Конфедерация Кубогы. Ромарио: «2014 жылғы ӘЧ тек ФИФА-ға ғана тиімді»

Бразилияның аты аңызға айналған футболшысы Ромарио соңғы кезде елдің көптеген қалаларында ФИФА мен ел басшыларының саясатына қарсы өтіп жатқан наразылық акцияларын қолдап, мәлімдеме жасады.  

Айта кетейік, қазіргі кезде Конфедерация Кубогын өткізіп жатқан Бразилия мемлекетінің басы үлкен дауға қалып отыр. Қала көшелеріне шыққан мыңдаған адам турнирді өткізбей тастауға әрекеттер жасап, полициямен қақтығысып жатыр. Қызу қанды жастардан құралған топ полицияға тас лақтырып, футбол өтіп жатқан стадионға кіруге талпынса, өз кезегінде құқық қорғаушылар оларға көзден жас ағызатын газ қолданып, ашулы топты әзер тоқтатып отыр. Халықтың ел билігіне қойып отырған басты талабы - елдегі ФИФА турнирлеріне бөлінетін шығындарды азайтып, оның орнына бұл қаржыларды денсаулық сақтау мен білім мекемелеріне жұмсау. 

Осы жағдайларға байланысты Бразилияның экс-ойыншысы Ромарио былайша пікір білдіріпті: "ФИФА біздің мемлекеттің ақшасын талан-таражға салып, ойына келгенін істеп отыр. Стадиондарға бөлінген қаржылардың орнына мыңдаған мектептер мен балалар алаңқайларын салуға болатын еді. Сондай-ақ жағдайы жоқ отбасыларға 150 мың үй салуға да қаржы жететін еді. Ал ФИФА біздің елге келіп мемлекет ішінде мемлекет жасамақшы. Қазір ФИФА-ның табысы төрт миллиард реал (2,3 миллиард доллар шамасында) деп жарияланды. Олар тек шоу өткізеді де, басқа ешнәрсеге қаржы жұмсамайды. Ал қалған қаржыны Бразилия халқы төлеуге мәжбүр. Ел президенті 2014 жылы өтетін әлем чемпионатын тарихтағы ең үздік турнир болады деп сендіреді. Бірақ мен оның сөзімен келіспеймін. ӘЧ тек ел имиджі үшін ғана керек. Қаржы жағынан келер болсақ, 2014 жылғы ӘЧ тек ФИФА-ға ғана тиімді. Мен ӘЧ біздің жағдайымызды шешеді деп ешқашанда ойлаған емеспін. Көшеге шыққан халық та солай ойлайды. Сондықтан, меніңше бұл турнир жағдайды одан әрі ушықтыра түседі".

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: sovsport.ru