектептебінің 4-сыныбында болашақ ақынды оқытқан мұғалімі Рымтай Бердалина ақ тілегін ақтарды. Ал, Ғазиза Әбжанова ұстазы жайлы ақынның айтары тіптен ерекше. «Егемен елдікті көксеген саяси іс-әрекеттеріміз үшін 1970 жылы бірнеше серігіммен бірге комсомол қатарынан қуылып, оқу-үлгерім табеліме тәртібі «3» деген баға қойылды. №3 мектеп-интернаттан (қазіргі Ы. Алтынсарин атындағы гимназия-интернаттан) шығарылғанымда сынып жетекшіміз Ғазиза Рамазанқызы Әбжановаға оңай соққан жоқ. Өзге мұғалімдер бізді: «Алаш ордашылардың сорақы істеріне еліктеген сорлылар!», «Интернаттың тегін тамағын ішіп, импералистердің сөздерін сөйлеген арамтамақтар!» деп ғайбаттады. Тіпті біреуі: «Егер маған Сталин заманындағыдай билік берсе, бұл балаларды ата-аналарымен бірге қосып қойып өз қолыммен ататын едім!», - деп айбат шеккенінде Ғазиза мұғалім қандай күйде болды екен? Менің ойымша, дәл сол кезеңде қоғам жендет мұғалімдерге емес, ұлтшыл оқушыларға мұқтаж екенін сезген сияқты», - дейді кеш иесі.
Мерейтойлық жиында Арман Қанидің «Қарашығымдағы бейнелер» жаңа жыр жинағы оқырманға жол тартты. Кітаптың шығуына демеушілік жасаған ұлт мәдениеті мен өнерінің жанашыры Асылбек Туғанбай: «Бұл сыйды өнердегі, өлеңдегі, өмірдегі барша інілеріңіздің атынан қабыл алыңыз», - деді.
Қазақтар мекені – «Казкрайдағы» Иса Байзақов көшесіндегі Арман Қани туып өскен қараша үйінің орнында бұл күндері «Марсель» мейрамханасы бой көтерген. Бұл жайлы ақын:
«Абыздардың соңынан ерсем де мен,
Бала күнге оралып көрсем деп ем!
«Казкрайдан» іздедім қараша үйді,
Мейрамхана қарсы алды «Марсель» деген.
Жауап бермей тойшыл жұрт сұрағыма,
Төрге оздырды
(Кім білсін, сынады ма?).
Шақта осынау анамның үніне іңкәр,
Бесік жыры келгені құлағыма!...», – деп қалам тербейді. Салтанат сарайының иесі – белгілі кәсіпкер Абызбай Адамов. Ақынның шығармашылық кешіне Керекумен қатар Алматыдан, Астанадан, аудандардан келген сыйлы қонақтарға Абызбай мырза дастархан жайған болатын. Кеш соңында сөз алған Арман Қани барша қауымға алғыс айта келе, осы жайтқа ерекше көңіл аударды. «Дәм біздің қара шаңырақтың орнында тұрған «Марсель» мейрамханасыныкі. Сондықтан да, атамның шаңырағынан дәм таттық деп қабылдаңыздар», – деген ақын жанарына жас алды.
Кеш қуанышты жаңалықпен түйінделді. Ұлықбек Есдәулет Алматы шаһарында Арман Қанидің оқырмандармен кездесу кеші ұйымдастырылатынын айтты.
Т. Раушанұлы