Бүгін болжамдар бәйгесінің шешуші сәтінде Әли Әубәкірдің бағы жанды. Жеңіс тұғырынан басты үміткер болып келген Ернұр Ермағамбет екінші орыннан көрінді. Қос қызылордалық ұланды жетістігімен құттықтаймыз. Ал жеңімпаз атанған Әли Әубәкірмен телефон арқылы болған аз-кем әңгімені назарларыңызға ұсынамыз.
- Әли, жеңісің құтты болсын!
- Ия, рақмет! Өте қуаныштымын!
- Бір ай бойы болжам жасап, үмітті үзбей жеңіп шығудың өзі ерлік. Енді өзіңді Massaget.kz порталының оқырмандарына таныстыра отырсаң, нұр үстіне нұр болар еді.
- 1997 жылы 31 шілде күні Жаңақорған ауданында дүниеге келгенмін. Қазіргі таңда 163 орта мектептің 11 сыныбына өттім.
- Болашақта қандай мамандық иесі атанғың келеді? Қандай пән таңдадың?
- Физика пәнін таңдадым. Мамандықтары да мол. Болашақта инженер мамандығын игергім келеді. Еліміздің дамып, өркен жаюына өз септігімді тигізсем деймін.
- Футболға қызығушылығыңның бары байқалып тұр. Қызығуыңа не түрткі болды?
- 12 жасымнан бастап футболға қызығамын. Достарымның көп септігі тиді. Футбол үйірмелеріне қатысып, шеберлігімді шыңдадым. Қазіргі таңда облыстық жарыстарға командамызбен қатысып тұрамыз.
- Бразилия жеріндегі Әлем Чемпионаты қалай өтті? Қай құрамаға жанкүйер болдың? Қандай клубтарға жанкүйерлік танытасың?
- Футбол тойы керемет өтті деп ойлаймын. Бірін қалдырмай тамашалауға тырыстым. Өз басым Бразилия құрамасына жанкүйер болдым. Бірақ, өз жанкүйерлерімен қоса, менің де сенімімді ақтамады. Ел клубтарының қатарында әрине «Қайсардың» жанкүйерімін. Ал Еуропаның топ-клубтары қатарынан каталондық «Барселонаға» болысамын.
- Енді болжамдар бәйгесіне қайта оралсақ. Жарыс басында өзіңді жеңімпаз атанамын деп ойладың ба?
- Жоқ, жеңімпаз атанамын деп ойламадым. Соншама қатысушылардың арасынан үздік шығу мүмкін емес деген ойда болдым. Бірақ, соңына қарай өзіме деген сенімділікті байқадым. Соның арқасында жеңіп шықтым.
- Жарысқа қатысушыларға бір ауыз тілегіңді арнасаң?
- Барлық қатысушыға бақыт пен зор денсаулық тілеймін. Екінші орын алған Ернұрды да құттықтаймын. Сен жеңілген жоқсың. Алдағы жарыстарда топ жаруыңа шын жүректен тілектеспін. Ал жарысты жоғарғы деңгейде өтті деп бағалаймын. Алда тағы да осындай жарыстар ұйымдастырылады деген ниеттемін. Асыға күтемін де. Жеңімпаздарды, белсене қатысқан үміткерлерді тағы да құттықтаймын!
- Рақмет, жеңістің биік тұғырынан көрініп жүре бер!
Құрметті жеңіс тұғырынан көрінген қатысушылар, сіздерді жеңістеріңізбен құттықтаймыз. Сыйлықтарыңызды 8 (727) 388 81 18, 8771 300 3708 телефондарына хабарласып немесе massaget.kz@gmail.com электронды мекенжайына хат жолдау арқылы ала аласыздар.
Белсенділік танытып, бір ай бойы футбол тойын бірге тамашалаған барлық бәйгеге қатысушының отбасына амандық пен зор денсаулық тілейміз! Өмірде жолдарыңыз бола берсін!
Автор: Өмірбек Сансызбай
Сурет: massaget.kz
Бәйгеге қатысқандардың толық рейтингі