ӘЧ-2014. Ең ерекше қырымен танылғандар

Бразилиядағы Әлем чемпионаты бір топ футболшылардың бағын ашса, енді бір топ танымал ала доп шеберлері үшін сәтті өте қойған жоқ. Футболшы арманындағы ең биік шыңды бағындыру үшін бәрі де барын салды. Сол еңбектерінің арқасында әлем жұртшылығының назарына ілігіп, өздеріне тиесілі қошеметке де ие болды. Бүгін біз сіздерді ерекше қырымен танылған футболшылар мен ұлттық құрамалармен таныстырамыз.


 Ең өзімшіл футболшы - Реза Гучаннеджад

Жас кезінде Нидерланды құрамасының сапында өнер көрсеткен Реза бұл «мундиальда» Иран құрамасының намысын қорғады. Шабуыл шебінде қарсылас қақпасына 7 соққы бағыттап, командаластарына бірде-бір рет пас шығармапты.

Әріптестері түсінбеген футболшы - Джердан Шакири

Швейцариялық футболшы әріптестеріне 17 рет дәл пас берген. Бірақ, бірде-бір пас нәтижелі болмапты. Шабуыл шебіндегі әріптестері бір-бірін түсінбеген.

Бір аяқпен ғана соққы жасаған футболшы - Уэсли Снейдер


Нидерланды құрамасының жартылай қорғаушысы қарсылас қақпасына бағыттаған 13 соққысының барлығын оң аяғымен тепкен.

Ең көп ереже бұзып, жазаланбаған футболшы - Маруан Феллайни

Бельгия ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы қарсыластарына қарсы 19 рет ойын ережесін бұзған. Бірақ, бірде-бірінде жазаланбапты.

Ең көп алыстан гол соққан футболшы - Лионель Месси

Аргентиналық сұрмерген Әлем чемпионатындағы 4 голының 3-еуін айып алаңының сыртынан соққан.

Командасын құтқарушы футболшы - Эссаид Белькалем

Алжир ұлттық құрамасының орталық қорғаушысы екі рет допты өз қақпасы сызығынан қайтарып, командасын құтқарып қалған.

Әмбебап қақпашы - Мануэль Нойер

Әлем чемпионатының ең үздік қақпашысы атанған Мануэль Нойер кей сәттерде орталық қорғаушы қызметін де атқарған. Сонымен қатар, шабуылшыларды алға шығып тоқтатуымен де көзге түскен.

Ең еңбекқор шабуылшы - Адмир Мехмеди

Швейцария құрамасының шабуылшысы 11 рет допқа талас сәтінде қарсыластарынан айласын асырып кеткен.

Ең көп шабуылдаған қорғаушы – Маркос Рохо

Аргентиналық қорғаушы қарсылас айып алаңына еніп, 11 рет пас берген. Бір рет гол соғыпты.

Ең пайдалы қосалқы құрам футболшысы - Андре Шюррле

Германия ұлттық құрамасының шабуылшысы ең пайдалы қосалқы құрам ойыншысы атанып отыр. Ол 6 кездесуде алаңға алмасып шығып, 3 гол соққан және 1 нәтижелі пасымен ерекшеленіпті.

Сонымен қатар, статистикалық көрсеткіштердегі ең ерекше қырын танытқан ұлттық құрамалардың да нәтижесіне көз жүгіртіп көрейік.


Ең көп соққы бағыттаған құрама – Гана

Африка құрлығының өкілдері әр кездесу сайын орташа есеппен 18,7 рет қарсылас қақпасына соққы бағыттаған.


Ең көп нәтижесіз соққы бағыттаған құрама – Камерун

«А» тобында өнер көрсеткен құраманың 13,8 % соққысы ғана қарсылас қақпасына дәл бағытталған.

Ең жинақы ойнаған құрама  - Италия

«Өлім тобынан» шыға алмаған италиялықтардың 89,2 % пастары дәл берілген.

Ең сылбыр ойнаған құрама – Иран

Иран құрамасы қорғанысты басты назарға алып, әр кездесуде небары 30% ғана допқа иелік ету көрсеткішіне ие болған.

Жолы көп бола бермеген құрамалар – Нидерланды мен Франция

Қос құрама футболшыларының 6 бірдей соққысын қақпа бағаны мен маңдайшасы қайтарған.

Жолы болғыш құрама - Кот-д’Ивуар

Қарсыластарының 4 бірдей соққысы қақпа маңдайшасынан кері қайтқан.

Дайындығы мол құрама – Германия

«Неміс машинасы» 5 голын стандартты жағдайлардан соққан.

Қарымта шабуыл құрамалары – Бельгия мен Нидерланды

Қос құрама да қарымта шабуыл сәтінде 3 голдан соққан.

Күтпеген сый жасаған құрама - Коста-Рика

Коста-Рикалықтарды ширек финалға жетпек түгілі, өз тобынан бірінші орынмен "тірі" шығады деп ешкім де ойламады. Бірақ, "тикостар" тек келмегенін дәлелдеді.

Доп додасы мәресіне жетсе де, қызықты ақпараттары әлі таусылмасы белгілі. Біз сіздерді деректермен күнделікті хабардар етіп тұратын боламыз.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.ru, fifa.com, goal.net.ua