Массагет бәйгесі. Көш бастауға мүмкіндік бар!

Бүгін футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңінің алғашқы кездесулері аяқталып, екінші ойындар басталады. Сонымен қатар, Massaget.kz порталы жариялаған болжамдар бәйгесі жалғасады.

«Н» тобында Бельгия құрамасы алжирліктермен 3 ұпайды сарапқа салса, Фавио Капелло жаттықтыратын Ресей құрамасы Оңтүстік Корея футболшыларымен кездеседі. Ал топтық кезеңнің екінші ойындарының шымылдығын Бразилия мен Мексика құрамаларының кездесуі түреді.


Бұл әлем чемпионатындағы азулы құрамалар қатарына дендеп кірмесе де, Бельгия құрамасының шоқтығы биік. Өз тобының фавориті саналуда. Футболшылары да Еуропа алаңдарының шаңын қаптырып жүргендер. Осыған дейінгі жолдастық кездесулерінде де негізгі құрамын шығармай-ақ, жеңіске жетті. Марк Вильмотс шәкірттерін нағыз бабында десек болады.

Соңғы рет бұл екі құрама 2003 жылы кездескен. Сол ойында 3:1 есебімен бельгиялықтар жеңіске жеткен. Іріктеу кезеңі екеуіне де аса қиын бола қойған жоқ.

Бүгінгі «Минеайрао» стадионындағы ойында еуропалық ұжымның мысы басым болады деп қарайтындар көп. Бірақ, бұл әлем чемпионаты. Алжир де аңдып басып жүріп, өз дегенін іске асыра алатын құрама. Жолы болып жатса, жеңістен дәмелі. Фаворит пен аутсайдер саналған құрамалар тартысы Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады.

- Бельгия құрамасы әлем чемпионатындағы соңғы 9 ойынының біреуінде ғана жеңіске жеткен.

- Бельгия құрамасы соңғы қатысқан екі «мундиальда» (1998, 2002) жеңілмеген. Бір жеңіс, бес тең кездесу.

- Алжир құрамасы әлем чемпионатындағы соңғы 5 кездесуінде гол соқпаған.

- Алжир құрамасының 17 футболшысы Франция жерінде туып-өскен.

Кездесу алдындағы шығуы мүмкін құрам:

Бельгия: Куртуа — Альдервейрельд, ван Бюйтен, Компани, Вертонген — Дефур, Витсель, Дембеле — Азар, Мертенс — Лукаку

Алжир: Мболи — Мостефа, Бугерра, Кадамуро, Гулам — Меджани, Бенталеб, Таидер — Фегули, Слимани, Судани

Ресей құрамасы мен Оңтүстік Корея арасындағы соңғы әрі жалғыз матч өткен жылдың қараша айында өтіпті. Сол ойында ресейліктер бір гол артықшылығымен жеңіске жеткен екен.

Ресей құрамасы бірінші минуттардан қорғанысқа мән беретін боп отыр. Бұған команда капитаны Роман Широковтың Бразилияға келе алмай қалуы себеп болуы да мүмкін. Не десек те, Корея Н тобының аутсайдері саналғанмен, қарсыласқа көп қолайсыздық келтіруі мүмкін құрама. Құрамына көз жүгіртіп қарасаңыз, Англия мен Германия біріншілігінің тоғыз өкілі өнер көрсетеді. Солардың ішінде "Байердің" ойыншысы Сон Хын Миннің есімі ерекше аталады. 21 жасында ливеркузендік клубтың көшбасшысына айналып отырған талантты футболшы өткен маусымда 10 голдың авторы атаныпты. Ресейлік қорғаушыларға бірінші кезекте аталған ойыншының жүріс-тұрысына мән беру керек шығар.

Бүгінгі кездесу екі жақтың алма-кезек шабуылымен өтеді деп айту қиындау. Әсіресе, Копеллоның қол астындағы тәлімгерлер қажетті ұпайға қол жеткізгенмен, әр жолы жарқын ойын үлгісін көрсете берген емес. Ал кәрістерге келер болсақ, АПЛ мен бундеслиганың орындаушылары шабуылға бүкіл команда болып шығып, қорғаныста да бірі қалмай жүретіні анық. 

Көпшілік мамандар бұл кездесудің тағдырын жалғыз гол шешеді деп күтуде.

Әлем Чемпионаты -2014 

 «H» тобы

Ресей — Оңтүстік Корея
18.06.2014. Куяба. «Арена-Пантанал» стадионы.
Бас қазы: Нестор Питана (Аргентина).

