Дәл осы күні, 1960 жылы Хәкім Абайға Алматы қаласындағы "Абай алаңына" ескерткіш қойылды. Ескерткіштің тұтас биіктігі — 13,7 метр. Ескерткіш қоладан құйылып, тұғыры қызыл граниттен қаланған. Тұғырдың алдыңғы бетіне "Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаев (1845—1904)" деп жазылған.
Мүсінші Xакімжан Наурызбаев ақынның өмір белестерінен өтіп, халық қамқоршысы, ел ағасына айналған кезін, толыққанды, салиқалы бейнесін жасаған. Ескерткіште басында тақия, иығына өңірі ашық желбегей шапан жамылған Абай сол қолына кітабын қысып ұстаған күйі терең ой үстінде ілгері басып келеді. Сәулетші Илья Белоцерковский де ескерткіш тұғырын, ақын тұлғасын мазмұн жағынан байыта түсетіндей, Абайдың шыққан биігін символдық тұрғыдан бейнелей алатындай көлбеу өрлеткен. Ескерткіштің алдынан басталып, батысқа қарай ұзыннан-ұзақ созылып жатқан әсем көше - Абай даңғылы ақынның поэзияда салған ұлы сүрлеуі іспеттес.
Бұдан өзге де әр жылдары еліміздің түкпір-түкпірінде Абай Құнанбайұлына арнап ескерткіштер қойылды. Елімізден өзге, шет елдердегі Абай ескерткіштеріне тоқталып өтсек:
1. 2006 жылы Ресей астанасы Мәскеудің "Чистые пруды" бульварында Абай ескерткіші ашылды. Ескерткіш Қазақстан Елшілігі маңайына қойылған. Орындаған авторлық ұжым: мүсінші Марат Айнеков, дизайнер Тимур Сулейменов, суретші Эдуард Дробицкий, сәулетші Вячеслав Романенко.
2. 2007 жылы қазан айында Иран Ислам Республикасы Тегеран қаласында Абай мүсіні ашылды.
3. 2013 жылы маусым айында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Ислам Каримовтың қатысуымен Ташкенттегі Абай көшесінде ақын ескерткіші ашылды. Абай ескерткішінің авторлары белгілі қазақ мүсіншісі Нұрлан Далбай және сәулетші Расул Сатыбалдиев.
4. 2014 жылы наурызда Қытай астанасы Бейжіңнің орталығындағы "Чаоян" саябағында Абайға арналған ескерткіш ашылды. Бұл салтанатқа Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов қатысты. Мүсіннің авторы - Юань Сикунь.
5. 2014 жылы Венгрия астанасы Будапешттегі Астана көшесіне Абайдың ескерткіші орнатылды.
6. 2016 жылы Мысыр астанасы Каир қаласындағы "Бостандық және достық" саябағында Абай ескерткіші ашылды.
7. 2016 жылы Францияның Ренн қаласындағы Алматы саябағында Абай ескерткіші ашылды. Француздың атақты ақыны Луи Арагон "Біздің французда Абайға тең келер ақын жоқ. Болған емес. Оның шығармалары XIX ғасырдың ең үздік классикасына жатады" деген екен.