Чили мен Аустралия құрамалары тартымды да тамаша футбол өрнегімен дүйім жұртшылықтың көңілін көтерді. Есеп: 3:1.
Жұртшылық матч басынан-ақ нағыз футбол спектакліне бет алғандарын білді. Оған себеп, қос команданың ойыншылары кісі жалықтырмайтын шабуылдаушы ойын өрнегін таңдаған еді. Санчес пен Видаль бастаған жігіттердің аяқ-алысы көңіл қуантса, аустралиялықтардың ерік-жігері таң-тамаша қалдырып отырды.
Ойынның 12-минутында каталондық "Барселонаның" шабуылшысы Алексис Санчес есеп ашты. Өз шабуылдарын үдете түскен чилиліктер бір тұста аустралиялықтарды өз айып алаңдарына тықсырып тастап еді. Қорғаушылар көз жазып қалған тұста, Санчес есеп ашты.
Арада екі минут өткенде Санчестің командаласы Вальдивиа есепті ұзарта түсті. Бұл жолы Санчес нәтижелі пастың авторы атанып, сұрмергендер қатарына әбден үмітті ойыншы ретінде бой көтерді.
Мұндай қарқынды күтпеген аустралиялықтар аз аялдап барып ес жия бастады. Чилиліктердің сабасы басылған бір тұста, бұрыштама допқа бұрын жеткен Кэхилл таразы басын қысқарта түсті. Жағдайдың бір сәтте бұлайша құбылып салуы ойынның бастапқы минуттарында жоғалып кеткен интриганы қайта оятты.
Ойынның екінші жарты бөлігі алма-кезек шабуылмен өтті. Аустралиялықтарға сондай тұстардың бірінде тәжірибе жетіспей жатса, чилиліктердің жолы болмай, қапы қалып жатқан кездері көп болды.
Төрешінің ойынға араласқан тұстары аз болған жоқ. Мундиаль басталғалы бас қазылардың еңбегіне мін тағушылардың қатары көбейіп келе жатқаны анық...
Негізгі уақытқа қосылған қосымша минутта Босежур есепті 3:1-ге жеткізді.
Чили — Аустралия — 3:1 (3:1)
Голдар: 1:0 Санчес (12), 2:0 Вальдивия (14), 2:1 Кэхилл (35), 3:1 Босежур (90+2)
Чили: Браво (К), Менья, Исла, Хара, Санчес, Видаль, Вальдивия, Медель, Арагуниз, Диас, Варгас.
Аустралия: Райан, Франьич, Дэвидсон, Спиранович, Брешиано, Кэхилл, Миллиган, Единяк (К), Уилкинсон, Леки, Оур.
Автор: Әкежан Дәкен
Сурет: eurosport.ru