Өмірдің әр сәті — өнер. Сіздің әр қимылыңыз да. Қалай киінетініңіз. Компьютер пернетақтасындағы әр әріпті қалай басатыңыз да. Жүріс-тұрысыңыз бен сөйлеу мәнеріңіз. Кішкене армандарыңыз. Іңірде қабырғаға түскен көлеңкеңіз. Cіздің шай құюыңыз бен жуылған кірді жайғаныңыз да. Тіпті жұбайыңызға дүкеннен алатын азық-түлік тізімін қалай жазып беретініңіздің өзі — өнер.
Сондай өнердің озығы һәм көркемі — кітап оқу өнері. Бір өкініштісі, IT дамыған заманда осы өнер жоғалып бара жатыр деп дабыл қағатындар көп. Сайтымызға шыққан "Романтика өлгеннен кейін, әдебиет те шала-жансар бола бастайды" аталатын мақалада Дулат Исабековтің: "Искусство медленного чтения" біржолата құрыды. Түсінбеген нәрсесін қайта-қайта оқитын, ізденетін адамдар аз қалды… Ол заман өтіп кетті. Мен кейде сол дәуірде тумағаныма өкінемін",- дейтіні тағы бар.
Біздің олай емес екеніне сенгіміз келеді. Себебі, ізденіп оқитын оқырман легі баршылық. Әсіресе, жастар арасында. Оқығанда да, бұл процесте құдды құпия ритуал жасағандай айрықша атмосфераны қажет ететіндері де бар. Солардың бірқатарымен тілдескен едік.
Марлен Ғилымхан, ақын:
Кітап – пенде пікірін өзгерте алатын құндылық. Кітап оқығанға дейінгі Марлен мен кітап оқығаннан кейінгі Марленнің арасы жер мен көктей.
Гессе Германның "Кітапқа айналған адам" эссесінде түрлі жинақтардан жаны тыныштық тапқан оқырманның тағдыры айтылады. Балалық шағында көп қиындық көрген жігіт күні-түні кітап оқиды. Гётемен, Феокритпен, Платонмен бірге ғұмыр кешеді. Басқа ешкіммен араласпайды. Театрға барған күні Шекспирмен танысады. "Отелло", "Ромео мен Джульетта" пьесаларын парақтауға кіріседі. Санасында көне рим мәдениеті туралы ойлар… есте жоқ ескі замандағы сұлбалар жосып жүреді… Заманауи әдебиетті ұнатпайды. Достоевскиймен, Толстоймен, Гамсунмен, Августинмен жиі сырласады. Сөйтіп, кең дүниенің қыр-сырын томдардан үйрене бастайды.
Өз-өзіңді тануға шақыратын грек ұранын оқыған кезде біраз жасқа келіп қалыпты. Лезде өткен шағын есіне алады. Шаң басқан қағаздарға көмілген уақытын көреді. Сансыз сауалға шырмалған күйі Уайльдты, Флоберді оқиды.
Биік қабырға бойына жиналған кітаптардың құлағаны, жер жаралғалы адамзат бастан өткеркен небір зұлматтың құлап бара жатқан кітаптардан ұшып шыққаны түсіне енеді. Қағазға айналғанын, нағыз өмірдің қабырғаның арғы жағында екенін түсінеді. Өзгенің махаббатты, мейірімді, ал, өзінің саусағы тиген парақтарды ғана сезінгенін түсінеді.
Эссе соңында оқырман алагеуімде жас қызға кездеседі. Жан сырын ақтарады. Күнді алғашқы рет көріп тұрғанын айтады…
Бір-ақ ауыз сөз адамның бүкіл өмірін өзгертеді. Әйгілі неміс жазушысы осыны айтқысы келген.
