- Негізгі бет
- ӘЧ 2014
- ӘЧ-2014. «Е» тобы...
ӘЧ-2014. «Е» тобы елді елең еткізе ме?
Әне-міне дегенше футболдан әлем чемпионаты да басталып қалды. Бүгін біз әр топ құрамаларының мүмкіндігі мен олардың ойын жүйесіне арналған шолуымызды жалғастырамыз. Енді «Е» тобы жайлы...
Бразилиядағы доп додасының жеребесінде Франция құрамасының жолы болды деп қарайтындар көп. Іріктеу кезеңінде Украинадан әзер өткен құрама топтық кезеңде азулы қарсыластармен бір топқа түспеді. Десе де «Е» тобындағы Швейцария мен Эквадорды аса әлсіз деп қарауға болмайды. Француздарды сан соқтырып кетуге екі құраманың да қауқары жетеді. Ал Гондурас топта ұпай еншілеп жатса, оның өзі жетістік болары даусыз.
Француздар бірінші орынға таласады
Франция құрамасы топтан бірінші орын алуға таласады. Тіпті өзгелер де. Өйткені «F» тобында Аргентина бірінші орынмен шығуы сөзсіз деуге келеді. Дидье Дешам да футболшыларды аса сақтықпен таңдады. Қатарға «Манчестер Ситиде» ойнайтын Самир Насриді қоспады. Футболшының тәртібін қаламаған көрінеді. Ал өткен жылы «Алтын допқа» таласқан Франк Рибери жарақатына байланысты Бразилияға келе алмады.
Құраманың капитаны қызметін қақпашы Уго Льорис атқарады. Қорғаушылар тізбегі де нашар емес. Матье Дебюши ("Ньюкасл", Англия), Патрис Эвра ("Манчестер Юнайтед", Англия), Бакари Санья, Лоран Косельни (екеуі де – "Арсенал", Англия), Мамаду Сахо ("Ливерпуль", Англия) және Рафаэль Варан ("Реал", Испания) секілді ойыншылардың ешқайсысы осал емес. Сәті келсе гол да соғып жүрген футболшылар. Жартылай қорғаныстағы Йоан Кабай, Поль Погба және Блез Матюиди ойынын ерекше атауға болады. Ал бойы қысқа болса да ала допты ұршықша иіретін Матье Вальбуэнаны назардан тыс қалдыруға болмайды. Шабуыл шебінде Карим Бензема мен Оливье Жиру белсенуі тиіс.
Құраманың топтан шығу мүмкіндігі 1,17 коэффициентпен бағалануда. Топтан бірінші орын алуы – 1,73 чемпион атануына – 21 коэффициент ұсынылуда.
Оттмар Хитцпельд қандай жүйе ұстанады?
Швейцария ұлттық құрамасының әлем чемпионатындағы үздік көрсеткіші – үш рет ширек финалға дейін жеткен. Оның өзі «мундиаль» ойындары жаңа басталып жатқан кезде. Қазіргі құрамды да нашар деп айтуға келмейді. Франциядан кейінгі топтан шығу мүмкіндігі жоғары құрама болып саналуда. Өйткені, команданың ойын жүйесі бірсыдырғы қалыпта. ФИФА рейтингінің алғашқы ондығына еніп отырған Оттмар Хитцпелд шәкірттерінен үлкен нәтиже күтуге болады. Бас бапкер Штефан Лихтштайнер, Блерим Джемаили, Гекхан Инлер, Валентин Штокер және Шердан Шакири сынды футболшыларды өз ойын жүйесіне сай орналастыра білсе, құрама үшін алынбайтын қамал жоқ деуге болады.
«Натиларға» («Nationalmannschaft» сөзінің қысқартылған түрі, ұлттық құрама деген мағына береді) алғашқы Эквадорға қарсы өткізетін кездесу маңызды. Өйткені, дәл екінші жолдама осы құрамалар арасында сарапқа салынады деп болжануда.
«Триколорлар» ойыны түсініксіз
Эквадор ұлттық құрамасы іріктеу кезеңін ала-құла өткізіп жүріп, соңғы сәттерде ғана жолдамаға ие болды. Өз құрлығында ғана бақ сынайтыны артықшылық болмаса, өзге жағынан еуропалық екі құрамадан мықты деп қарауға келмейді. Бас бапкер Рейнальдо Руэда Антонио Валенсиядан үлкен үміт күтеді. Вальтер Айове, Кристиан Нобоа, Джефферсон Монтеро және Фелипе Кайседо да командасын алға сүйрей алатын, жоқтан бар жасайтын футболшылар.
Үшінші әлем чемпионатына қатысқалы отырған құрама Бразилияны көңілді бетке алған жоқ. Құраманың белді ойыншыларының бірі, іріктеу кезеңінде команданың ұпай иеленуіне үлкен септігін тигізген Кристиан Бенитес жүрек талмасынан дүниеден озды. Енді «мундиальда» команда алғашқы голдарын әріптесіне арнауға уәде берді. Бірінші Швейцарияға қарсы кездесудің маңызы жоғары. Егер Эквадор топтан шығып жатса, сенсация деп қарауға болмайды.
Құраманың топтан шығу мүмкіндігі 2 коэффициентпен бағалануда. Топтан бірінші орын алуы – 5,5 чемпион атануына – 201 коэффициент ұсынылуда.
Гондурастың чемпион атануына 2500 коэфициент беруде
«Катрачостар» (жергілікті тұрғындар осылай атайды) топтың ғана емес, әлем чемпионатының аутсайдері. Букмекерлік орталықтар бұл құраманың чемпион атануына 2500-нан астам коэфициент ұсынуда. Әрине, аз емес. Бірақ, чемпион атанбасы тағы белгілі. Топтан ұпай иеленіп, гол соғып жатса құраманың ФИФА рейтингіндегі көрсеткіші жоғарылары белгілі.
Луис Суарес (Уругвай шабуылшысына қатысы жоқ) шәкірттері көбіне қорғаныста ойнайтын команда. Іріктеу кезеңінде аз гол жіберіп, көп гол да соққан жоқ. Футболшылар бас бапкер ұсынған жүйені іске асыруға ұмтылары анық. Құраманың бетке тұтар Еуропа ареналарында доп теуіп жүрген бірнеше ойыншылары бар. Олар: Ноэль Вальядарес, Майнор Фигероа, Эмилио Исагирре, Уилсон Паласиос және Карлос Костли. Құрама алғашқы кездесуін Францияға қарсы өткізеді.
1/8 финалда «Е» тобынан бірінші орын алған құрама «F» тобының екінші орын алған құрамасымен, керісінше «F» тобының көшін бастаған құрамамен «Е» тобынан екінші орын алған құрама кездеседі. Ал «F» тобында Аргентина, Босния және Герцеговина, Иран және Нигерия құрамалары бар.
«Е» тобының ойын кестесі:
15 маусым
22:00 Швейцария — Эквадор
16 маусым
01:00 Франция — Гондурас
21 маусым
01:00 Швейцария — Франция
21 маусым
004:00 Гондурас — Эквадор
26 маусым
02:00 Гондурас — Швейцария
02:00 Эквадор – Франция
Ойындар Астана уақытымен көрсетілді
Ойындардың толық уақыты мен кестесімен мына сілтемеде таныс бола аласыздар
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: goal.net.ua,footballtop.ru
О. Сансызбай