- Негізгі бет
- ӘЧ 2014
- ӘЧ-2050. Құлтемір болашақта...
ӘЧ-2050. Құлтемір болашақта доп тебе ме?
Енді құлтемірлер футбол ойнаса, адам айналысатын ештеңе қалмайтын болар? Инновациялық технологияның қазіргі даму үдерісін ескеретін болсақ, сенбеуге де болмайтындай.
ФИФА-ның футболшыларға 2022 жылы Катар елінің аптап ыстығында доп тебуге келісім бергенін тілге тиек етсек, ендігі кезеңде әлем біріншілігінің Марста орын алуына да таң қалмаспыз. Онда тұрған не бар?! Марста болатын болса, ештеңе етпес, Катар аптабынан шамалы ғана салқын болады.
Бірақ Зепп Блаттер маңызды бір сұрақ қойып отыр. Технологиялық өзгерістерге толы әлемде футболдың, жалпылап айтқанда спорттың болашағы не болмақ? Және 2050 жылы Әлем Чемпионатында қандай өзгерістер орын алады?
Ол кезде адам баласының спорттағы көрсеткіштері жоғары болары анық. Егер 2012 жылы марафоннан Олимпиада жеңімпазы мен 1904 жылы болған үздік марафоншыны жарыстырсақ, замандасымыз бір жарым сағатқа озып кетеді. Ал 1936 жылы Олимпиада жеңімпазы Джесси Оуэнс пен Усэйн Болтты 100 метрге жарыстыра алғанымызда, Оуэнс мырза 14 метрге қалып қоятын еді.
Қазіргі кездегі 3D бейнелі бапкерлер мен әрбір атлетшіні мұқият бақылап отыратын арнайы жабдықталған аппараттарға көз салсақ, ғылымның спортқа берер көмегі мол екенін білеміз.
«Футболдың өзінде арбитрдің жіберіп алған қателіктерін кездесуді қайта көру арқылы тексеріп отырамыз. Тіпті адамның қарапайым көзі байқай алмай қалатын тұстарын да тауып отырамыз», – дейді Олимпиада ойындарының технологиялық провайдері Гай Лидбеттер.
«Менің ойымша, біз жақын болашақта стадионның әр бұрышына, тіпті әр ойыншының басына кедергі болмайтын акселерометрлер мен сенсорларды орната алатын боламыз», - деп Лидбеттер мырза өз сөзіне қоса кетті.
Сөздің төркінін айтсақ, 40 жыл бұрын құлтемір тұрмақ, компьютердің боларына сенімсіздікпен қарайтынбыз. Енді алдағы 40 жылда ненің өзгеретіндігін асыра сілтеп көзге елестетіп көрелік. Ұшатын көліктер, саналы немесе адамның орнын басатын құлтемір шығуы айдан анық. Спортқа бейім құлтемірлер құрастырылса, Олимпиада немесе Әлем Чемпионы атануы да әбден мүмкін.
Ал сіз қалай ойлайсыз, қадірлі оқырман?
Дайындаған: Жолдас Өрісбаев
Сурет: www.bbc.com
Ж. Өрісбай