Мен кітапты көбінесе тыныштықта оқимын. Авторлардың тізімін жасаймын. Оны уақыт өткен сайын жаңартып, толықтырамын. Бір кітапты аяқтамай, екінші кітапты бастай алмаймын. Қолыма түскен әрбір ақын, жазушы, драматург; көз майымды тауысқан әдеби туынды, танымдық мақала туралы пікірім; маған ұнаған ойлар, тың деректер – қойын дәптерімнің қонағы. Қазір Франсуа Вийонның сұрықсыз тірліктен құтыла алмау себебін Қадыр Мырза Әлидің "Жазмышынан" сұрап отырмын. Мағжан қаламынан тамған "Шолпанның күнәсі" есіме түсе береді.
Гүлзия Сәдуақас, театртанушы:
Оқып жүрген кітапты жастықтың астына қойып ұйықтау бала кезден әдетіме айналған. Күнделікті жұмыстан қолым босамай, оқуға уақыт таппасам да, кітапты сумкамда арқалап жүргенді ұнатамын. Кітапты сызуға болмайтынын білсем де, маңызды жерлерін, әсер еткен тұсын сызып қойған ұнайды. Сол бойынша конспект жазу әдетіме айналған. Оқып жатқан кітабымның авторы туралы деректі фильм көргенді жақсы көремін.
Поэзияны арасында ғана оқимын. Проза жаныма жақын. Дәл қазір Асқар Сүлейменовтің "Бесатарын" оқып жүрмін. Бәлкім, осыдан кейін Әуезов театрындағы "Адасқаққа" ("Біржанның соңғы әні") пікір жазармын.
Бұрын кітап ұнамаса да аяғына дейін жеткізетінмін. Қазір келген жерімнен бетін жауып қоямын. Кейде керісінше ертеректе ұнамаған кітапты қайта парақтап, жақсы әсер аламын.
Соңғы уақытта кітап оқудың алдында немесе соңында медитация жасауға болады екен деген ой келді...
Тілек Ырысбек, ақын:
Hey man, кітапты Майлз Дэвиспен бірге мақсатсыз оқысаң, өмірің ұзарады. Өз басым бірнеше кітапты қатар оқығанды жақсы көремін, бұл бірінші кітапты оқу барысында екінші кітапқа алмасу арқылы кітап оқуға деген құлшынысыңды қалпына келтіру. Әдетте сана ағымына қозғау салатын философиялық кітаптар миға айтарлықтай салмақ түсіруі мүмкін, дәл сол сәтте бірден өзіме қызық екінші кітапқа алмасамын, сосын үшіншіге, кейіндеп осы процесс барысында бірінші кітапқа қайтып ораламын. Сондықтан, әртүрлі бағыттағы кітаптарды қолай көремін. Алғашқысы Хайдеггер болса, екіншісі Фройд болуы ғажап емес, үшіншісі әлбетте теория. Бұл кітапқа жасалған сатқындық емес, бәрінің бір-біріне байланысы бар екенін түсіну. Кітапты әртүрлі қалыпта оқу керек, бір қалыпта оқу жалықтырып жіберуі оңай. Солай!
Әсел Кәрібай, киносценарист:
Кітап оқуда күнделікті қайталанып отыратын арнайы ритуалым жоқ. Реті келген жердің бәрінде оқи беремін. Кейде жай ғана рюкзагымда жатса да, соған көңілім тоқ болады. Әңгіме секілді қысқа жанрдағы шығармалармен жақсы дос емеспін. Қалың-қалың кітаптардың атмосферасын өзіммен бірге тасып жүру кішкентай кезімнен әдет болып қалған. Иә, маған романның атмосферасы маңызды. Сол кітаппен бірнеше күн, апта, ай өмір сүрген ұнайды. Кейде кітаптың айтар ойы, философиясынан бөлек детальдарының да көркем болғанын жақсы көрем. Өткенде Харуки Муракамидің “Хроники заводной птицы” романындағы персонажы ұсынатын рецептпен томат тұздығында паста әзірлеп көрдім. Ал қазір классикалық музыканың фанаты болмасам да, үйде Бетховен квартетін тыңдауды үйреніп жүрмін. Бұған қазір оқып жатқан Милан Кундераның “Невыносимая лёгкость бытия” романы әсер етуде.
