Абай: ашылмаған ақтаңдақтар

Соңғы 60 жылдың ішінде халқымыздың рухани абызы саналатын хакім Абай ата­мыздың еңбектерін әртүрлі баспалар шы­ғарған кітаптарда оның кейбір сөз­дері­нің бұрмаланғандығын және қате басылғандығын айтуды жөн көрдім. Атап айтқанда, сол кітаптарда аса көп қайталанған қателіктердің біріне 1890 жылы жазылған «Кейде есер көңіл құрғырың» деп басталатын өлеңнің үшінші шумағындағы бірінші өлең жолының соңғы сөзі жатады. Бұл шумақ осы жолдар авторының жеке кітапханасында тұрған, 1957 жылы Алматыда Мұхтар Әуе­зовтің редакциялауымен жарық көрген Абай шығармаларының екі томдық толық жинағының 1-томының 121-бетінде:

«Махаббатсыз – дүние дос,

Хайуанға оны қосыңдар.

Қызықтан өзге қалсаң бос,

Қатының, балаң, досың бар», – деп жазылған.

Осы шумақтың 1-жолы « Махаббатсыз – дүние дос», – деп жазылса, ал кейбір жи­нақ­тарда «махаббатсыз – дүние бос» болып өз­гереді. Мұндай өзгерген мәтінді, мысалы, төмендегі кітаптардан оқуға болады:

Абай. Өлеңдер. Алматы. «Жазушы», 1976, 101-бет. Абай Құнанбаев. Қалың елім қазағым. Шығармалары. Алматы, «Жалын», 1995, 93-бет. Абай (Ибраһим Құнанбаев). Өлең – сөздің патшасы. Шығармаларының бір том­дық толық жинағы. Халықаралық Абай клубы. Жидебай. 2008, 130-бет. Абай Құнанбаев. Шығармалар жинағы. 2-басылым. Алматы, «Өлке», 2014, 179-бет.

Бірінші өлең жолындағы «дүние дос» немесе «дүние бос» деген мағыналары бө­лек екі сөз тіркесі оқырмандар арасында бі­ріне-бірі қарсы пікірлер тудыратыны бел­гілі. Оған мынадай бір мысал. Бірде Екібастұз қаласындағы «Отарқа» атты газетке «Ма­хаббат мәдениеті хақында» деген мақала жазып, сонда ұлы Абайдың: «Ма­хаббатсыз – дүние дос, Хайуанға оны қосыңдар», деген екі өлең жолын мысалға алған едім. Содан кейін бір күні аталмыш мақаланы оқыған бейтаныс бір келіншек үйіме телефон соғып: «Ата, сіз газетке шыққан ма­қалаңызда «Махаббатсыз – дүние бос» демей, «Махаббатсыз – дүние дос» деп Абай ата­мыздың сөзін неге өзгертіп жібердіңіз?» демесі бар ма. Мұндай тосын­нан қойылған сұраққа өз білгенімше дұрыс жауап бергендей болдым. Дегенмен, ол келіншектің менің айтқандарымды қабылдамаған сыңайлы екенін сездім.

«…дүние бос» емес, «дүние дос»

Аталмыш өлеңдегі «дос» және «бос» деген екі сөзді Абай атамыздың айтпақ ойы­­­на байланысты қолдануын саралап па­йымдағанда, дұрысы – «махаббатсыз – дүние дос» сияқты. Өйткені, біріншіден, Абайдың ұғы­мында, өзі айтқандай, «адам баласына адам баласының бәрі – дос». Сонымен бірге, Абай: «Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет сезімі. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол жаратқан Тәңірінің ісі», – деп алып, содан кейін Алла тағала «махаббатпен жа­рат­қан адамзатты», – дейді. Сол себепті бізге «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», қатты ескерту жасайды. Солай болғанда, ен­деше, адамзат қоғамын «дүниедос» деуге әбден болады.

Осы тұста, сондай-ақ, айта кетсек, өз ұл­тына жаны ашыған данышпан Абай сонау патшалық Ресей заманында: «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос!» деп махаббатың негізі – достықтың мәнді қа­сиетін бір ауыз сөзбен нанымды түрде бар қазаққа жар салып жеткізеді. Осы айтылған ұғымдағы «дүниедос» махаббатсыз болса, онда адамзат баласы хайуанға қосылады. Осы жерде міндетті түрде айта кететін жай, сөздер қосылып, күрделі сөзге айналады жә­не де «махаббатсыз» деген сөзден кейін сызықша белгісі қойылмай «махаббатсыз дүниедос» болып жазылады. Ал «дүниедос» деген күрделі сөз Жүсіп Баласағұнның 1986 жылы Алматыда «Жазушы» бас­па­сы­­нан шыққан «Құтты білік» атты өлең­мен жазылған трактатының 395-бетінде төмендегідей сипатталады:

«Дүниеқоңыз, пайдакөске жолама,

Шүбәсіз, ол – жауың, жау дос бола ма?

(Дүние қуған, дүние қоңыз оңа ма,

Дүниедос дүние – бос, жолама)».

