"Бәрін дәл тапқан". Әлем чемпионатында қандай сәуегей жануарлар болды?

Футболдан әлем чемпионатымен сәуегейлердің де болжамы басталады. Бүгінде жануарларды сәуегей қылып, футбол матчтеріне болжам жасату сәнге айналған. Massaget.kz тілшісі футболда болған сәуегей жануарлар туралы баяндайды.

Сегізаяқ Пауль

Қазір сәуегей жануар көп. Әр елде, әр қалада бірнеше жануарға болжам жасалады. Ал бұл сән 2008 жылы басталған. Сол кезде германиялық сәуегей, сегізаяқ Пауль Еуро-2008 кезінде бүкіл әлемге танылған болатын. Аквариумға екі елдің туы бейнеленген ыдыс салынады. Сегізаяқ қай елдің ыдысынан тамақ жесе, сол жеңеді деп саналған.

Ол өзінің Германия құрамасының ойындарына болжам жасады. Сол турнирде алты матчтің төртеуін дәл тапқан.


Сегізаяқ Пауль. Фото: Reuters

Ал 2010 жылғы әлем чемпионаты кезінде Паульдің жұлдызы жанды. Сол "мундиальдағы" сегіз матчтің бәрін дәл тапқан. Германия сол әлем чемпионатында Сербиядан, кейін жартылай финалда Испаниядан жеңілетінін дәл болжаған. Финалда Испания Нидерландыны жеңетінін де дәл анықтаған.

Пауль сәуегейлік карьерасында екі рет қана қателескен. 12 ойынның нәтижесін тауыпты.

Сегізаяқ 2010 жылы қазанда Оберхаузендегі океанариумде қайтыс болды. Сол кезде океанариумде ту түсіріліп, көңіл айту кітабы шығарылған. Қазір дәл сол океанариум алдында Паульдің ескерткіші салынған.

Піл Нелли

Германияда сегізаяқ Паульдің орнына Нелли атты піл сәуегей бола бастады. Ол карьерасын 2011 жылы әйелдер арасындағы әлем чемпионатында бастаған. Неллидің алдына екі қақпа қойылады. Қақпа үстінде екі елдің туы бейнеленеді. Пілдің мақсаты - гол соғу. Доп қай команданың қақпасына кірсе, сол жеңіледі деп болжанған. 


Піл Нелли. Фото: видео кадры

Сол чемпионатта Нелли неміс футболшыларының барлық жеңісін дәл тауып келе жатқан. Бірақ ширек финалда ол жеңісті Германияға емес, жапондарға берді. Болжам жасау сәті драмаға толды болды: піл бес мүмкіндігінде жапон қақпасына гол соғуға өте жақын болған, алайда алтыншы соққысынан кейін доп Германия қақпасына кіріп кетті. Ойын да солай өтті - немістер бірнеше рет гол соғуға өте жақын болған, алайда Жапония 1:0 есебімен жеңіске жетті.

Одан бөлек Чемпиондар лигасының финалындағы "Бавария" мен "Боруссия" матчінде мюнхендік команда жеңіске жететінін Нелли дәл болжаған.

Мысық Ахилл

2018 жылғы әлем чемпионаты уақытында бүкіл әлемге Ахилл атты саңырау мысық жұлдыз болды. Ол петерборлық Эрмитажды күзететін мысық. Саңырау болған соң айналасын қоршаған адамдардың сөзі, камера даусы оған бөгет болмайды. Музейдегі қызметкерлер де Ахилл әдетте анализ жасауға машықтанғанын айтқан.


Мысық Ахилл. Фото: РИА Новости

Ахилл өз болжамдарын Эрмитажда жасайды. Тамақ салынған екі ыдыстың жанында матч өткізетін құрамалардың туы тұрады. Мысық қай ыдыстан тамақ жесе, сол жеңеді деген сөз.

Мысықтың әлем чемпионаты уақытында бірқатар болжамы дәл келген. Ол Ресей Сауд Арабиясын, Иран Марокконы, артынша Ресей Мысыр құрамасын жеңетінін дәл тапқан. Кейін Бразилия Коста-Рикадан басым түсетінін дәл анықтаған. Бірақ сол әлем чемпионаты барысында мысық үш рет қателескен еді. 

Былтыр өткен Еуропа чемпионатында да Ахилл жақсы нәтиже көрсетті. Мысықтың сегіз болжамының жетеуі дәл келгені хабарланды.

Сегізаяқ Рабио

Жапониялық "сәуегей" сегізаяқ Рабионың тағдыры қаталдау болды. Ол Жапония құрамасының топтық кезеңіндегі үш матчке болжам жасаған.

Эксперимент кезінде балаларға арналған кішкентай бассейн үшке бөлінді - бірінші Жапония туы, екіншісінде қарсылас туы, үшіншісінде "тең есеп" деп жазылған. Әр бөлікте қоржын болды. Рабио үш бөліктің біріндегі қоржынды ұстауы шарт.


Сегізаяқ Рабио. Фото: Reuters

Рабионың болжамынан кейін жапон жұрты ұлттық құраманың нәтижесін бақылады. Жапония құрамасы Колумбияны жеңіп, Сенегалмен тең түсті, кейін Польшадан жеңіліп қалды. Рабио дәл осындай болжам жасаған.

Жапондар жаңа сәуегей сегізаяқ шықты деп қуанып үлгерген жоқ. Оны теңізден ұстап алған балықшы Кимио Абэ базарға барып, Польшаға қарсы матч алдында Рабионы кесіп, етін сатып жіберген. Балықшы сегізаяқтың етінен көбірек ақша табамын деп ойлаған.

Футбол матчтерінде сәуегейлігімен көзге түскен ең атақты жануарлар осылар. Негізі 2008 жылдан бері әр үлкен жарыста әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген жануар болжам жасап көрген. Бірақ көбі жиі қателесіп жататын.

Биыл Катарда өтетін әлем чемпионатында кім "сәуегей" болатыны белгісіз. "Мундиаль" 20 қарашада басталып, 18 желтоқсанға дейін жалғасады. Бұған дейін Катардағы әлем чемпионаты туралы жанкүйер білуі керек ақпараттарды жазған едік.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!