Француздық “Пари Сен-Жермен” мен Швеция ұлттық құрамасының шабуылшысы Златан Ибрагимович келешекте өзінің неміс Бундеслигасында ойнағысы келетіндігін мәлімдеді.
Ойыншының таңдауы – немістің беделді клубы "Бавария Мюнхен" командасы. 31 жасар швед шабуылшысы бұған дейін өз елінде «Мальме», Нидерландияның «Аякс», Италияның «Ювентус», «Интер», «Милан» және Испанияның «Барселона» командаларында өнер көрсеткен болатын. Францияның бірінші Лигасына өткен жазда ғана ауысқан Ибрагимович ПСЖ сапындағы 29 ойынын өткізіп, 27 голдың авторы атанып үлгеріпті.
«Неміс Бундеслигасы – әлемдегі ең үздік біріншіліктердің бірі. Алдағы уақытта мен осы елде доп тебетін шығармын. Әлі де кеш емес. Егер Германияға барар болсам, онда менің таңдауым – "Бавария" командасы», - деп мәлімдеді Златан Ибрагимович.
Ибра Баварияға ауысқан жағдайда, "Барселонаның" бұрынғы бапкері Хосеп Гвардиоламен жолдары түйісуі мүмкін. Қазіргі уақытта Ибрагимовичке "Бавариядан" бөлек, туриндік Ювентус те қызығушылық танытып отыр.
Сурет:footballhd.ru
Дайындаған: Фараби Арыстанбек