Сальвадордағы «Арена Фонте-Нова» стадионында Швейцария құрамасы Франциядан 2:5 есебімен ойсырай жеңілді. Енді Е тобында француздар жеке-дара көш бастады...
Ойынның 17-минутында Оливье Жиру бұрыштамадан асырылған допқа бірінші жетіп, кездесудегі есепті ашқан болатын. Арада бір минут өтер-өтпестен жатып француздардың ойыншысы Блез Матюиди Кәрім Бенземаның пасынан кейін есепті еселей түсіруге мүмкіндік алған-ды.
31-минутта кездесудегі бас қазы Бьорн Куйперс 11 метрлік айып добын бекіткен еді. Бірақ, Бенземаның соққысын қақпашы кері қайтара алған-ды. Көп ұзамай айып алаңының сыртынан француз ойыншысы Вальбуэна тамаша соққы жасап, есепті 3:0-ге жеткізді.
Ойынның екінші жарты бөлігі де француздардың өткір қарымта шабуылымен басталған болатын. Нәтижесінде швейцариялықтардың қақпасына тағы екі гол соғылды. Алдымен Бензема көзге түссе, кейіндеу Сиссоко шеберлігін көрсетті.
Швейцариялықтар кездесу аяқталғанша есепті қысқарта алды. Бұл жолы француз ойыншыларының осалдығы көмекке келді. Ойынның бітуіне он минут қалғанда Джемаили еншісіне бір гол жазса, жеті минут өткенде Джака екінші голды соқты.
ӘЧ-2014, Е тобы
Швейцария - Франция - 2:5
Жиру, 17, Матюиди, 18, Вальбуэна, 40, Бензема, 67, Сисоко, 73, Джемаили, 81, Джака, 87,
Швейцария: Бенальо, Джуру, Родригес, фон Берген, Лихтштайнер, Джака, Инлер, Шакири, Бехрами, Мехмеди, Сеферович.
Франция: Льорис, Дебюши, М. Сако, Варан, Эвра, Сиссоко, Матюиди, Кабай, Вальбуэна, Бензема, Жиру.
Дайындаған: Әкежан Дәкен
Сурет: eurosport.ru