- Негізгі бет
- Әдебиет
- Oxford qazaq dictionary...
Oxford qazaq dictionary сөздігі жарыққа шығады
60 мың сөз қамтыған, жалпы көлемі 1300 беттік қазақша-ағылшынша және ағылшынша-қазақша Оксфорд сөздігінің тұңғыш басылымын Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевтың тапсырмасымен «Ұлттық аударма бюросы» дайындады.
Әлемге танымал Oxford University Press баспасы екітілді Оxford qazaq dictionary сөздігін басып шығаруға ресми рұқсатын берген. Сөздікті әзірлеуде дүние жүзіне танымал Оxford english dictionary сөздігін құрастыру әдістемесі мен технологиясы негізге алынған.
Сөздік құрастыру жұмысы төрт жыл үздіксіз жүріп, оған қазақ және ағылшын тілінің лексикасына маманданған 50-ден аса тәжірибелі тілші атсалысқан. Сөздікті жетілдіруге Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандары қатысып, сөздік институт ғылыми кеңесінің сараптамасынан өтті.
Сөздік құрастыру аясында қазақ және ағылшын тілі лексикасындағы өзгерістер, әсіресе қазіргі мәдениет, ақпараттық технологиялар, медицина, экономика, қаржы мен сауда салаларындағы жаңалықтар ескерілді.
Сондай-ақ, сөздікте ағылшын және қазақ тілдерінің грамматикасы мен дыбыстау, емле ережелері түсіндірілетін қысқаша нұсқаулықтар, қазақ тіліндегі іскерлік және электронды хат-хабар жазу үлгілері берілді.
Сонымен бірге, осы сөздік негізінде қазақ тілі Oxford Global Languages платформасына қосылады.
«Бұл бастаманың мақсаты – әлемнің ірі де, іргелі 100 тілінің лексикалық қорын өзара байланыстырып, ортақ ғаламдық тіл корпусын жасақтау. Ол туралы кеңінен қосымша хабарлаймыз. Қазақ тілін әлемдегі ең танымал әрі ең беделді сөздіктер желісімен байланыстырып, ғаламдық лингвистикалық ортаға қосатын бұл сөздік ана тілімізді қолдау және заманға сай дамыту жолындағы үлкен қадам деп білеміз», - деп жазды Рауан Кенжехан facebook парақшасында.
Осы маңызды жобаға қолдау білдірген Президент Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, сөздік кең көлемде басылып, еліміздің оқу орындары мен кітапханаларына таратылады.
Т. Раушанұлы