- Негізгі бет
- Әдебиет
- Әдебиет саласы бойынша...
Әдебиет саласы бойынша Нобель иегерлері бүгін анықталады
Бүгін әдебиет саласы бойынша Нобель иегерлерінің есімдері жарияланады. Осы сәтті асыға күткен әр әдебиет жанашырының бұл жылғы үміті тым ерек. Себебі, бүгін екі бірдей жазушы лауреат атанады.
Неге екеу?
Марапат биыл 2018 және 2019 жылдар жеңімпаздарына табысталады. Себебі Нобель премиясы комитеті 2018 жылғы марапаттау рәсімін өткізуден бас тартқан болатын. Мәселе премияның басы-қасында жүрген беделді тұлғаның нәзік жандыларға зорлық-зомбылық көрсетті деп айыпталуында еді.
Бір қызығы, осы жаңалықтан кейін оған балама әдеби премия тағайындаушы ұжым құрылды. Еріктілер бұл қылықтарын: "Адами құндылықтардың маңызы қалмаған заманда әдебиетке баса назар аударған жөн. Үнсіздікке қарсы ең күшті қару осы әдебиет болмақ ",- деп түсіндірді.
Алдымен альтернативті академия 4 автордан құралған шорт-лист ұсынды. Онда жапониялық Харуки Мураками (Мураками "Нобельден" емес, осы марапаттан бас тартты. Бәлкім, кейін "оригиналды" бермей қоя ма деген үрей болған шығар, кім білген?!), британиялық Нил Гейман, франциялық Мариз Конде және канадалық Ким Тхуи есімдері жазылған болатын.
Кейін "Жаңа академияның" басты марапатына француз жазушысы Мариз Конде лайық деп танылды. Ол Гваделупаның тумасы. Жюри автордың өз шығармашылығы арқылы колониализмнің әлемді қалай өзгерткенін шебер жеткізгенін атап өтті.
Мариз Конденің ең танымал тарихи романдарының бірі "Мен, Титуба: Салемдік қара мыстан" деп аталады. Ол XVIII ғасырда Батыс Африкада орын алған мыстандарды жою оқиғасын негізге алған.
Биылғы болжам қандай?
Жалпы, негізді-негізсіз феминизм өршіп тұрған заманда осы мәселені тым асқындырып жеткізгенді жақсы көретіндер 114 рет ұсынылған марапаттың 100-ін ер адамдар алған деп, мұны әйелдерге қатысты әділетсіздікке балап отыр. Осыны және былтыр марапаттың табысталмау себебін ескеретін болсақ, бүгінгі лауреаттар тізімінде кем дегенде бір нәзік жанды қаламгер есімі аталары анық.
Әсіресе, көпшілік Маргарет Этвуд кандидатурасын алға тартады. Себебі, ол феминист болуымен қоса, қазір мэйнстримге айналған экологиялық мәселелерге назар аудару қозғалысын белсенді қолдаушы. Яғни, бар мәселенің шешімі бір адамда тоғысып тұрғанға ұқсайды. Қалай болғанда да, нәтиженің шығуын асыға күтеміз.
Естеріңізге сала кетейік, 2016 мен 2017-де марапатты Боб Дилан мен Кадзуо Исигуро алған болатын. Бұлардың жеңімпаз атануы да дау-дамайсыз өтпеді.
Бұл тұста Боб Диланның музыкант екені кей адамдардың, әсіресе, қаламгерлердің ызасын келтірді. Швед академиясы сыйлықты оған "ұлы америкалық ән дәстүрінде жаңа поэтикалық сөз өрнектерін салғаны" үшін табыстаған болатын. Ал Исигуроны кей қаламгерлер өз тегінен алшақтап кеткен қаңбаққа балап, марапатқа лайық көрмеді.