Ермұхамед Мәулен: «Бразилияға бару бақыты бұйырды»

Кеше футболдан өтетін әлем чемпионатынан арнайы көрсетілім тарату үшін «KazSport» арнасының ұжымдық тобы Бразилияға аттанды. Жолсапар алдында белгілі спорт шолушысы, комментатор Ермұхамед Мәуленмен сұқбаттасудың сәті түсті.

- Жол болсын, Ермұхамед аға. Бразилияға аттанар алдындағы көңіл-күйіңіз қалай?

- Көңіл-күйім керемет. Бұл жолы мен өмірімдегі ең ірі футбол жарысына бара жатырмын. Талай жылдар бойы арман болған бұл дүние бір-ақ күнде өміршеңдігін көрсетті. Және анау-мынау емес футболдың бейресми Отаны Бразилияға! Ол жақта футболдың қандай деңгейдегі спорт екендігін барлықтарыңыз білесіздер. Бразилия футболмен тыныстап тұрған ел. Футбол королі Пеле, мың гол соққан Ромарио, мундиальдар тарихында ең көп гол соққан Роналдо мен осы күнгі миллиондардың піріне айналған Неймардың Отаны. Ән мен биге әуес, жылына бір карнавалдатып тұратын Бразилия жағажайда жалаңаяқ доп тепкенді жанындай қалайтын халық. Мұның барлығын көзбенен көрмесең де, сезініп, танысып қайтудың өзі бір бақыт.


- «Қазақ телевизиясының тарихында болмаған жоба» алдында қобалжу бар ма?

- «Мундиальға» мен жай тілші ретінде емес, сонымен қатар комментатор ретінде барамын. Бұрын-соңды «Қазақ телевизиясының тарихында болмаған жоба» деп осы күні жарнамалатып жатқандай-ақ, елде болмаған жаңашылдық жасамақпыз. Чемпионатқа барғандардың жазғанын оқып отыратын заман артта қалып, сол жақта отырып тікелей эфирде сөйлейтін деңгейге жеттік. Бұл мен үшін үлкен тәжірбие болмақ. Осыған дейін Азиада ойындарында стадионның басынан эфирге шыққаным бар-тын. Соны үлкен тәжірбие деп жүргенмін. Енді бұл жолғы әңгіме тіпті бөлек. Оның үстіне бұл футбол тойы! Ал мен өз басым футболды көп нәрседен биік қоямын.

- Ірі додаларды тікелей эфирде жүргізу оңай шаруа емес екені белгілі. Дайындығыңыз қалай?

- Ірі додалардың кезінде комментатор болу негізі оңай шаруа емес. Бір матчқа дайындалып келіп, ағыла салатын жәйтқа жатпайды. Мұнда тура футболшылар секілді бүкіл турнирге тегіс дайындалуың керек. 2012 жылы Еуро өткен кезде соның бір шетін көріп қалған едім. Ол кезде ойындарды тек Алматыда, студияда отырып жүргіздім. Бұл жолғы дайындық ерекше.


- Жолсапарларыңыз жайлы айта отырсаңыз, қанша журналист аттанғалы отырсыздар?

- «KazSport» арнасының 7 бірдей қызметкері чемпионатқа жол тартпақ. Оның 4-еуі комментатор әрі журналист, үшеуі режиссер. Олар екі топқа бөлінген. Біздің топ «Үлкен аймақ» деп аталады. Біздің жолсызбамызды жасаған продюссерлер қонақүй, ары-бері жүруіміздің барлығын алдын ала жоспарлап тастаған. Мен әріптесім Павел Цыбулин және тағы екі режиссер 4 қалада боламыз. Күн сайын сол 4 қаланы кезекпе-кезек аралаймыз. Ойын аяқталысымен ортадағы санаулы сағатты әуежайға жетуге арнаймыз. Өйткені, күніне бір мәрте тікұшаққа мініп, келесі қалаға баруымыз керек. Кейбір күндері уақыттың тығыздығынан ұйықтауға да орын қалмаған. Мұндай жағдайға әрине шыдауға болады. Осындай жағдаймен мен өткен жылдары чемпиондар лигасының кезінде жолыққанмын. Бір ұшақтан, бір ұшаққа секіріп, жол-жөнекей ауыр сөмкелерді арқалау бұл адамды әбден қажытады. Ал сондай қалыпта 39 күн бойы жүру тіпті, ауыр болмақ.

Екінші топта Ермек Төрениязов пен Тимур Сүлейменов секілді комментаторлар қызмет етпек. Олардың жұмыс кестесі біздікіндей. Біз Бразилия, Сан-Паулу, Рио-де-Жанейро, және Белу-Оризонти қалаларында болсақ, олар жарыс өтетін өзге 4 қалада болады.


- Жақында Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы (AIPS) Бразилияда өтетін әлем чемпионатына жол тартатын тілшілерге сақ болуды ескертті. Бұл туралы не дейсіз?

- Ия, бұл жағынан хабардармын. Аттанар алдында елдің барлық тыныс-тіршілігімен таныстым. Біз баратын кей қалалар әлемдегі қылмыстың Отаны да саналады екен. Бастысы – сақ болуымыз керек.

- Қай құрама топ жарады деп ойлайсыз? Қай құрамаға жанкүйерлік танытасыз?

-  Оңтүстік Америка құрлығында өткен әлем чемпионатының барлығында өзге құрлық құрамаларына чемпиондық бұйырмаған. Бұл жолы да солай болатын секілді. Аргентина немесе Уругвай чемпион болуы мүмкін. Ал өз басым ағылшындардың асығы алшысынан түскенін қалаймын.

- Сұқбатыңызға рақмет! Жолыңыз болсын. Еңбектеріңізге табыс тілейміз!

Cұқбаттасқан: Өмірбек Сансызбай

Сурет: Ермұхамед Мәуленнің жеке мұрағаты