Ақан сері әпсаналары

Ақан сері әпсаналары
Фото: ult.kz

Қазақ жұртының шын мәніндегі еш әсіре қоспасы жоқ, таңдайына бұлбұл ұя салған, қос қолтығына дүлдүлдің қос қанаты байланған ұлы перзенті Ақан сері Қорамсаұлы өмір сүрген қоғамынан мойны ұзын, иіні биік тұлға болғандығы ақиқат. Сондықтан да ол қара тобыр жұртының надандық қамытын киген кісәпір күйіне кейістікпен қарады, қарын тойғанша күйсеуден танбаған мес қарын мәстек байларының озбырлығы мен обырлығын аяусыз әшкерелеуден танбады. Ақиқат уытын аямай ақтарып, ақ алмастың жарқылындай өткір жырларын барынша қотарып, бетің бар, жүзің бар демей, сөз сойылын дөп сілтей білді. Сөйтіп те ұлы Ақан өзінің композиторлық, әншілік өнеріне қоса «Тура биде туған жоқ» қағидасымен суарылған өтімді де өткір өлеңдерімен де ерекшеленіп, даралана түскен.

Көкшетау өңірінде Ақан сері айтты дей­тін небір ғажап өлең өрнектері күні бү­гінге дейін ауыздан-ауызға жалғасып, кө­зіқарақты жұрттың тәбәрік деп жыртып алып қастерлер қасиетті саз мұрасына айналып кеткен.

Ұлан-ғайыр мол мұраның дені кезінде Сәкен сері Жүнісовтің де қаламына лекпей қағыс қалуы өкінішті-ақ болды. Ел ішінде еленіп те, ескеріліп те кәдеге аспай қалған серінің мұралары еске түскенде, «әттеген-ай» дейсің. Дейсің де, Сәкеннің «Ақан сері» романына ұлы серінің бұл сөз­дері еніп, орныққанда айтулы еңбек бүгін­гі­сінен де биік, әсерлі, мазмұнды да, қыз­ғы­лықты шығар еді дегің келеді. Әрине, мұны біз «біткен іске сыншы көптің» бодауына жұмсау үшін айтудан аулақпыз. Тек ұлы тұлғаның мұраларын әлі де тір­нек­теп жинап жүрсек деген тілек қана біздікі.

Хайыр, хош!

***

Қыр елінде болған бір айтулы асқа келген Ақан сері Құлагерін бәйгеге қосқан ғой. Қанатты тұлпар топтан озып келеді. Бәйгеге тігілген жүз тұсақ қойды олжалап, жолай  аты шулы  Алтайдың Сайдалысы­ның үйіне қоналқалайды.

Серінің жүрген жері аста-төк ән. Жұрт жиылып, Сайдалының аз ордасының іші-тысын керіп кетеді. Арқаның небір ғажап әндері мен өз әуендерін де әуелете шыр­қаған Ақан осы кештің гүлі болады. Осындай ордалы бір отырысты аңсаған әлеумет әлсін-әлі қошемет көрсетіп, құр­мет­терін де аяп қалмайды.

Бір тыныстаған сәтте Сайдалының өркөкірек ұлы Бекен:

– Сері, Құлагеріңді маған сатшы, жүз жылқы берейін, – деп кергісе керек.

Сонда Ақан сері:

– Мына жұрт сені Бекен мырза деуші еді. Сен ақылың жоқ ақымақ мырза  екен­сің. Ертең мына әкең Сайдалы өлмей ме? Сен сонда бес үйез елге сауын айтпай­мы­сың? Аста бәйге ұйымдастырмайсың ба? Бас бәйгеге жүз жылқы тікпеймісің? Сонда Құлагерім озып келіп, сол жүз жыл­қың­ды мен алмаймын ба. Бір теріне алатын жүз жылқыға Құлагерімді қалай қиып берейін, – депті.

Сайдалы баласына  алайып бір қарай­ды. Бекен ұялып шығып кетеді.

***

Атақты Науан хазірет Ақан серімен бажа еді ғой. Содан да бір-біріне деген сый-құрметтері суыспаған ғой. Бірде Науан бажасына:

– Ғалымтайыма қыз айттырайын деп едім. Сен әйел затының сұңғыла  сын­шы­сы­сың ғой. Кіммен құда болғаным жөн? – деп ақыл сұрайды. Сонда Ақан сері:

– Құр бекер жаман әйел бұлттың қабы,

Келмейді жақсы әйелсіз ердің бағы.

Жабыға арғымақтан айғыр салсаң

Баласы сол арғымақ туар жабы.

Ер жігіт қанша жақсы болса-дағы,

Әйелге байланысты ердің бағы.

Алғаны ерге серік бола алмаса,

Жігіттің болмашыдан сыңар сағы.

Жігіттер,  әйел алсаң тексеріп ал,

Төркіні, нағашысы барлық жағы.

Ақылы, зейін, көркі бірдей келсін,

Құр бекер керек емес беттің ағы.

Жігіттер, әйел алсаң сөйлесіп ал,

Сөйлес те фаһіміне зейінің сал.

Құтылу қиын болар бала тапса,

Емес қой сойып, сатып жоятын мал.

Өмірге үйлесе алмай өкінішпен,

Деуменен «әттең ғана» боласың мал.

Ұқыпсыз жаман әйел алған жігіт,

Мойнына арық аттай бітпейді жал.

Жақсы әйел алған жігіт базары үйде,

Махаббат, сүйіспендік келсе егер дәл.

Ақаннан сұрасаңыз айтары осы,

Хазірет, ендігісін ақылға сал, –  деп тоқтапты сері.

***

Ақан сері Науан хазіретпен Қожым Тінәлі қажының апалы-сіңлілі қызда­ры­на үйленген. Бажа. Бірақ екеуінің де әйел­дері қайтыс болады. Науан бір татар­дың қызына үйленеді, ал Ақан содан кейін үйленген ғой. Бір жылда.

Науан:

– Ақан, мен үйлендім. Сен неге кешігіп жүресің? – деп сауал салады.

Сонда Ақан:

– Қожым қызын алдық та болдық бажа,

Екеуі де өлді ғой жетіп қаза.

Сізде қандай сыр барын мен білмеймін,

Бұл күнгеше  мен өзім еттім аза.

Кездеспей жүр сүйгенім ойымдағы,

Қалыңдыққа сай келмей қайын жағы.

Ала салсам сіз құсап абайламай,

Теңсіздердің талайы дайын дағы.

Ер дәулеті жақсы әйел еккен егін,

Қалтқысыз-ақ келтірер ердің ебін.

Ажарына құр бекер масаттанбай,

Қарау керек зер салып ата-тегін.

Ер серігі жақсы әйел деген ырас,

Жақсы үлгісі балаға болар мирас.

«Алып анадан туады», – дейді қазақ,

Шақша бастан тумасын қалақша бас, – дейді.

Хазірет қатты қысылып: «Пай-пай, Ақан-ай! Бет-жүзіне қарамай кісіні қаз­балап тастайсың-ау! – депті».

Жалғасы бар...

Ел аузынан екшеп алған
Төлеген ҚАЖЫБАЙ.

Дереккөз: "Қазақ әдебиеті" газеті

Е. Жұмабайұлы