Орыс әдебиетінің жарқын өкілі Анна Андреевна Ахматованың жыл сайын міндетті түрде қайталап оқитын 3 авторы болған. Солардың бірі – Шекспир.
Ол отыз жасқа келгенде "Шекспирді түпнұсқада оқымай сүрген өмірдің еш мәні жоқ" деген ойға қалады.
Шекспир өзге ұлт жазушылары ішіндегі ең сүйіктісі еді. Содан жан-тәнімен жақсы көретін туындыларын ағылшынша оқу үшін ол осы тілді меңгеруге мәжбүр болады. Оған алғашқы дәрістерді ақын, драматург, аудармашы Самуил Яковлевич Маршак берген екен. Кейін Ахматованың өзі күніне 8 сағат уақытын бөліп, грамматикалық ережелерді игере бастайды. Содан жарты жыл өткен соң, онсыз да жатқа оқитын Шекспирін ағылшынша судырата оқитын болыпты.
Қазіргі Қазақстан жастары осы мәселемен бетпе-бет келіп жатыр. Олардың көпшілігі әлемнің басым бөлігі сөйлейтін тілді меңгергісі келеді. Бұл жай ғана ниеттен бөлек, заман талабы. Ал, ағылшын тілін игеру үшін жарты жыл уақыт жеткілікті екенін классик ақын өз тәжірибесінде дәлелдеді. Егер сізде де Шекспирді түпнұсқада оқу сынды үлкен мотивация бар болса, тілді игеруіңізге бұл мерзімнен де аз уақыт кетері анық.
Ал, біз бірінші абзацта айтқан 3 автордың қалған екеуін білу сіз үшін маңызды болса, назар салыңыз. Олардың бірі – Данте ("Құдіретті комедия"). Оны ақын итальян тілінде оқыған. Ал, екіншісі – орыс поэзиясының күні Пушкин.