- Негізгі бет
- Әдебиет
- Әбіш Кекілбаевқа жолданбай...
Әбіш Кекілбаевқа жолданбай қалған хаттар...
"Соңғы жиырма жылда Әбіш ағаға хат жазуды және оны жолдамай сақтап қоюды дағдыма айналдырыппын. Неге екенін қайдам? Әлде өзім ұстаз тұтқан ұлы тұлғаның уақытын аядым, әлде алуан ұғым аспа-түспе қайшыласқан заманда алаң көңіл қылғым келмеді,"-деп жазады «Егемен Қазақстан» газетіне жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев халық жазушысын еске ала отырып.
Алғашқы хатымды: «Буынды шөптің үстінде, бұлтты көктің астында Сіздің болғаныңыз қандай жақсы», деп бастаппын, кешегі 90-жылдардың орта тұсында. «Біздің елге капитализм кеп киліккенде бір күнде бай өсіп шығып жатты. Көктің бір төлі жаңбыр қаншама төксе де шөп те солай өспейтін шығар. Содан кеп қызуы басылмайтын, қызығын қашырмайтын бизнес бел алды. Жөн-ақ. Қоғамның қалауы сол. Тап сол сәттен бастап чиновник - депутат - бизнесмен одақтасты. Тап сол сәттен бастап мемлекет қазынасынан қарауыл кетті. Әлгі стол баққандар ғұмыры тоймайтын кең көмей, құл қарынға айналды. Ауызда ерік бар ма, арғы жағында аңырап құлқын тұрса. Осы ортадан бара-бара криминалды топ өсіп шықты. Байлықтың балалық ауруы бұл қазақты әбден меңдеп тұр. Диагноз осы. Емі жоқ. Тіпті, есі бар-ау, деген азаматтардың өзінің айтар әңгімесі ақша, коттедж, джип, шетелдік вилла, тоқал тойынан аспай қалды. Егемендік алдық. Мемлекетімізді қалыптастырдық. Ал, бізде мемлекетшіл тұлғалар неге жоқ?! Болса некен-саяқ».
Тағы бір хат: «Аға, кешірерсіз, Сізге өзім куә болған бір оқиғаны баяндайын. Көрші Қилекеш ағаның күшігінен байланған бір иті болды. Атын ұмыттым. Төбет болғанша шынжыр мен итаяқтан басқаны білмеді. Бір күні балалары аяп босатып жіберген екен. Көшеге шықты да машинаның астына түсіп өлді. Өйткені, ол еркіндік дегенді білмей өскен... Демократия да қазаққа осылай аяқ астынан келді ғой. Қаңғалақтап жүргенде барымыздан айырылып, болмаса тапталып қалып жүрмейміз бе?!»
Келесі хат: «Түркістандағы тайқазанды кезінде мемлекеттік мәселе қып көтеріп алдырттыңыз. Кәнігі орнына қойғыздыңыз. Бірақ «Эрмитаж» қақпағын бермей қалды. Не үшін? Ол жағын білмеймін. Білетінім - қақпағы жоқ қазанға үңілетін сұқ көздер көп. Содан да шығар, біздің мемлекетіміздің қазынасының да қақпағы ашық тұр. Ебін тапқандар шөмішпен, кейбіреулер кішкентай-кішкентай қалайы қасықпен тасып әкетіп жатыр. Иә, бізде бәрі де бар, бізде бәрі де жоқ!
Осы тайқазанның қақпағын шеберлерге өзім құйдыртсам қалай қарайсыз? Сонда ырысымыз шашылмас па екен?»
Тағы бір арзу жолданбай қалыпты: «Әбіш аға, «Аңыздың ақыры» романыңызда «Мекер төсегін сатты, нөкер көсемін сатты» деп жазып едіңіз. Сатпаған, сатылмаған не қалды біздің қоғамда?! Біреудің жыртығын, біреудің тыртығын түгендеймін деп жүріп қажыдыңыз. Бұл қазақтың енді сізге өкпесі жоқ. Одан да «Үркер» мен «Елең-алаңның» соңғы үшінші кітабын жазсаңызшы. Көптен көкейіңізді тескен осы замани тақырыптағы үш кітапқа қашан отырмақсыз?»
Және бір хат: «Көйлегім емес, көңілім тозды, аға. Құдайға жан қарызым бар. Сұраса - берем. Ал, өмір сүруге зауқым жоқ. Тіпті, сол құрғырдың мән-мағынасын таба алмай қойдым. Бүгін, ертең деп өз-өзімді алдаймын. Шетелге кетіп қалар ем, Абай ағам айтқандай, туған жер, өлген мола жібермейді. Әрі онда «келің», «келің» деп отырған нағашым жоқ. Қара басым сыяр, қара орманымды қайтемін? Сізге жарқын, жаңа дауыспен хат жаза алмай-ақ қойдым. Мұңымды, сырымды сізден басқа кімге айтамын? Адам аз, кісі көп...»
Соңғы хаттың бірі: «Бүгін Сізді теледидар әдеттегідей ақыл мен уайым жүзіңізде ұйып тұрды. Жас кезіңізде төбеңізге қалпақ қондырмайтын бұйра шашыңыз... Қар жауып, аспан жақ гүлдей бастады ғой. Аға, асықсаңызшы!»
Әбіш ағаға жолданбай қалған хаттардың бес-алтауының жарыққа шығуына менің досым, ақын, журналист, қайраткер Жұмабек Мұқанның әсері зор болды. Анығында, оның Әбіш Кекілбаевтай абыздың кезекті кәдесіне арнап жазған «Жүз күндік жалғыздық» атты эссесі. Жұмабек Әбіш ағаға рухани жақын, жаны еріп сырласар інісі боп өсті. Көп сырды құлағына қорғасын ғып құя беріпті. Абыздың әр алуан көңіл күй үстінде айтқан әңгімелері қаламына тірі сөйлем боп ілініпті. Жанды сурет боп жұғыпты. Аяулы тұлғадан абзал көңілін аямаған авторға мың сан алғыс! Бұл жинақты болашақта жазылар үлкен естелік, есті кітаптың беташары деп білейік.
Бұл - жоқтау!
Бұл - мінәжат!
Бар қазақтың атынан!
Бұл - тағзым!
Алаш жұртының атынан!
www.madeniportal.kz
А. Оралқызы