28 қыркүйек қазақ қаламгерлері Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза мен Оралхан Бөкейдің туған күні. Бұл 3 арыстың артында ұлтымыздың ырысы, халқымыздың құтты қазынасы деуге лайық мол мұрасы, асыл сөздері қалды.
Үш қаламгердің киноға арқау бола алатын шығармалары
"Әр ұлттың ұлы тұлғалары болады. Олар қаншама ғасырлар өтсе де сол ұлттың мөрі секілді санаға соғылып, адамзаттың ортақ құндылығына айналады. Ағылшындар үшін – Шекспир, француздар үшін – Бальзак, орыстар үшін – Пушкин, үнділер үшін – Тагор, өзбектер үшін – Науаи, түркімендер үшін – Мақтымқұлы, әзербайжандар үшін – Низами, қазақтар үшін әрине – Абай. Сол Абайдың ұлылығы мен данагөйлігін ашқан Мұхтар Әуезов те өткен ғасырдағы қазақ әдебиетінің алыбы", - дейді М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижанов.
Жазушы Жүсіпбек Қорғасбек Оралхан Бөкейдің бқл даталы күнге көзі тірісінде кәдімгідей мән беріп жүргенін айтады.
"Әдеби өмірімізде бірін-бірі пір тұтқан, бірін-бірі ұстаз санаған 3 үлкен тұлғаның туған күндерінің бір күнге тура келуі жай ғана сәйкестік пе, әлде мұнда тылсым бір сын жатыр ма, оны бір Алла ғана біледі?! Бірақ көзі тірісінде тәкаппар жазушымыз Оралхан Бөкейдің өзі бұл күнге кәдімгідей мән беріп жүргенін талай естідік", – деді жазушы-публицист Жүсіпбек Қорғасбек.
Бір күнде туған Шерхан Мұртаза мен Оралхан Бөкейдің ағалық-інілік сыйластығы барша қазаққа үлгі бола алады. Қазақтың шоқтығы биік жазушыларының сыйластығы қаншалықты ыстық болғанын Шерхан Мұртаза алпыс жасқа толған кезде Оралхан Бөкейдің жазған мына бір екі абзац хатынан-ақ аңғаруға болады.
"Аға! Мен сізді ешқашан аты-жөніңізбен атаған емеспін. Ең алғаш көргеннен бастап «Аға» деп амандастым және сол 1967 жылдан бері туған ағадай шыншыл көңілмен сыйлап, құрмет тұтып келемін. Бәлкім, осынау алды мен арты айырбастала беретін алдамшы өмірде, сынаптай толқыған әрі айнығыш заманда туған ағайынымен де ат құйрығын кесісердей дүрдараздық болар да, бірақ Сіз бен біздің арамызда ширек ғасырдан бері ағалық-інілік жарастыққа жарықшақ түскен жоқ (тіл-көзден сақтасын). Мен Сізді, Аға, жаһандағы жалғыз ұстазым деп, жар сала айтудан ұялмас едім, әрі осының өзін мақтан тұтар едім. Қарғадай кезімде «Лениншіл жас» газетінде жарияланған үш-төрт очеркімді оқып, ауылда қаперсіз жүрген кезімде республикалық басылымға жұмысқа шақырдыңыз. Университеттің үшінші-ақ курсында сырттай оқып жүргеніме қарамастан, ең бір қиын да жауапкершілігі үлкен бөлімдерді сеніп тапсырдыңыз. Бұдан кейін де әдебиет пен журналистикадағы соқпағы соқтырмалы кезеңдерді бірге өткізіп келе жатырмыз. Мен кейде туған айымыз бен күніміздің (28 қыркүйек) дәл келуін ырымдап, жақсылықтың нышанына балаймын. Міне, сіз алпыс деген асуға шықтыңыз, төменге қараңызшы, Аға, мен көрінем бе екен?" (1992ж.).
Қазақтың әр буын ұрпағының қиялын әуелетіп, көңілін тербетіп, ойын тереңдетіп, өрісін кеңейткен ұлы туындылардың авторлары. Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей – бүгіннің, болашақтың келер мыңжылдықтардың да ой бесігін тербетіп мәңгілік қала бермек.