Абайтану ғылымына 130 жылдай уақыт болған екен. Ең алғаш Абай Құнанбаев туралы жазған – Әлихан Бөкейхан деседі. Кейін Абайтанудың шоқжұлдызы боп Мұхтар Әуезов танылды. Абайды танудың арқасында Қайым Мұхамедханов, Мекемтас Мырзахметов сынды ірі ғалымдар елге танылды. Десе де, Абайды тану әлі біткен жоқ. Оған қазіргі Абайтану ғылымының кең өріс алып, әр қырынан зерттеу тенденциясының қалыптасып жатқанынан байқауға болады.
Абай қазір қай тұрғыдан зерттелмей жатыр? Оның проблемасы неде жатыр? Осы сауалдың жауабын білу үшін белгілі абайтанушылардан сұрап көрдік.
Мекемтас МЫРЗАХМЕТ, филология ғылымдарының докторы, профессор
Мен Абайды өмір бойы зерттедім. Сонда да түсіне алмадым. Неге дейсіз ғой? Бар мәселе Абайдың ілімін түсіну үшін ұлы ақын таныған философияны игере білуде жатыр. Абай – дүниенің көрінген және көрінбеген сырынбүкіл болмысымен түйсінген ғұлама. Ұзақ жылдар бойы біз Абайды материалист, атеист деген байламды ұстанымда қарастырып келдік. Яғни, біз Абайды еуропалық көзқараспен қарастырып, өзіміздің шығыс пәлсапасы деңгейіне қарастыра алмадық.
Абай – жан ілімін игерген, жантану ғылымын қалыптастырған абзал жан иесі. Абай дүниенің көрінген және көрінбеген сырын үйлестіре танып білуді мақсат тұтты. Абайдан бастап түп иені танып білу жолында пәлсапалық лирика жанрында жантану ілімін меңгеруге, яғни дүниенің көрінбеген сырын ашып, танып білуге ұмтылды. Абай бастаған бұл дәстүрді ойшыл ақынның шәкірттері Шәкәрім, Мағжан үдере дамытып тереңдете түсті. Осы арқылы қазақ поэзиясында пәлсапалық лириканы әлемдік деңгейге көтеріп, көш бастады. Бірақ бұл танымды кеңестік билік тұншықтырып тастады.
Міне, сол сілеммен біз әлі келе жатырмыз. Абайды ұлттық философия тұрғысынан қарап, дүниенің көрінбейтін сырлары жағынан зерделеуді, жаңа дүниетаным деңгейінде қарастыруды қолға ала алмай келеміз.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ, филология ғылымдарының докторы, жазушы
Қазіргі Абайтану ғылымының алдында тұрған басты міндеті – Абай Құнанбайұлының өмірбаяны мен өмір деректерін, ақынды қоршаған орта мен айналасындағы тұлғалардың өмірбаяндық деректерін қалпына келтіру.
Өйткені қазіргі Абай Құнанбайұлының өмірбаянын түсіндірушілердің дені ақынды Мұхтар Әуезовтің роман-эпопеясы арқылы түсіндіреді. Ал ол – көркем шығарма. Көркем шығарма ешқашанда құжаттық негіз қаламайды. Сондықтан Абай ақынның өмірбаянын шынайы деректермен қалпына келтіруіміз керек.
Төрәлі ҚЫДЫР, филология ғылымдарының кандидаты, доцент
Абай Құнанбайұлына қатысты осы күнге дейін біршама дүние жазылды, қамтылды деуге болады. Мұхтар Әуезовтан басталған абайтанушылардың қатары артып келеді. Жас мамандар арасында да Абайға қызығушылық танытып жүргендер жетерлік.
"Енді Абайдың қай жағына назар аудару керек?" деген сауалға мен "Абайдың шығысына қарау қажет" дер едім. Мұны белгілі абайтанушы Мекемтас Мырзахмет те айтып жүр. Ғалым "Абай және Шығыс" тақырыбында терең зерттеулер жүргізді. Бұл сала тоқтап қалмауы тиіс. Әлі де қарастыратын аспектілер баршылық.
