2019 жылдың Букер сыйлығын омандық жазушы әйел иеленді

2019 жылдың Букер сыйлығын омандық жазушы әйел иеленді
Фото: © ANDY RAIN/EPA-EFE

Омандық жазушы әрі мұғалім Джоха Альхартхи (Jokha Alharthi) әдебиет саласы бойынша 2019 жылғы халықаралық Букер сыйлығын иеленді. Бұл туралы ұйымның ресми сайты хабарлады.

Жазушы әйел белгілі әдеби жүлдені "Аспан денесі" (Celestial Bodies) деп аталатын романы бойынша жеңіп алды. Шығармада отарлық саясаттың көрінісі омандық үш апалы-сіңілі қыздардың тәлім-тәрбиесі арқылы баяндалады.

Букер сыйлығы жеңімпазы атанған Джоха Альхартхи 50 мың фунт стерлинг алады. Ережеге сай оны аудармашы Мэрилин Бутпен теңдей бөлісетін болады.

- Бәрінен бұрын Мэрилин Бутқа алғысым шексіз. Шығарманы шеберлік шыңына жеткізіп аударғаны үшін рақметімді айтамын, - деді жазушы.

Джоха Альхартхи - Оман еліндегі алғашқы роман жазушы қаламгер. Бірінші рет ағылшын тіліне аударылды. Сондай-ақ, ол Парсы шығанағы елдері арасында мәртебелі сыйлықты иеленген алғашқы жазушы.

- Оның нәзік те жүрек қылын тербер шығармасы қоғамды еліктіріп әкетері анық. Уақыт және өлім жайлы қиын сұрақтарға жауап тапқысы келеді. Бәрімізге ортақ күрделі мәселелердің шешімін табуға ұмтылады, - деді жазушыны марапаттаған белгілі британдық тарихшы әрі тележүргізуші Беттани Хьюз.

Омандық жазушы әйелдің бұдан өзге тағы екі романы бар. Сондай-ақ қысқа екі әңгімелер жинағы мен балаларға арналған кітаптары жарық көрген.

Биылғы Букер сыйлығына үміткерлер қатарында Германия (Марион Пошман), Польша (Ольга Токарчук), Колумбия (Хуан Габриэль Васкес), Франция (Анни Эрно) және Чили (Алия Трубукко Серан) елдерінің жазушылары болды.

Айта кетейік, халықаралық Букер сыйлығы 2004 жылдан бері табысталып келеді. 2016 жылға дейін 2 жылда бір рет берілді. Одан бергі аралықта жыл сайын табысталып келеді.

Бұл сыйлықты шығармасы ағылшын тіліне аударылған кез келген халықтан шыққан жазушының иеленуге мүмкіндігі бар.

Н. Үсенова