Қазіргі таңда тоғыз ұлттық құрама 2014 жылы футболдан өтетін Әлем чемпионатына жолдама алып, жарыс қожайыны ретінде автоматты түрде финалдық жарыста ойнау құқығын иеленген бразилиялықтарға қосылды.
Италия және Нидерланды құрамалары ӘЧ-на жолдама алған Еуропаның бірінші өкілдері атанды. Итальяндықтар сегіз кездесуде 20 ұпай жинап, екінші орында келе жатқан Болгария құрамасын жеті ұпайға озып келеді. Ал голландықтар сол сегіз ойында 22 ұпай иеленіп, екінші орында тұрған Венгрия құрамасынан 8 ұпай алда келеді. Әлем Чемпионаты-2014 финалдық кезеңіне еуропалық іріктеу кезеңінен өз тобында бірінші болған тоғыз құрама тікелей жолдама алса, екінші орынды иеленген сегіз команда өз араларында 4 жолдамаға таласатын болады.
Аргентина құрамасы Әлем чемпионатында жолдама алған бірінші (бразилиялықтарды есепке алмағанда) оңтүстікамерикалық команда болды. Аргентиналықтардың қанжығасында 29 ұпай. Жалпы Оңтүстік Америкадан төрт команда шығады, ал бесінші құрама команда Иордания құрамасымен жолдамаға таласады.
CONCACAF (Солтүстік және Орталық Америка мен Кариб бассейні елдері) аймағында Бразилия еліне АҚШ пен Коста-Рика құрамалары жолдама алды. АҚШ командасы 16 ұпай жинап топта көшбасшы болса, костарикандықтар олардан 1 ұпайға қалып келеді. Бұл аймақтан Әлем чемпионатына үш құрама тікелей жолдама алады, ал төртінші команда Жаңа Зеландия құрамасымен кездесу өткізетін болады.
Азиялық іріктеу кезеңінде А тобында бірінші және екінші орынды иеленген Иран мен Оңтүстік Корея құрамалары жолдама жеңіп алды. Сонымен қатар, В тобында өнер көрсеткен Жапония мен Аустралия құрамалары бір мен екінші орынды өзара бөлісіп, жолдамаға қол жеткізді. Өз топтарында үшінші орынды иеленген Иордания мен Өзбекстан құрамалары өзара екі кездесу өткізіп, ақырында иордандықтар жеңіс тойын тойлаған болатын. Енді Иордания құрамасы Әлем чемпионатына жолдама алу үшін оңтүстік америкалық іріктеу жарысының бесінші командасымен күш сынасады.
Дайындаған: Ерғали Елдос
Сурет: vk.com