- Негізгі бет
- Әдебиет
- Ақберен Елгезек. Мен...
Ақберен Елгезек. Мен көрген Қадыр
Жарықтық ұлы адам еді, тірісінде біраз әңгімесін естіп, 1-2 жыл үйіне жиі барып, ағамен араласып тұрдым. Ендеше, жадымда қалған естеліктерді тарқата отырайын...
Қайбір жылы Баянауыл ауданының 180 жылдығы болды. Мүшайрасына қатыстық. Қадағаң қазылар алқасының төрағасы болды. Әдеттегідей: жүлдегерлерді марапаттау, "кәнсерт-мәнсерт". Ертесінде той басталды. Ат шапты, көкпар тартылды, алтыбақан құрылды дегендей.
Дүбірлі тойға арнайы тігілген 8 бе екен, 12 ме екен қанатты, іші керемет безендірілген ақшаңқан киіз үйде отырмыз. Біздей бала-шаға төмен жақта, төрде - Әбіш Кекілбайұлы, қателеспесем - Төлен аға Әбдік, Ақселеу аға бар ма екен, есімде жоқ, Тұманбай мен Қадыр ағалар тағы басқа Алаштың зиялылары отырды. Тілектер айтылды, салмақты-салиқалы небір әңгімелер кетті дейсің!
Неге екені белгісіз мен сол сұлу өлкеде жүргенде Сұлтанмахмұттың бейнесін көріп қалатындай елегізіп жүргенім есімде қалып қойыпты. Бірін айтып біріне кетіп жатырмын.
Әлгі отырыс аяқталуға шақ қалды. Қорабай Шәкіров деген әкім болған ол кезде Баянауылда. Отырысты қорытындылай келе әлгі кісі үлкен адамдарға конверт тарата бастады. Көз алдымда әлі. Сол конверттер неге екені белгісіз өте қалың еді. Кешегі мүшайрада да алған жүлдемізді де сондай қалың конвертпен алғанбыз. Сөйтсек, іші жыпырлаған 200 теңгеліктер екен. Заман сондай болды па, неге солай боп қалды, білмеймін. Қысқасы бәрі тойдың сарқыты деп мәз боп алып жатты. Қадыр аға бір кезде Қорабай Шәкіровке әзілдеп айқай салды: "Әй, Қорабай, менің кәстөмімнің бір жағы түсіп кетті ғой, маған былай бір жағым қисайып жүру өте ыңғайсыз, қарағым" - деп қуақыланып бір жағына қисайып көрсетті. Сөз тапқанға қолқа жоқ, әкім көмекшісіне ым қақты, әлгі конверттің тағы біреуін суырды. Әкім әлгіні Қадыр ағаның екінші қалтасына салды. Қадағаң риза кейіппен: е, міне енді жөн болды! - деп кәстөмін тепе-тең қып алып, сыртқа қарай бет алды. Жұрт қыран-топан. Сөйтіп, барлығы бір конвертпен, Қадағаң екі есе олжалы қайтып еді.
Ағаға біраз уақыт хабарласпай кеткем. Бір күні звондап тұр: "Ақберен, айналайын, мен Оралға барып кеп ем. Үйге келсем, жеңгең Ақберен деген бір аңқылдаған бала пайда болыпты, күнде звондап, сені сұрайды дейді" - деп күлді. "Ойбай, аға қазір келем!" деп бәрін тастап, ағаның Каменкада тұратын үйіне барып, алып кеттім...
Ағаның аты аңызға айналған кітапханасын көрдім. Алғаш кітапханасын көрсетіп жүргенде жаспыз, ана кітапқа бір, мына кітапқа бір ұмтылсақ, қасыңда жедел жүріп, сенен бұрын сол кітапқа барып, өзі әперіп, өзі көрсетіп, кітапты ұясына өзі қоюшы еді. Өзі жазатындай, кітап ұрлағыштардан әбден зәттей болған ғой...
Кітапхана демекші, Қадыр аға бөлек үй салдырып, оны "Қадырдың әдеби үйі" деп атап, бүкіл кітапханасын соған тапсырмақшы болған. Оған шамасы жетпеді. Оған ел басқаратын адамдар да мән бермеді ғой деймін.
Төлегенді большевиктер әдейі арақ ішкіздіріп өлтірді деп отыратын. Өйткені Төлеген артынан адам ертіп кете алатындай атақты болды, оратор еді дейтін. Сары аурумен ауыратынын біле тұра, ішкізді иттер дегені есімде қапты. Мұқағали, Тұманбай туралы қызық-қызық әңгімелер айтатын.
Аға керемет ақкөңіл, әзілқой адам еді. Бірақ әр сөзінен даналық, өмірді көрген тереңдік, болмыс-бітімінен ұлы адамдарға ғана тән аура есіліп тұрушы еді.
Бұл кісі - қазақтың Қадыры боп, қазақтың ұлы классик ақыны боп, әр қазақтың жүрегінде ғасырдан ғасырға өте беретін тұлға. Жақсы кісі еді, жарықтық! Жаны жәннатық болсын деп дұға қылайықшы!..
Ақберен Елгезектің фэйсбуктағы жазбасынан
А. Оралқызы