«ВКонтакте» әлеуметтік желісі Жалпы ресейлік мемлекеттік телевизия және радио хабарлары компаниясынан (ВГТРК) Бразилияда өтетін Әлем чемпионатын тікелей эфирде таратуды сұрады.
Әлеуметтік желі бүгінде Sportbox.ru порталымен келіссөздер жүргізуде. Егер келіссөздер сәтті аяқталса, Sportbox.ru порталы Әлем чемпионатының барлық жаңалығын «ВКонтакте» әлеуметтік желісіне орналастырып отыратын болады. Яғни, әлем чемпионатының барлық ойынын тікелей эфирде тарататын арнайы топ құрылады.
«ВКонтакте» әлеуметтік желісінің атқарушы директоры Дмитрий Сергеевтың айтуынша, медиахолдинг стратегиялық серіктестікке қол жеткізуді көздейді. Ал Жалпы ресейлік мемлекеттік телевизия және радио хабарлары компаниясы директорының орынбасары Дмитрий Медников: «Келіссөз әлем чемпионатына дейін толық дайын болмай қалуы мүмкін, ең алдымен заңды түрде реттеп алу қажет», - дейді.
Бұл келісім бойынша Жалпы ресейлік мемлекеттік телевизия және радио хабарлары компаниясы өз аудиториясын кеңейте түссе, әлеуметтік желі сапалы контент жасауды мақсат тұтады. Бұл арада Sportbox.ru порталы әлем чемпионатын тікелей эфирде таратушы қызмет атқарады.
«ВКонтакте» әлеуметтік желісі бұған дейін Сочиде өткен қысқы Олимпиада ойындарында белсенділік танытқан болатын. Олар Халықаралық Олимпиада комитетінің ресми парақшасын ашып, жаңалықтар таратқан еді. Нәтижесінде бұл парақша 2,7 миллион жазылушысы бар танымал бірлестікке айналды.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: vesti.kz