"Қабырғадағы қуыс-шкафта киім-кешегі, столының үстіне, астына сыймаған кітаптары да сонда. Мартиннің кітап оқығанда керекті жерін дәптерге түртіп отыратын әдеті еді. Бұл жазулары тым көбейіп кеткендіктен, бөлменің о шеті мен бұ шетіне жіп тартып, соған дәптерлерін арқанға жайған кір сияқты қаз-қатар қылып іліп қоюына тура келді. Осының салдарынан бөлмеде олай-бұлай жүру деген барынша қиындаған. Есік ашу үшін әуелі қабырғадағы шкафтың қақпағын жабу керек, ал оны ашу үшін есікті жаппай болмайды. Бөлме ішінде тура жүру деген жоқ. Есіктен керуетке жеткенше шырқ айналып жүру керек, Мартин талай нәрсеге соқтығып, орнына әрең жетеді...
Мартин уақытының бір минутін босқа жібермейді. Мысалы, бір жапырақ қағазға кейбір түсініксіз сөздердің мағынасын немесе қалай айтылатынын белгілеп алады да, айнаның жақтауына қыстырып қояды. Қырынғанда не шашын тарағанда сол сөздерді жаттай береді...
Бұл тәсілін Мартин сөз жаттауға ғана қолданып қойған жоқ. Атағы шыққан авторлардың шығармасын оқығанда да әр қайсысының өзіне тән стилін, баяндау, сюжет құру ерекшелігін, оқшау сөздері мен теңеулерін, өткір сөздерін — қысқасы ұстаруына керекті дегеннің әммәсін ескерусіз қалдырмайды. Бәрін көшіріп алып, тексеріп, зерттеп отырады. Бірақ ешқайсысына еліктемейді"...
Джек Лондон "Мартин Иден"
Сөз соңында hopeless reader ретінде өзімнің бірқатар әдеттеріме тоқтала өтейін.
Бала кезден оқуға ынтам жоғары болса да, көркем әдебиетке айрықша ден қоюым жасөспірім шақта Шекспир "Гамлетінен" басталды. Әсіресе, ондағы: "Он не для того Нас одарил божественным умом, чтоб погубили мы его бесплодно" - деген жолдар санамда сақталып қалды. Сол кезден кітаптың соңына түсіп алдым. Оқыған дүниелерімді (жоғарыдағы үзіндіде келтірілгендей) Мартин Иден секілді жазып жүруді әдетке айналдырдым. Мысалы автор кейіпкерді суреттей келе үстіне сепкен әтірін атаса, оның құрамын, қай гүл иісі қай нотасында екенін, жұпарын арттыруға әсер ететін шөптердің қай жерде, қанша мың жылдан бері өсетінін, қай мезгілде жинап, қалай өңдейтінін, оның әлем мәдениетінің қандай туындыларына арқау болғанына дейін оқып білетінмін.
Ол кезде қазіргідей кез келген түсініксіз нәрсені "Ok Google" деп гаджеттен сұрап алатын тренд жоқ еді. Жасөспірім үшін оны мектептегі информатика пәні мұғалімінің келісімімен жарты сағат интернетте отыруға рұқсат алып, қала берді кітапханадан іздеу басқа елдерге, басқа әлемге ауылдан шықпай-ақ саяхаттаумен пара-пар болатын. Жалпы, күзден көктемге дейінгі аралыққа қарағанда, жазғы демалыс кезінде оқушының күйзеліске түсуі өте оңай. Түс кезіндегі мүлгіген тыныштық уақыт тоқтап қалғандай күй кештіріп, өмірге келгеніне бір-ақ мүшел болған адамды "Жас Вертердің қасіреттеріне" батырып қояды. Гамлеттің досына айналған жасөспірімді тіптен. Сондай морт сынғыш кезеңнен әдеби саяхаттар құтқаратын. Классикалық шығармалардың әр жолынан осындай қазына іздегендей қазбалайтын бірнеше дүние шыққанда, бұрынғыдан бетер қызыға бойлайсың. Дәптерді сол тақырыпқа орай безендіргенді жаным сүйетін. Сол әдет студент кезде де қалмады. Одан кейінгісінде көбіне жазғаннан гөрі, бірден жадыма сақтауға тырысатын болдым.
