Бүгін футболдан Бразилия жерінде өтіп жатқан Әлем Чемпионатының 1/8 финалындағы соңғы кездесулер өтеді. Сонымен қатар, Massaget.kz порталы жариялаған болжамдар бәйгесі жалғасады.
Аргентина vs Швейцария
Швейцария құрамасының бас бапкері Оттмар Хитцфельд Мессиді тізгіндеп ұстауда бас қатырары анық. Бүгін кездесуде швейцариялықтарға жоғалтатын еш нәрсе жоқ...
Аргентина өз тобында үш кездесуде де жеңіске жетіп, бірінші орынмен келесі кезеңге шыққан болатын. Ал, өз кезегінде, швейцариялықтар топтан екінші болып шыға алған-ды.
Соңғы өткен жеті Әлем Чемпионатында Аргентина бір жолы ғана топтан шыға алмай қалған (2002 жыл), бір жолы ғана 1/8 финалдан аса алмапты (1994 жыл). Болмаған күннің өзінде ширек финалға жетіп отырған - соңғы екі әлем чемпионатын назарға алсақ.
Аргентина Швейцарияға қарсы өткізген алты кездесудің бірде-бірінде жеңіліп көрмеген екен (4 жеңіс, 2 тең есеп). Алехандро Сабелья бүгінгі кездесуде негізгі құрамға тағы бір жартылай қорғаушыны қоспақ. Серхио Агуэро жарақатына байланысты алаңға шыға алмайтын болды. "Ман Ситидің" шабуылшысы бұл мундильмен қош айтысуы да мүмкін.
Оттмар Хитцфельд қол астындағы тәлімгерлеріне ширақ қимылдауларына нұсқау беретіні жеткізді. Бірінші кезекте, өз айып алаңдарында сауатты қозғалса, швейцариялықтар қарсыластың қателігін пайдалана алатын команда.
Швейцария құрамасында талантты ойыншылар жеткілікті, сол қатарда Шакириді айтпай тұра алмаспыз. "Баварияның" жартылай қорғаушысы аргентиналық бір топ шоқ жұлдызға қарсы тұратын болады.
Көпшілік мамандар Аргентина құрамасының жеңіске жетерін айтуда.
Бельгия vs АҚШ
Бельгия мен АҚШ құрамалары арасындағы кездесудің тағдыры ойын аяғындағы пенальтиде шешілуі мүмкін...
Бельгия өз тобындағы барлық ойында жеңіске жеткенмен, жұрт мақтарлықтай жақсы ойын өрнегін қыла алған жоқ. Ал АҚШ құрамасы немістер мен португалдықтарға қарсы кескілескен кездесу өткізіп, Ганаға қарсы кездесуде ғана жеңіске жеткен болатын.
Америкалықтар немістерге қарсы ойында алаңның кез келген бөлігінде ұрыс ашуға дайын ұжым екендіктерін танытқан-ды.
Бельгия құрамасы ерте кезден чемпиондыққа үміткер саналып келген еді. Бірақ, тұрақсыз ойын өрнегі америкалықтарға қол болуы әбден мүмкін. Дей тұра көпшілік мамандар негізгі уақытта бельгиялықтардың аз есеппен болса да жеңіске жететінін айтуда. Бірақ, америкалықтар гол соғады деуге көпшілік сенуде.
Еске салайық, осыған дейін Әлем Чемпионатына орай Massaget.kz порталы болжамдар бәйгесін жариялаған болатын. Бір айға жоспарланып отырған бәйгенің ережесін осыған дейін жариялағанбыз. Енді өз болжамдарыңызды сайтқа тіркеліп (тіркелмеген болсаңыздар) жазуға мүмкіндіктеріңіз бар. Тағы бір ескеретіні, түсініксіз аттармен, осыған дейінгі есімдеріңізді өзгертіп болжамдарыңызды жариялауға тыйым салынады. Тек бүгінгі ақпаратта берілген екі ойынға ғана төмендегі "пікір жазу" деген аймаққа болжамдарыңызды жазыңыздар. Өзге әлеуметтік желілер мен өзге ақпарат соңындағы болжамдар қабылданбайтынын ескертеміз. Ал осыған дейінгі жасалған болжамдар бойынша көш бастап тұрған қатысушылармен мына сілтемеде таныса аласыздар. Сіздерге сәттілік тілейміз!
Ескерту: Болжам жасау уақыты Астана уақытымен кешкі сағат 22:00-де тоқтатылады. Сонымен қатар, ескерте кететін бір жәйт, ертеңнен бастап, толық 16 ұпайды иеленбегендер рейтингке енбейді. Базада аты-жөндері сақталып тұрады. Жарыс соңына дейін қатысушылар өтінішімен ешқандай өзгерістер енгізілмейтін болды. Осы қатысып отырған есімдеріңізді өзге қаріпке ауыстырып, өзгертуге болмайды. Ол кезде жаңа қатысушы ретінде тіркеліп кетесіздер. Және басынан ұпай жазылады. Екі ойынды бір қатарда жазуларыңызды өтінеміз! Алдағы финалдық кезеңдегі ойындар негізгі уақыт нәтижесімен есепке алынады! Қатысыңыздар! Жеңімпаз атаныңыздар!
Дайындаған: Әкежан Дәкен
Сурет: fifa.com