Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы (AIPS) Бразилияда өтетін әлем чемпионатына жол тартатын тілшілерге сақ болуды ескертті. Бұл туралы орталық ресми сайтында хабарлаған.
Бразилия – әлемге футболдан өзге ұрлық-қарлық, тонаушылық пен алаяқтықтардың көптігімен танымал. Осыған орай AIPS журналистердің қауіпсіздігін қадағалай отыра, абайсызда қатер төне қалса төмендегі ескертулерді естен шығармауды ұсынады.
1. Сені қорқытып, тонап жатса, өзіңді еркін ұста. Артық ауыз ашып, айқайлаудың қажеті жоқ. Телефонға ұмтылма. Және ұрылардың сөзі мен ісіне назар аударма.
2. Айналаңды бақылап, қырағылық танытып жүр. Көшеде плеер арқылы әуен тыңдаудан аулақ бол.
3. Банкоматтан ақша алғанда абай бол. Әсіресе, әуежайда. Өйткені, соңғы кездері банкоматтан ақша алған адамға жасалатын қылмыстар саны арта түскен.
4. Өзіңмен бірге төлқұжатыңның түпнұсқасын емес, көшірмесін алып жүр.
5. Өзіңмен бірге қомақты қаржы алып жүрме.
6. Түнгі серуенге шыққанда сақ бол. Телефон мен өзге құнды заттарды ресторандағы үстелге қалдырушы болма. Естен айырылғанша ішімдік ішпе.
7. Тек негізгі жолдармен жүр.
8. Көшеден такси ұстамай, телефон арқылы шақыр.
9. Көп адамдардың арасында әмияныңа сақ бол.
10. Түнде көп қыдыруға шықпа. Өзіңе берілген сызба жол арқылы ғана қыдыр. Өзге аудандарды көремін деп адасып кетпе.
11. Қонақүйде есігіңді таныс емес адамға ашпа.
12. Жағажай немесе саябаққа қараңғы түсе барма.
13. Бәріне ортақ Wi-Fi жүйесін пайдаланғанда абай бол. Өйткені, Бразилия – онлайн-алаяқтық ісінде әлемде екінші орын алады.
14. Ноутбук, iPad және iPhone-ды таксидің артқы орындығында отырып пайдаланбаңыз. Кептеліс кезінде сізден жұлып алып кетуі мүмкін.
15. Құнды және керекті заттарыңды көз алдыңнан таса қылма. Тіпті, тілшілер отыратын бөлмеде де. Алаяқтар ресми түрде аккредитациядан өтіп, өз ойын іске асыруы мүмкін.
9 маусым күні елімізден де бір топ журналистер мен комментаторлар Бразилия жеріне аттанады. Істеріне сәттілік пен табыс тілейміз. Ал «мундиаль» 12 маусым күні басталып, 13 шілдеде мәресіне жетеді. Елдің 12 қаласында өтеді.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет:mir-la.com