Бұл жерде "шығыс" деп отырғанымыз – шығыс-мұсылман әдебиеті. Мұсылман әдебиеті бірнеше бөліктен тұрады: араб әдебиеті, парсы әдебиеті, түркі-мұсылман әдебиеті. Абай және парсы әдебиеті тақырыбында бір-екі зерттеу жұмысы жазылды. Бірақ ортағасырлық түркі классикалық әдебиеті мен Абай дүниетанымындағы байланыстар әлі толық зерттеле қойған жоқ. Мысалы, Абайдың алғашқы жазған өлеңдерінің ішінде "Иузи – раушан, көзі гауһар", "Әлифби", "Фзули, Шәмси, Сәйхали…" сынды қысқа өлеңдері түркі әдеби тілінде, шағатай тілінде жазылған. Бұл үлгілер – классикалық түркі поэзиясының ХІХ мен ХХ ғасырдағы бір көрінісі. Әсіресе, "Әлифби" өлеңі ортағасырлық классикалық деңгейге жеткен өлең болып есептеледі.
Абайтанудың қазіргі назар аударар мәселесі – Абай мен мұсылман әдебиеті, оның ішінде түркі-мұсылман әдебиетімен, жазба жәдігерлерімен байланысы.
Екінші бір назар аударар мәселе – "Абай және исламият" деген тақырып. Яғни, Абай шығармаларындағы дін мәселесі. Бұл жерде исламият кеңістігіне кеңірек тоқталуымыз керек. Абай және хадис, Абай және фихк, Абай және ақида сынды бөліп-бөліп қарау қажет. Бір қызығы, біз 38-қара сөзі деп қарастырып жүрген шығармасы – бөлек кәдімгі еңбек екен. Біз оны ақынның 175 жылдығына орай "Абай шығармаларының толық академиялық жинағын" дайындағанда байқадық. Қара сөз деп жүргеніміз "Иман кітабы" деген Абайдың бөлек еңбегі боп шықты. Яғни, кітаптың атауы иманды жүрекке берік, нығыздап орнату дегенді білдіреді.
Сондықтан Абайды иман, ихсан, ислам тұрғысынан тереңірек зерделеу керек деп ойлаймын.
Асан ОМАРОВ, философия ғылымдарының кандидаты, журналист
Абайтануда қазір зерттелмей жатқан дүниелер жетерлік. Әсіресе, Абайдың хакімдік кезеңі зерттелмей жатыр. 1895 жылдан өмірінің соңына дейінгі кезең кеңес уақытында жабық күйде қалды. Себебі Абай Құнанбайұлының өмірінің соңында құдайтану, жантану ілімімен шұғылданған. "Насихат" атты еңбегін жазған. Бұл еңбек зерттелмеді.
Абай Құнанбайұлы жайлы жинақтар мен академиялық басылымдар шығып жатыр. Алайда сонау кеңес дәуірінде қалыптасқан Абайдың болмысы бұл басылымдарда әлі сол күйінде өзгермеген. Қоғам, заман өзгерді. Бірақ Абай өзгермеген. Ескі идеологияның құрсауынан әлі шыға алмаған. Бұл – өте жаман нәрсе.
Абайды әдебиетшілер қауымы меншіктеп алды өзіне. Абай халыққа ортақ. Абай ең алдымен ойшыл, рухани ұстаз. Осы тұжырым тұрғысынан алып барып Абайдың бүкіл болмысы мен жан-дүниесін тануымыз қажет.
Абайдың әлі табылмай жатқан өлеңдері бар. Қара сөздерінің рет сан дұрыс емес, әлі ретке келтірілмеді. Кезінде Мұхтар Әуезов саяси қыспақтың кесірінен қара сөздердің рет санын өзгертіп жіберген. Соны қалпына келтіре алмай отырсыз. Рет саны дұрыс қойылмағаннан кейін де Абайдың қара сөздерін жүйелі түсінбей жатқанымыз бар. Абайтану ғылымында осындай үлкен-үлкен мәселелер тұр.