Қазір көбіне сабан сөмкеме бір кітап салып жүремін. Мүмкіндік болған жерде оқимын, "Арман" кинотеатрындағы сеанс алдын қасындағы Burger King-те отырып немесе қойылымнан бір-екі сағат бұрын кептеліссіз әкемтеатрға жетіп алған жағдайда. Парақтап оқи салатын шағын әңгімелер. Мұндайда поэзия топтамаларын да алып жүруге болар еді. Бірақ өлең оқысам, сурет салғым келетін қызық әдетім бар. Әсіресе, шығыс шайырларына бойлағанда. Сол кезде сызған шимайыма үнемі бір-екі жол өлеңін жазады екем. Бір қызығы, осыдан жарты жылдай бұрын талантты режиссер Дэвид Линчтің көрмесі өтті. Сол туралы мақала жазайын деп бірнеше суретін интернет ресурстардан қарасам, оның да сондай әдеті бар екен, сұқбатта: "Жазылған сөздер — суреттерімнің маңызды бөлігі, оларсыз толыққанды туынды болмайды",-депті. Өзіңдікіндей "ақымақ қажеттіліктер" өзгелерде де болатынын білгенде біртүрлі сезімде боласың. Прерафаэлиттердің көрнекті өкілі Россеттидің шығармаларынан да осындайды байқауға болады.
Мұндай әдеттер оқыған кітабыңа қарай қалыптасып, кейін ұмытылып жатады. Мысалы Таласбек Әсемқұловтың "Талтүсін" оқығанда, романда айтылған әр күйді тыңдап шықтым. Олардың тарихы баяндалатын тұста құлапқабымды іздейтін болдым. Оқырмандық өмірімнің студенттік шағында заманауи прозаға ден қойып (классикаға оралу үшін де қазіргі бестселлер кітаптарды шолып шығу керек шығар), "арықтап" кеткен кездер болды. Сол уақытта Хауаның сіңлілері мен Адамның інілерінің арасындағы химияны міндетті түрде музыкалық туындымен әрлеуді ұнататын Вишневский шығармаларын оқығанда да, Windows Media-мен дос болдым.
Кешке жұмыстан шаршап қайтқан кездерде, етті дәмділеп қуырып алып, оны Heinz томатымен араластырып алып, Тарантино мен Родригес сынды "черный юмор корольдерінің" киносценарийлерін оқитын не ирония шебері Довлатовтың "Чемоданын" қопаратын, Латын әдебиеті өкілдерін қозғағанда гуакамоле жегім келетін, француз классиктері келгенде үстелге сіңлім Парижден салып жіберген бордолық қызыл шырын мен Пьэр Эрменің миндаль қосылған шедеврін қоятын т.б. әдеттерім бар.
Ұзақ сапарға шықсам, жолсеріктікке Джек Лондон секілді тоқтамаған жағалауы жоқ теңізшілер не Керуак бастаған кезбелерді аламын.
Қанша парадоксальды болса да, бұрынғы әдетімше кітаптан көрген дүниемді түбіне жеткенше зерттеймін деп интервью, деректі фильм, ғылыми жұмыстар шарлап, бірнеше ай бойы кітап бетін ашпай кететін кездер болады...
Ал Сіз кітапты қалай оқисыз?