Елордада өтіп жатқан “Азия қаламгерлерінің І форумында” Малайзияның халық жазушысы, ASEAN әдеби сыйлығының лауреаты Мухаммад Хаджи Саллех Азия әдебиетіндегі бірқатар мәселелерге тоқталып өтіп, “Азия авторлары қауымдастығын” құруды ұсынды.
"Біз Азия авторларының қауымдастығын құруымыз керек. Біріккен азиялық әдебиетті зерттей алатын орын болуы тиіс. Өйткені, егер мен қазақ әдебиетін, жапон немесе қытай тілін оқығым келсе, маған ондай мүмкіндік беретін институтқа келу керек. Қазіргі таңда мұндай ұйым жоқ. Сіз америкалық университеттің біріне баруыңызға болады. Бірақ, іздегеніңізді ол жерден таба алмайсыз. Бізде азиялық әдебиеттің толыққанды институты болуы керек. Сонымен қатар, бізге қазақстандық және малайзиялық жазушылар, жапон және үнді жазушылары тәжірибе алмаса алатындай бағдарлама қажет", - деді малайзиялық қаламгер.
Сонымен бірге Мухаммад Хаджи Саллех жазушының міндеті әлемді ізгілендіру екенін, технология өнерді ығыстырып бара жатқан заманда да жазушылар талмай еңбек етіп жатқанын атап өтті.
"Біздің әлем қазір өте қиын орынға айналды. Қақтығыстар мен соғыстар жиіледі. Дәл осындай жағдайда жазушылардың негізгі рөлі – осынау әлемді жақсарту. Бұл шығармашылық тұрғыда өте күрделі процесс. Біз, жазушылар, ұзақ уақыт бойы жазып жүрміз. Әдебиеттің маңызды екенін әлемге түсіндіруіміз керек. Бірақ әдеби тілді қазір ғылым тілі ығыстырып барады", - деді Мухаммад Хаджи Саллех.
Еске сала кетейік, қыркүйектің 4-6 аралығында Елордада “Азия қаламгерлерінің І форумы” өтетінін хабарлаған болатынбыз. Бүгін басталған аталмыш шарада ҚР Президенті Тоқаев Қазақстан һәм Ази әдебиетіне тоқталып өтіп Азия қаламгерлеріне ортақ “ Азия алыбы” атты халықаралық сыйлық тағайындауды ұсынды.