Елінің үмітін ақтаған үздіктер

Елінің үмітін ақтаған үздіктер

Әлем көз тіккен футбол мерекесі де мәресіне жетті. Қызығы мен шыжығы қатар жүрген доданың дүбірі әлі басыла қойған жоқ. Ендеше өткенге қайта оралып, байрақты бәсекенің басты жаңалықтары мен рекордтарына шолу жасап көрейік.

Бразилия халқы о бастан-ақ әлем чемпионатын өткізуге қарсы болды. Оған себеп те жоқ емес. Көпшілік стадион салуға кеткен қаржыны дүйім жұрттың әжетіне жарайтын әлеуметтік нысандар салуға жұмсағанын қалады. Бірақ, шешімді кері қайтару оңай емесі бесенеден белгілі. Асығып-аптықпаса да бразилиялықтар футбол тойының алғашқы ойындары басталғаннан бастап, етек-жеңдерін жиып үлгерді. Қауіпсіздік шараларын және өзге де көзе ұрып тұрған қателіктерді аламанның демі ұмыттырып жіберді десек болады. Десе де Бразилия ішкі «былықтарын» жалпақ жұрттан жасырып қала алмады.

Біткен іске сыншы көп демекші, жаһанның жарғақ басы жастыққа тимеген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері «мундиальдың» өту деңгейін әр қилы сынады. Абыройдан жұрдай болудан сақтанған бразилиялықтар бұл үддеден шықты деуге негіз бар. Бірақ, әлі алда 2016 жылғы Рио-де-Жанейрода өтетін жазғы Олимпиада ойындары бар. Әлем чемпионаты басталмай жатып-ақ Лондон Олимпиаданы қайта қабылдауы мүмкін деген ақпараттар тараған-ды. Алда әлі екі жыл уақыт болса да, халықтың наразылығы әлден байқалады. Кім біледі, Бразилия ол байрақты бәсекені де ойдағыдай өткізер. Ал ХХ әлем чемпионатынан түскен қаржы жұрттың жыртығына толықтай жамау болмаса да, халық игілігіне жұмсалатынын басшылары мәлімдеп отыр.

Белгілі спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен айтпақшы, Бразилия – футболды дініндей құрметтейді. Сондықтан да аталған елдің жанкүйерлері өз елінің құрамасының топ жарғанын жанындай қалады, жеңеді деген де сенімде болды. Тізгінді Луиш Филипе Сколариге сеніп тапсырды. Бірақ, бас бапкер немесе команданың жолы болмады. Алғашқы хорваттарға қарсы кездесуден кейін-ақ бразилиялықтардың деңгейі белгілі болып қалды. Көпке бармайды деп топшылаған жұртшылықтың ойы қате болды деуге тағы келмейді. Жартылай финалда немістерге ойсырай жеңілген «селесао» өз тарихындағы ең әлсіз құрама болып есте қалды. Неймарсыз күнінің мүшкіл екені тағы сезілді.

Бәлкім, бас бапкер Кака мен Роналдиньоны шақырғанда жағдай басқалай болар ма еді деген көңілі күпті жанкүйерлер де болды. Беделі бар Бернард пен Фред, бабы келіспеген Данте мен Дани Алвес, шау тартқан Майкон, жойқын соққыларымен аса көп ерекшелене бермейтін Жодан құрамасына пайда келмеді. Оскар орталықта ойқастағанмен, оны түсінетін футболшылар аз болды, соңғы сәттерде болмады да. Нәтижесінде, Бразилия жартылай финал мен ІІІ орын үшін таласта жүндей түтілді. Луиш Филипе Сколари қызметін босатты. Бұл да әлем чемпионатының күтпеген бір жаңалығы!

Енді төрткүл дүние көз тіккен доданың үздіктері жайлы сөз қозғап көрейік. Біреу мойындаса, біреу мойындай бермейтін жаңалықтар да жетерлік.

Месси  үздік футболшыға лайық өнер көрсетті ме?


