Ағылшын жазушысы, постмодернизмнің көрнекті өкілдерінің бірі Джон Роберт Фаулз (John Robert Fowles) 1926 жылы 31 наурызда Ұлыбританиядағы Эссекс графтығына қарасты Ли-он-Си (Leigh-on-Sea) қалашығында темекі жапырағын өндіруші жанұясында өмірге келген. Жекеменшік Бедфорд (Bedford School) интернат-мектебін бітіргесін, 1945 жылы Корольдік теңіз әскери қызметіне шақырылады. 2 жылдық әскери өмірден кейін Фаулз Оксфорд университетіне тапсырып, француз әдебиетін үйренеді. 1951-63 жылдар аралығында Францияның Пуатье (University of Poitiers) қаласында, Грекияның Спец аралындағы Anargyrios колледжінде, Лондонның жоғары оқу орындарында (St. Godric's College) 12 жыл бойы ағылшын әдебиетінен сабақ береді. Фаулзға әдебиет майданына жол ашып берген алғашқы шығармасы Коллекционер (The Collector 1963) болды. Осы шығармасынан соң ұстаздық өмірмен біржола қош айтысып, жазуға бел шеше кіріседі. Тырнақ алды туындысы оған бірден даңқ әкеліп, арада екі жыл өтпей-ақ Уильям Уайлердің режиссерлігімен кино әлеміне жол алады. 1965 жылы Фаулздың Бақсы (Thе Magus) романы басылып шығады. Бұл роман да 3 жылдан соң Гай Грин режиссерлігімен фильм болып шығады. Француз лейтенантының әйелі (The French Lieutenant's Woman) романы да алдыңғы екі романынан кем емес танымалдылық әкеледі. Бұл романы француздың беделді сыйлығымен марапатталып, сыншылар тарапынан оның шығармашылығының шыңы деген баға алады. Жазушы Француз лейтенантының әйелі романынан соң бірқатар повесть, әңгімелер, Қарағаш басындағы мұнара (The Ebony Tower, 1974), Дэниел Мартин (Daniel Martin, 1977 ), Мантисса (Mantissa, 1982) және Құрт (A Maggot) романдарын жазды. Фаулз әр шығармасында эволюция мәселесін, адамның түп тамырынан қол үзіп, типтік бейнесін жоғалтуы, адамзаттың виртуалды шындық пен ақпараттық технологиялардың постиндустриалды қоғамын қабылдамауы, тарихта кездейсоқтықтың рөлі туралы, саяси көзқарастар туралы біршама өзекті мәселелерді көтере білді. 2005 жылы 5 қарашада Дорсет графтығында сексенге қараған шағында өмірден өтті.