ӘЧ-2014. «С» тобынан қай құрамалар шығады?

Бразилия жерінде байрағын желбірететін футбол «тойының» басталуына алты күндей ғана уақыт қалды. Бүгін біз әр топ құрамаларының мүмкіндігі мен олардың ойын жүйесіне арналған шолуымызды жалғастырамыз. Енді «С» тобы жайлы...

«С» тобындағы төрт құрлықтың төрт құрамасын да терезесі тең деп қарауға болады. Бұл осы әлем чемпионатындағы кез келгенінің 1/8 финалға шығуға мүмкіндігі бар жалғыз тобы. Аздап Колумбия фаворит саналғанмен, Жапония, Кот д’Ивуар мен Грекия да жеңісті қолдан бермесі белгілі.

Фалькаосыз Колумбия...


Колумбия құрамасы осыған дейін үш әлем чемпионатына қатысқан. Ең жоғарғы нәтижесі – 1/8 финал. Көбіне жолы бола бермейтін құрама. Бұл «мундиаль» да жағымды жаңалықпен бастала қойған жоқ. Құраманың нағыз көшбасшысы саналатын Радамель Фалькао жарақатынан толық айығып, қатарға қосыла алмады. Аһ, ұрған колумбиялық жанкүйерлер Сонер Эртектің (Фалькаоны жарақаттаған футболшы) атына лағнет айтып, қоқан-лоққылар да жасауда. Бұл елдің футбол жанкүйерлері өте қызуқанды, әрі намысқой. 1994 жылы АҚШ жерінде өткен әлем чемпионатының топтық кезеңінде алаң иелерімен өтіп жатқан ойында колумбиялық қорғаушы Андрес Эскобар өз қақпасына гол соғып (автогол) алады. Кейіннен еліне оралған футболшыны белгісіз біреулер 12 рет тапаншамен атып кеткен. Тексерушілер «автоголы үшін өлтірілген» деген сараптама жасаған.

Бразилия жерінде Колумбия құрамасының топтан шығу мүмкіндігі жоғары. Өз құрлығында ойнайтын құраманың жанкүйерлері де аз болмасы анық. Негізінен осыған дейінгі әлемдік додада колумбиялықтар қорғаныста ойнаумен ғана өнер көрсетіп келген. Яғни, ойын философиясы қорғаныс, қысым мен доп ұстау ғана болған. 2012 жылы құрама тізгінін ұстаған Хосе Пекерман командаға тың серпіліс әкелді. Нәтижесінде, қазір Колумбия құрамасы ФИФА рейтингінде 8-ші орында келеді.


Фалькаосыз құраманы әлсіз санауға келмейді. Джексон Мартинес («Порту»), Луис Муриэль («Удинезе»), Адриан Рамос («Боруссия д»), Карлос Бакка («Севилья») және Виктор Ибарбо («Кальяри») да Еуропа алаңдарының шаңын қаптырып жүргендер. Теофило Гутьерресті («Ривер Плейт») де естен шығармаған жөн. Ойын жүйесіндегі күшті шабуыл шебіне шығаруда бұл футболшылар негізгі қызметті атқара алады. Қарымта шабуылда Хуан Куадрадо мен Хамес Родригес жұбы белсене алары сөзсіз. Дегенмен команданың қорғаушылары танымал емес. Енді оларға Кристиан Сапата мен Пабло Армеро көмектеседі. Әлем чемпионатында «тосын сый» жасайтын құраманың бірі саналуда.

Құраманың топтан шығу мүмкіндігі 1,28 коэффициентпен бағалануда. Топтан бірінші орын алуы – 1,8 чемпион атануына – 26 коэффициент ұсынылуда.

«Эллиндер» елі ерлік жасай ма?


Грекия құрамасын көптеген құрамалар ыңғайсыз қарсылас санайды. Бар «жұмбағын» ішіне бүгіп ойнайтын құрама қорғаныста жүріп, ыңғайын тапса қауіпті шабуылға ұмтыла біледі. Намысқой келетін гректер кез келген сәтте қарсыласты адым аштырмауға тырысары анық. Кезінде Отто Рехагель жаттықтырғанда құраманың ойын жүйесіндегі философия қалыптасты. Нәтижесінде 2004 жылы Еуропа чемпионатын жеңіп алып, айды аспанға бір-ақ шығарған-ды. Қазіргі бапкер Фернанду Сантуш құраманың ойын жүйесіне өзгерту енгізгенмен, ойын философиясы сол қалпында сақталып қалды.

Грекия – жолы болғыш құрама десек те болады. Өйткені, бұл елмен түсетін топта азулы құрамалар көп кездесе бермейді. «Мундиальдағы» «С» тобы да дәл осындай.

«Эллиндердің» ХХ әлем чемпионатында шабуылы мықты деп қарайтындар бар. Өйткені, ардагер әрі тәжірибелі футболшылар Василиос Торосидис, Хосе Холебас, Фанис Гекас, Сократис Папастатопулос, Георгиос Карагунис, Георгиос Самарас және Костас Митроглу құраманы алға сүйреуге шамалары жетеді. Десе де гректердің басты ұстанар жүйесі – шабуыл емес, «джого бонито» (португал тілінен аударғанда «әдемі ойнау»).