Екіншіден, мысалға алған өлеңнің үшін­ші шумағындағы бірінші өлең жолын, егер, ақын Абай «махаббатсыз – дүние бос», – деп жазса, онда ол осы шумақтың 3-ші жолында тек қана ұйқас үшін «бос» деген сөзді қай­талап қолданбаған болар еді.

Енді жоғарыдағы сөзімізді түйіндеп айтсақ, ғұлама Абайдың: «Махаббатсыз дүние – дос, Хайуанға оны қосыңдар», деген тұ­­жырымына орайлас былай деуге болады: Махаббат – барша адамның әманда аңсаған ынтығы. Өйткені, махаббат – әр адамның өмір­лік бақыты, шаттығы.

Ендігі бірер сөз данагөй Абайдың «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы тур­алы» атты шығармасын басуда қателер жө­нін­де болмақ. Осы шығарманың екінші аб­за­цын­дағы төртінші сөйлемді екі баспадан шыққан екі кітаптан алып, салыстырып көрелік.

Бірінші кітап. Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы. Екінші том, Алматы, «Жазушы», 2002:

«Біздің қазақтың Амудариядан қорқып қашып келіп, Сырдарияның аяғында қал­мақтан жеңіліп, Ақтабан шұбырынды көретұғын себебі Нәдірден қашамын деп болған» (154-бет).

Екінші кітап. Абай (Ибраһим Құнанбаев). Өлеңдер, поэмалар, аудармалар мен қара сөздер. Алматы, «Жібек жолы», 2005:

«Біздің қазақтың Амудариясынан қор­­қып қашып келіп, Сырдарияның аяғында қал­мақтан жеңіліп, Ақтабан шұбырынды көретұғыны, Амудариядан қашамын» деп болған» (441-бет).

Осы екі сөздәйекте асты сызылған бір-біріне сәйкес келмейтін сөздерге байланыс­ты дүдәмал бір жайт бар сияқты. Ол – жо­ғарыдағы екі сөздәйектегі «Амудариядан», «Амудариясынан» деген гидронимнің астарында 1757 жылы Ресейге қашып кетіп, сонда өлген Жоңғар хандығының қонтайшысы Амурсана есімі емес пе екен деген ой.

Шынын айтқанда, екі сөздәйектің дұ­рысы қайсы екенін, әрине, айта алмайсың. Себебі, оны айту үшін қолымызда осы шы­ғар­маның дұрыс нұсқасы болуы керек. Міне, мәселенің қиындығы осында.

Үйдегі кітапханамда бар 1957 жылы шыққан Абай шығармаларының екі томдық толық жинағының екінші томындағы «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы тура­лы» еңбектің толық мәтінінің жоғарыда көр­­сетілген екі кітаптағы және 2002 жылы «Жазушы» баспасында жарық көрген Абай шығармаларының екі томдық толық жи­нағының екінші томындағы мәтіндермен ба­сынан аяғына дейін салыстыра тексергенде олардағы сәйкессіздіктің көптігі «сізге өті­рік, маған шын» дегендей екенін айтуға болады.

Халықаралық Абай клубы 2008 жылы шығарған «Абай (Ибраһим Құнанбаев). Өлең – сөздің патшасы. Шығармаларының бір томдық жинағы» деген кітапта «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» шығарма алдыңғы екі абзацсыз үшінші абзацтан басталған. Мұндай шалағайлықты, енді, не деуге болады?

Кейінгі уақытта қазақ ақындарының пайғамбары санатындағы Абай шығар­маларындағы кейбір сөздердің бұрмалануы, бәлкім, кітап шығаратын мемлекеттік емес бас­палардың көбейіп кетуімен бірге кітап редак­торларының жауапсыздығынан да шығар.

Ғұлама Абайдың кітабында орын алған сәйкессіздіктерге ұқсас қателіктер басқа ақын, жыраулардың шығармаларында да кездеседі. Оған бір ғана мысал айтайын: Бұқар жыраудың жұрағаты ретінде әр жылдары шыққан кітаптардағы оның толғауларының дұрыс-бұрыстығын тексер­генімде ондағы қателіктердің де шаш-етек­тен екеніне көзім жетті.

Осыған орай бізде бір ұсыныс бар. Ол – әлемдік ойдың жарқын жұлдыздарының бірі Абайдың әдеби мұрасы қазақ халқының мәңгілік асыл қазынасы болғандықтан оның барлық шығармаларын академиялық тексеруден өткізіп, содан кейін олардың электронды мәтін нұсқасы Қазақ елінің Ұлттық кітапханасында сақталса дейміз. Сосын Абайдың шығармаларын шығармақшы болған баспалар Ұлттық кітапханадан рұқсат алып, ондағы электронды нұсқадан өздеріне қажет шығармалардың көшірмелерін алады. Осы тәртіппен шыққан кітаптар арқылы Абай атамыздың асыл сөздері ұр­пақтан-ұрпаққа еш бұрмаланбай жетер еді.

Серік ЖАҚСЫБАЕВ,
Екібастұз қаласының құрметті азаматы, экономика ғылымдарының кандидаты

Дереккөз: Егемен Қазақстан