Әлем чемпионатының үздік ойыншысы болып аргентиналық сұрмерген Лионель Месси танылды. Бұл марапатпен біреу келіссе, енді бір топ футбол мамандары мен жанкүйерлері қарсы болды. Бұл тұғырдан Арьен Роббен немесе Тони Кроос табылуы керек еді деген ойлар айтылды. Аргентина құрамасы бас айналдырарлықтай керемет өнер көрсетпесе де, командалық ойыны барын дәлелдеді. Каталондық «Барселонада» ойнайтын шабуылшы өз кезегінде аянып қалмағаны анық. Бірақ, аса көп белсене алмады. Бәлкім, барынша белсенген  болар, алайда ел сене алмады. Тіпті, күміс пен қола доп иегері атанған Томас Мюллер мен Неймар ойындарының көрсеткіші Мессидікінен жоғары екен. Мұны футболшының отандасы әйгілі Марадона да мойындап отыр. Десе де Месси үздік ойыншы атағын жеңіп алғанмен, «мундиальдың» ең пайдалы футболшыларының қатарынан табыла алмады. Бұл құрамның көшін Тони Кроос бастады.


1. Тони Кроос (Германия) - 9,79 ұпай
2. Арьен Роббен (Нидерланды) - 9,74,
3. Стефан де Врей (Нидерланды) - 9,7,
4. Матс Хуммельс (Германия) - 9,66,
5. Томас Мюллер (Германия) - 9,63,
6. Карим Бензема (Франция) - 9,6,
7. Оскар (Бразилия) - 9,57,
8. Тьяго Силва (Бразилия) - 9,54,
9. Маркос Рохо (Аргентина) - 9,51,
10. Рон Влар (Нидерланды) - 9,48.

Осылайша, Мессидің әлем чемпионы атансам деген арманы көкке ұшты. Енді 4 жылдан кейін аргентиналық сұрмерген Ресей жерінде өтетін додада топ жаруға үміт артары анық.

Нойер - қақпашы һәм қорғаушы


Әлем чемпионатының үздік қақпашысы болып Мануэль Нойер танылды. «Жақсы қақпашы – жарты команда» демекші, бұл байрақты бәсекеде қақпашылардың жұлдызы жанған сәттер көп болды. Мексикалық алты саусақты Гильермо Очоа, коста-рикалық Кейлор Навас, аргентиналық Серхио Ромеро, чилилік Клаудио Браво мен АҚШ құрамасының үздік ойыншысы болып танылған Тим Ховард сынды голкиперлер командасын талай қауіпті сәттерден құтқара білді. Жанкүйерлер есінде қалды. Дегенмен, неміс қақпашысының бұлардан бәсі жоғары болды. Неге десеңіз, керек сәтінде Мануэль орталық қорғаушының да қызметін атқара алатын қасиетке ие екенін тағы бір дәлелдеп берді.

Хамес Родригес – үздік сұрмерген!


Колумбия құрамасы «мундиальды» жоғарғы деңгейде өткізді. Өз тобынан қиналмай шығып, 1/4 финалға дейін жетті. Еліне оралған футболшыларды халқы ұлан-асыр той жасап күтіп алды. Үмітті ақтады деген осы болар. Ал құрама сапындағы Хамес Родригес – үздік сұрмерген атанды. Ол 5 ойында 6 гол соғып, 2 нәтижелі пасымен көзге түсті. Жолы түсіп жатса, бұл футболшы әлі алдағы әлем чемпионатында гол соғуға ниетті. Күтпеген жерден соққы жасай алатын шабуылшы қазіргі таңда Еуропаның топ-клубтарының өзіне деген қызығушылығын арттыра түсті.

Финал аяқталғандағы Хаместің құттықтау қабылдау сәті


Поль Погба – ең үздік жас ойыншы!


Франция құрамасының 21 жастағы жартылай қорғаушысы ең үздік жас футболшы болып танылды. 5 ойында 1 гол және 2 нәтижелі пасымен ерекшеленді. Туриндік «Ювентус» сапында өнер көрсететін Погбаға құда үсушілер сан күн санап артып келеді. Бәлкім алдағы трансферлік маусымда өзге клуб қатарына ауысып қалуы да бек мүмкін.

Клозе – қаһарман!


ХХ әлем чемпионатының басты рекордтарының бірі - Мирослав Клозенің «мундиаль» тарихындағы ең үздік сұрмерген атануы болды. Тағы бір қызығы, ол рекорд орнатқан голын Бразилия қақпасына соқты. Ал осыған дейінгі бұл жетістіктің шыңы бразилиялық футболшы Роналдоға тиесілі болатын. Өзі комментатор болған кездесуде өз рекордының мұрты бұзылды. Төрт бірдей әлем чемпионатына қатысқан неміс сұрмергені 16 рет қарсылас қақпасын дәл көздеген. Енді бұл межені кейінгі додаларда оның отандасы Томас Мюллердің бағындырып қалуы ғажап емес.

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com, sports.ru

Жалғасы бар...

О. Сансызбай