- Негізгі бет
- Әдебиет
- 2020 жылғы Букер...
2020 жылғы Букер сыйлығының иегері анықталды
Шотланд-америкалық жазушы Дуглас Стюарттың дебюттік романы көркем әдебиет аталымы бойынша 2020 жылғы Букер сыйлығын иеленді. Кітап Shuggie Bain деп аталады, шығармада тұрмысы нашар отбасында өскен гей баланың Глазгодағы қиындыққа толы балалық шағы баяндалған. Роман оқиғасы 80-ші жылдары өрбиді және автордың өмірінде болған шынайы оқиғаға негізделген.
Марапаттау рәсімі Лондонда өтті, Дуглас Стюартқа 50 мың фунт стерлинг табыс етілді.
©dailyrecord.co.uk
Shuggie Bain романын басып шығарудан 30 редактор бас тартқан екен, бірақ кейін оны АҚШ-тағы Grove Atlantic және Ұлыбританиядағы Picador баспалары қабылдап, шығарады.
"Shuggie Bain романында алкогольге тәуелді ана Агнесс Бейн мен оның кіші баласы Шугги Бейннің бір-бірін шексіз жақсы көретіні жазылған. Шугги өз-өзінен анасын құтқару үшін күреседі, сөйтіп жүріп өзінің өзгелерден ерекше екенін байқай бастайды. Роман өте әсерлі жазылған", - дейді премиядағы қазылар алқасының мүшесі, әдеби сыншы Маргарет Басби.
Дуглас Стюарт – киім дизайнері. Он жылдан бері бос уақытында жазу жазып келеді. Оның шығармалары LitHub пен The New Yorker-де жарияланған. Қазір ол Loch Awe романын жазып жатыр.
* Букер премиясы (Booker Prize) – ағылшын әдебиетіндегі ең беделді марапаттардың бірі. 2013 жылға дейін ағылшын тілінде жазылған романы үшін Ұлттар достастығы, Ирландия немесе Зимбабведе тұратын авторға берілді. 2014 жылғы маусымынан бері сыйлық автордың азаматтығына қарамастан ағылшын тілінде жазылған романға беріледі. Жеңімпаз 50 мың фунт стерлинг алады. Сыйлық алғаш рет 1969 жылы табыс етілді.
Massaget.kz