Сан айғақ

Корея құрамасы соңғы өткен үш Әлем Чемпионатында алғашқы ойында жеңіске жетіп отырған. 2002 жылы кәрістер Польшаны ұтқан (2:0), 2006 жылы – Того (2:1), 2010 жылы – Грекияны (2:0).

– Фабио Капелло өз мансаптық ғұмырында үшінші мундиальға қатысып отыр екен. 1974 жылы ол Италия құрамасының ойыншысы есепті қатысса, Оңтүстік Африкада өткен Әлем Чемпионатында Англия құрамасын жаттықтыра барған. 

Бүгін кеште "А" тобында Бразилия мен Мексика құрамалары өзара мықтыны анықтайтын болады. Бүгінгі кездесудің қызығы сол, Мексика құрамасы Бразилияғы қолайсыз қарсылас саналады.

Бразилиялықтар сапында Халктың ойынға шығу-шықпауы белгісіз. Неймар бастаған жігіттер сақадай-сай отыр. Мексикалықтар сапында анау айтарлы ауыс-түйіс бола қоймас. 

Бразилиялықтардың бірінші кездесуі көп дау тудырып еді. Бас қазының күмәнді пенальтиі хорваттарды осы күні де шамдандырады. Ал мексикалықтар да төрешінің "жарылқауынан" кенде қалған емес. Дос Сантостың екі бірдей добын санамай тастау, бірінші кезекте футбол жанкүйерлерінің ашуын тудырып жүр.

Қос құрама да бірінші минуттардан қорғаныста сауатты ойнауға тырысатындары анық. "Аузы күйген үріп ішеді демекші", бразилиялық қорғаушылар еппен қимылдауға ұмтылады. Ал мексикалықтар Неймарды ауыздықтауға ерекше ықылас танытатындары белгілі.

Аталған кездесуде көпшілік бразилиялықтар жеңеді деп күтуде. Ал қалған көпшілік түрік төрешісі Джюнет Чакырдың асықпай шешім қабылдауын күтумен...

Шығуы мүмкін құрам:

Бразилия: Жулио Сезар – Дани Алвес, Давид Луис, Тьяго Силва, Марсело – Паулиньо, Луис Густаво – Оскар, Неймар, Бернард – Фред.

Мексика: Очоа – Родригес, Маркес, Морено, Агилар – Эррера, Васкес, Гуардадо, Лаюн – Дос Сантос, Перальта.

Бас қазы - Джюнет Чакыр, түрік


Еске салайық, осыған дейін әлем чемпионатына орай Massaget.kz порталы болжамдар бәйгесін жариялаған болатын. Бір айға жоспарланып отырған бәйгенің ережесін осыған дейін жариялағанбыз. Енді өз болжамдарыңызды сайтқа тіркеліп (тіркелмеген болсаңыздар) жазуға мүмкіндіктеріңіз бар. Ал жарысқа тіркеліп, қатысу ертең аяқталады. Тағы бір ескеретіні, түсініксіз аттармен, осыған дейінгі есімдеріңізді өзгертіп болжамдарыңызды жариялауға тыйым салынады. Тек бүгінгі ақпаратта берілген үш ойынға ғана төмендегі "пікір жазу" деген аймаққа болжамдарыңызды жазыңыздар. Өзге әлеуметтік желілер мен өзге ақпарат соңындағы болжамдар қабылданбайтынын ескертеміз. Ал осыған дейінгі жасалған болжамдар бойынша көш бастап тұрған қатысушылармен  мына сілтемеде таныса аласыздар. Сіздерге сәттілік тілейміз!

Ескерту: Бүгінгі болжам жасау уақыты Астана уақытымен кешкі сағат 22:00-де тоқтатылады. Сонымен қатар, ескерте кетейін, ертеңнен бастап, 6 ұпайдан аспағандар рейтингке енбейді.  Базада аты-жөндері сақталып тұрады. Бұл жолы 5 ұпайы барлар енген жоқ. Тағы айта кететіні, қатысушылар өтінішімен жарысқа қатысушылар шектелмейтін болды. Және жаңа ережелер туралы ақпарат кейінге шегерілді. Осы қатысып отырған есімдеріңізді өзге қаріпке ауыстырып, өзгертуге болмайды. Ол кезде жаңа қатысушы ретінде тіркеліп кетесіздер. Және басынан ұпай жазылады. Үш ойынды бір қатарда жазуларыңызды өтінеміз! Қатысыңыздар! Жеңімпаз атаныңыздар!

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: goal.netua; vseprosport.ru; bookmakersrating.ru