12 мамырда дүниеге келген қазақ қаламгерлері

12 мамырда дүниеге келген қазақ қаламгерлері

Бүгін, 12 мамыр – драматург Шаяхмет Құсайынов, жазушы Әнуар Әлімжанов, жазушы Серік Байхон, ақын Ербол Шаймерденнің туған күні. Осы орайда Массагет порталы аталмыш қаламгерлердің өмір жолынан дерек береді.

***

Шахмет Құсайынов (1906-1972)

Шахмет Құсайынұлы Құсайынов 1906 жылы 12 мамырда Қазіргі Қаратал ауылы, Айыртау ауданы, Солтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақтың белгілі драматургі, көптеген пьесалардың авторы.

Шығармашылық жолын газет тілшісі, очеркші ретінде бастаған Құсайыновтың алғашқы әдеби туындысы 1932 жылы жарияланды. Бұған дейін оның қаламынан туған тұңғыш “Солқылдақ шыбық” атты сатиралық комедиясы 1928 жылы Петропавл қаласындағы педагогикалық техникум оқушылары күшімен сахнаға қойылды. Осыдан кейін Құсайынов өзінің бүкіл шығармаларын драматургия жанрына (“Шабуыл”, 1932; “Орақ”, 1935; “Шолпан”, 1938; “Кеше мен бүгін”, алғашқы нұсқасы “Марабай” деп аталған, 1940) арнады.

2015 жылы Шахмет Құсайынов пен жұбайы Бикен Римоваға Алматыдағы өзі тұрған үйінде ескерткіш тақта орнатылды

1942 жылы жарияланған “Алдар көсе” пьесасында қазақ ауыз әдебиетіндегі аңыздың негізінде, әлеуметтік теңсіздікке қарсы күрескер, халық кейіпкері — Алдар көсенің образын жасады.

Құсайынов өз шығармаларымен ұлттық драматургия жанрының өсіп, даму жолына елеулі үлес қосты.

Драматург 1972 жылы 66 жасында өмірден озды.

1996 жылы Құсайыновтың есімі Көкшетау драма театрына (қазіргі Ақмола облысы қазақ музыкалы драма театры) берілді. “Құрмет белгісі” орденімен марапатталған.

Әнуар Әлімжанов (1930-1993)

Әлімжанов Әнуар 1930 жылы 12 мамырда бұрынғы Талдықорған облысы, Сарқант ауданындағы Қарлығаш ауылында туған. Белгілі журналист, жазушы. 

Шығармаларын орыс тілінде жазады. Оның алғашқы әңгімелері, очерктері, публицистикалық мақалалары 1952 жылы жариялана бастады.

1969-79 жылдары "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының басшысы қызметтерін атқарды.

"Отырар ескерткіші", "Құрманғазының жастық шағы" повестерінде орта ғасырдағы қанаушылықты, деспоттықты, зұлымдықты өткір де уытты сөздермен түйресе, халық бойындағы алып күшті, сарқылмас жігерді, өнерге, жарқын болашаққа ұмтылған өршіл талапты сүйсіне толғайды. "Жалындап тұрған найза" повесінде Африка халқының қанқұйлы отаршыларға қарсы азаттық күресін шебер суреттеді. Империалистердің шектен шыққан озбырлығын әшкереледі, ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі Джомоның қаһармандық бейнесін жасады.

Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының, Халықаралық Дж. Неру атындағы сыйлықтың лауреаты. "Құрмет Белгісі", Халықтар Достығы ордендерімен марапатталған. Қазақстанның Халық жазушысы.

Серік Байхонов (1953 жылы туған)

Серік Байхонов – 1953 жылы 12 мамырда Қызылорда облысы, Шиелі ауданының "Авангард" кеңшарында туған. Қазақтың көрнекті жазушысы.

1976 жылы Қазақ мемлекеттік университетін, 1980 жылы Алматы Жоғары партия мектебін бітірген. Республикалық газеттер редакцияларында, "Қазақфильм" киностудиясында жұмыс істеді.

1990–1998 жж. "Қазақ" республикалық теледидарының Бас редакторы қызметін атқарды. Қазір "Қазмырыш" ашық акционерлік қоғамында еңбек етеді.

Тұңғыш повесі "Жалғасым менің – жалғасым" 1973 жылы "Жалын" журналында жарық көрді. Шығармалары орыс тіліне аударылған. "Жігіттің сұлтаны", "Тайбурыл", "Сиқырлы қазан", "Қазақтың Қажымұқаны" республикалық конкурстық бағдарламаларының авторы. Қазақстан Жазушылар одағының Ахмет Байтұрсынов атындағы сыйлығының лауреаты.

Кәсіби саяхатшы ретінде "Сал үстіндегі маусым", "Аралға – араша", "Арналарға тіл бітсе", "Өсімдіктер желісіне саяхат", "Бетпақдала – шөл емес" экспедицияларын басқарған.

Ербол Шаймерден (1954-2012)

Ербол Шаймерден 1954 жылы 12 мамырда дүниеге келген. Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, рәмізтанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

1976 жылдан бастап өмірінің соңына дейін республикамыздың ірі басылымдарында, мемлекеттік қызметте түрлі жауапты қызметтер атқарған.

Оның ақындығына белшілі жазушы Төлен Әбдік: "Әдебиет – үлкен әлем. Оның ішінде шын әдебиетті жасап жүргендер де, қара көбейтіп жүргендер де бар. Бірақ, соның барлығы өзінің лайықты бағасын ала бермейді. Себебі, өмірдегідей әдебиетте де пысықтар бар. Әдебиетте жақсы мен жаманды айыру үшін күресу керек. Ербол Шаймерден де көзі тірісінде лайық бағасын ала алмаған жан. Парасатты адамдардың бәрі кішіпейіл келеді ғой, Ербол да сондай еді. Оның өлеңдерінде терең сырлылық, ойлылық бар. Қазақтың поэтикалық тілін жақсы меңгерген ақын болатын. Өзі жан-жақты еді. Аудармашығы туралы әңгіме тіптен бөлек», - деп баға берген.

Қаламгер 2012 жылғы 13 желтоқсанда 59 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Т. Раушанұлы