Гректер рухы жоғары команда. Кездесудің соңына дейін текетірес өткізе алады. Бразилия жерінде де командалық ойынын көрсетері белгілі. Бірақ, құрама футболшылары бұл жолы аса тату емес деген ақпарат тарауда. Грекия кубогы ойындары финалында «ПАОК» футболшысы Костас Кацуранис пен «Олимпиакос» жартылай қорғаушысы Яннис Маниатис жаға жыртысқан. Нәтижесінде, ұлттық құрамаға шақыртылған екі футболшы әлі татуласпаған. Екеуара шиеленіс құрамада командалық бөлінуге де әкеліп соғып отырған көрінеді. Осы «мундиальдан» кейін қызметін босататын бас бапкер бұл жағдайды реттеуге тырысуда. Егер тез арада ауызбіршілік орнатпаса, құраманың ойынына да әсерін тигізері анық.

Букмекерлік орталықтар гректердің топтан шығу мүмкіндігіне - 2,87 коэффициент ұсынуда. Топтан бірінші орын алуға – 7, чемпион атануға – 251 коэффициент беруде.

«Қара маржандар» қарап қалмас...


Өз тарихында үшінші рет қатарынан әлем чемпионатына жолдама алып отырған Кот д’Ивуар құрамасын жай бағалауға болмайды. Нағыз командалық толысқан шағында келіп отыр десек болады. Осыған дейінгі (2006,2010) дүбірлі доданың екеуінде де африкалық құрама топтық кезеңнен аса алмады. Осы жолы бұл межені бағындыруға Сабри Лямуши командасының толықтай мүмкіндігі бар.

Кот д’Ивуар құрамасының әлсіз тұсы деп – қақпа күзетшісін айтуға болады. Әйтпесе, өзге алаң тұстарындағы ойыншылар тәжірибелі. Ал негізгі құрам қақпашысы Бубакар Барри жиі қателікке бой алдырады. Мұны қарсыластар сәтті пайдаланып кетуі мүмкін. Қорғанысты да мығым деп қарауға болмайды. Есесіне жартылай қорғаушылар мен шабуылшылары мықты. Қорғанысты да назардан тыс қалдырмайтын ойыншылар. Яя Туре, Дидье Дрогба, Жервинью, Саломон Калу және Вильфрид Бонилардың бірін «мундиальдың» үздік сұрмергендерінің қатарынан көріп қалуымыз да ғажап емес. Бас бапкер бұл қатарға мәскеулік «ЦСКА» шабуылшысы Сейду Думбияны қоспады. Өз өкінішін білдірген футболшы ұлттық құрамамен біржола қоштасты. Хабиб Коло-Туре, Серж Орье және Дидье Зокора да команданың негізгі құрамынан ойып тұрып орын алды.

Құраманың топтан шығу мүмкіндігі 1,91 коэффициентпен бағалануда. Топтан бірінші орын алуы – 4,5 чемпион атануына – 126 коэффициент ұсынылуда.

«Самураилардан» сақ болу керек


Жапония құрамасы – Азиядағы ең азулы командалардың бірі. Оңтүстік Корея әлсіздеу болса, Иранға әлі де тәжірбие жетіспей келеді. Италиялық маман Альберто Дзаккерони шәкірттері бір деммен ойнайтын жігіттердің қатарынан. Бас бапкер де білікті маман. Топта жаттықтырушының ойын жүйесі басты рөл ойнайтыны белгілі. Алғашқы Кот д’Ивуарға қарсы кездесуде көп мәселе шешілгелі отыр. Бесінші рет әлем чемпионатына қатысқалы отырған құрама екі рет (2002, 2010) 1/8 финалға жеткен.

Бұл құраманы да қақпашы мәселесі мазалайды. Негізгі құрамнан үмітті екі голкипер де жиі қателікке бой алдырады. Есесіне тәжірибелі қорғаушылар Утида мен Нагатомо бар. Орталық алаң ойыншылары да мықты емес. Құрама «қызыл сойқандар» қатарында өнер көрсететін Синдзи Кагава мен «Миланда» ойнайтын Кейсуке Хондаға үміт артады. Шабуыл шебінде немістің «Майнц» командасында маусымды сәтті өткізген Синдзи Окадзаки өнер көрсетеді. Соңғы кездесулерінде құраманың ойынында өрлеу бары байқалды. Осыны ескерген футбол мамандары бұл топтағы бір жолдаманы осы құрамаға телуде. Ал букмекерлік орталықтар болжамы мүлде басқа.  «Самураилардың» топтан шығу мүмкіндігіне - 2,1 коэффициент ұсынуда. Топтан бірінші орын алуға – 5, чемпион атануға – 126 коэффициент беруде.

1/8 финалда «С» тобынан бірінші орын алған құрама «D» тобының екінші орын алған құрамасымен, керісінше «D» тобының көшін бастаған құрамамен «C» тобынан екінші орын алған құрама кездеседі. Әлем чемпионатындағы «өлім тобы» саналған «D» тобында Англия, Уругвай, Италия және Коста-Рика  құрамалары бар. Екі топ үздіктерінің тартысы нағыз текетірес болмақ.

«С» тобының ойын кестесі:

14 маусым

22:00 Колумбия — Грекия

15 маусым

07:00 Кот-д'Ивуар — Жапония

19 маусым

22:00 Колумбия — Кот-д'Ивуар

20 маусым

04:00 Жапония — Грекия

25 маусым

02:00 Жапония — Колумбия

02:00 Грекия — Кот-д'Ивуар

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет:isport.ua, sports.ru. footballtop.ru

Оқи отырыңыздар

ӘЧ-2014. «А» тобынан қай құрамалар шығады? ӘЧ-2014. «В» тобынан қай құрамалар шығады?