Роббен де емес, Месси де емес, бұл ойынның тағдыры қақпашылардың қолында еді. Серхио Ромеро араға 24 жылды салып барып, Аргентина құрамасын финалға шығарып отыр. Ал Тим Крулды қосалқы құрамда қалдырған Силлессен спорттық ғұмырында тұңғыш рет пенальти қайтаруға жақын еді...
Кешегі жартылай финал, әсіресе, бапкерлерге сабақ болғанға ұқсайды. Қос құрама да бірінші минуттардан сақ қимылдап, тәуекелге барып жатпады. Жалпы, қарсыластың бір қателігі ойын тағдырын шешуі мүмкін еді.
Немістер кешегі ойында ғана өздерін толыққанды таныта алған болса, нидерландықтар бірінші ойында-ақ өздерінің басты үміткер екенін аңғартқан еді. Ван Гал үзілісте тактикаға өзгеріс енгізгенімен, ойын одан өзгере қоймады. Перес пен Маскерано, Билья бастаған жігіттер нидерландықтардың адымын аштырмай тастады десек, қателеспейміз. Сабельяның командасы мундиаль барысында қорғаныстың ұжымына айналып үлгергенін дәлелдеді.
Қосымша экстра таймда Ван Гал капитан Робин Ван Персидің орнына Хунтеларды шығарған. Бірақ, бұл жолы бапкердің ойлағаны жүзеге аспады.
Матч соңындағы лотереяда қақпашы Серхио Ромеро екі соққыны қайтарып, өз құрамасына финалдық жолдаманы алып берді. Енді Марадонаның отандастары "неміс машинасына" қарсы тұратын болады
Әлем Чемпионатында жартылай финал ойынында Нидерланды мен Аргентина құрамалары кездесіп, матч соңындағы пенальтиде ойын тағдыры шешілген болатын.
ӘЧ-2014, жартылай финал
Нидерланды – Аргентина – 0:0 пен 2:4
Нидерланды: Силлессен, де Врей, Влар, Мартинс Инди, Блинд, де Йонг, Снейдер, Вейналдум, Кюйт, Роббен, ван Перси.
Аргентина: Ромеро, Сабалета, Демикелис, Гарай, Рохо, Билья, Маскерано, Перес, Лавесси, Месси, Игуаин.
Дайындаған: Әкежан Дәкен
Сурет: eurosport.ru