Массагет бәйгесі. Ұпай алуға асығыңыз!

Бүгін футболдан Әлем чемпионатының ширек финалдық кезеңіне берілер жолдаманы сарапқа салатын құрамалар кездесулері жалғасын табады. Сонымен қатар, Massaget.kz порталы жариялаған болжамдар бәйгесі жалғасады.

"В" тобында ұпайдан шашау шығармаған Нидерланды құрамасы бүгін "А" тобынан екінші орынмен шыққан мексикалықтармен кездеседі. Луи ван Гал шәкірттері осыған дейінгі үш кездесуінде де тамаша өнер көрсетті. Сондықтан да кездесуде аздап фаворит саналуда. Бірақ, Мигел Эррера жаттықтыратын Мексика құрамасын да осал деп қарауға болмайды. Кездесу Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады.

"Өлім тобынан" сенсация жасап шыққан Коста-Рика "жолы болғыш" гректермен кездеседі. 

Форталезеде осы мундиальдің ең үздік қорғанысы мен ең үздік шабуылы кездеседі.

Мексика құрамасының бас бапкері Мигель Эррера топтық кездесулердің барлығында бір құрамды шығарып келген болатын, бүгінгі кездесуде бір ауыс-түйіс орын алғалы отыр. Екі сары қағазға байланысты Хосе Хуан Васкес алаңға шыға алмайды. Оның орнын Карлос Сальсидо басса, Хавьер Эрнандес тағы да мачты қосалқы құрамнан бастамақ. 

Нидерландықтардың негізгі сапына Бруно Мартинс Инди қайта оралмақ. Чили құрамасына қарсы ойында шыға алмаған ойыншы өз бөлігіне жайғасса, Дэйли Блинд бұрынғыдай сол жақ бұрышқа аттанады. Оңтүстік америкалықтарға қарсы өнер көрсеткен  Джермейн Ленсті  Робин ван Перси ауыстырса, ал Дирк Кюйт қосалқы құрамға қайта аттанады. 

Нидерланды: Силлессен, Мартинс Инди, Янмат, де Врей, Влар, Блинд, Снейдер, Роббен, де Йонг, Де Гузман, ван Перси. 

Мексика: Очоа, Гуардадо, Родригес, Морено, Лаюн, Маркес, Агилар, Васкес, Эррера, Перальта, дос Сантос.


Әлем Чемпионаты басталмай тұрып, ешкім бұл командалардың ширек финалдық жолдамаға таласатынын білген жоқ...

Ағылшындармен тең есеппен ойнап қалғаны болмаса, Коста-Рика бұл чемпионатта күтпеген жерден мығым әрі жылдам ұжым екенін танытты. Уругвай мен Италияны тізе бүктіруі - лайықты жеңіс болып жазылды. Ал сол тұста гректер осал топтан сүрініп жүріп әзер шыға алды. Соңғы минуттарда ғана Самарас бастаған жігіттер топтан шыға алып еді.

Гректердің ерте кезден мақтанышы қорғаныс саналғанмен, колумбиялықтарға қарсы кездесуде сөгіліп кеткені көрінді. Және гректер ешуақытта шабуылда жарқылдаған емес. 

Сол себепті де, бүгінгі кездесуде гректердің қорғанысы мен коста-рикалықтардың толассыз шабуылын көретін боламыз. Өз кезегінде, қос құраманың таңдап алған ойын өрнегінің тиімділігімен ойын аяқталатын болады. 

Коста-Рика: Навас, Дуарте, Умана, Гонсалес, Диас, Гамбоа, Техеда, Боланьос, Борхес, Кэмпбелл, Руис. 

Грекия: Карнезис, Маниатис, Манолас, Торосидис, Папастатопулос, Олебас, Фетфацидис, Кацуранис, Самарас, Коне, Митроглу.

Еске салайық, осыған дейін Әлем Чемпионатына орай Massaget.kz порталы болжамдар бәйгесін жариялаған болатын. Бір айға жоспарланып отырған бәйгенің ережесін осыған дейін жариялағанбыз. Енді өз болжамдарыңызды сайтқа тіркеліп (тіркелмеген болсаңыздар) жазуға мүмкіндіктеріңіз бар. Тағы бір ескеретіні, түсініксіз аттармен, осыған дейінгі есімдеріңізді өзгертіп болжамдарыңызды жариялауға тыйым салынады. Тек бүгінгі ақпаратта берілген екі ойынға ғана төмендегі "пікір жазу" деген аймаққа болжамдарыңызды жазыңыздар. Өзге әлеуметтік желілер мен өзге ақпарат соңындағы болжамдар қабылданбайтынын ескертеміз. Ал осыған дейінгі жасалған болжамдар бойынша көш бастап тұрған қатысушылармен мына сілтемеде таныса аласыздар. Сіздерге сәттілік тілейміз!

Ескерту: Болжам жасау уақыты Астана уақытымен кешкі сағат 22:00-де тоқтатылады. Сонымен қатар, ескерте кететін бір жәйт, ертеңнен бастап, толық 16 ұпайды иеленбегендер рейтингке енбейді. Базада аты-жөндері сақталып тұрады. Жарыс соңына дейін қатысушылар өтінішімен ешқандай өзгерістер енгізілмейтін болды. Осы қатысып отырған есімдеріңізді өзге қаріпке ауыстырып, өзгертуге болмайды. Ол кезде жаңа қатысушы ретінде тіркеліп кетесіздер. Және басынан ұпай жазылады. Екі ойынды бір қатарда жазуларыңызды өтінеміз! Алдағы финалдық кезеңдегі ойындар негізгі уақыт нәтижесімен есепке алынады!Қатысыңыздар! Жеңімпаз атаныңыздар!

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: isport.com; vseprosport.ru; prognozist.ru