- Негізгі бет
- ӘЧ 2014
- Жапония - Грекия...
Жапония - Грекия кездесуінде есеп ашылған жоқ
Арена дас Дунас стадионында Жапония мен Грекия құрамалары кездесіп, ойын соңына дейін есеп аша алмады...
Қос құрама да аталған кездесуге бір жеңіліспен шыққан-ды. Осы кездесуде жеңілген жағдайда, қай құраманың болмасын топтан шығу мүмкіндігі мүлдем жоққа шығар еді. Содан да болар, қос құрама өз қақпаларына доп жіберіп алмау мақсатында аса сақ қиымалдады.
Алғашқы таймда Юя Осако грек қорғаушыларын алдап өтіп, айып алаңының сыртынан соққы бағыттап көрді. Бірақ соққы қақпадан қиыс кеткен еді. Көп ұзамай жапондықтардың шабуылдағы шапшаңдығы гректердің капитаны Константинос Кацуранистің алаңнан қуылуына алып келді.
40-минутта Вассилиос Торосидис жапон айып алаңының ішінде қақпаға соққы бағыттап үлгерді. Бұл жолы жапон қақпашысы допты сыртқа қағып жіберді.
Екінші таймды бастауға белгі берілгенде, гректердің шабуылшысы Георгиос Самарас бірден қақпаға соққы бағыттап көрді. 54 метр қашықтықтан жасалған соққы қақпа үстінен өтіп, жапон қақпашысы ентігін басты.
Екінші жарты бөліктің орта тұсында Ацуто Утида бос қақпаға гол соға алмай қалды. Артынша Йосито Окубо орындаған айып соққысын Карнезис қайтарды.
Жапондар тайлы-тұяғымен қалмай қарсыласқа лап қойғанмен, шабуылды аяқтауда өнімсіз тірлікке ұрынып жатты. Алаңға Кагаваның шығуымен шабуыл өткірлене түскендей көрінген, алайда, грек қорғаушылары сауатты қорғана білді.
Ұмытпай тұрғанда, Кейсуке Хонда аталған кездесудің ең үздік ойыншысы болып танылды. Жиырма сегіз жастағы "Милан" ойыншысы алаңда 90 минут тер төгіп, 75 пас беріп, қақпаға 4 соққы жасаған екен.
Жапония - Грекия - 0:0
Жапония: Кавасима, Утида, Нагатомо, Йосида, Хонда, Конно, Ямагути, Хасебе, Окадзаки, Окубо, Оскао.
Грекия: Карнезис, Манниатис, Манолас, Торосидис, Папастатопулос, Холебас, Коне, Фетфацидис, Кацуранис, Самарас, Митроглу.
Бас қазы: Агилар Ж.
Арена дас Дунас стадионы
Дайындаған: Әкежан Дәкен
Сурет: eurosport.ru