- Негізгі бет
- Бұл қызық
- Йохан Кройф: «Барселонаға...
Йохан Кройф: «Барселонаға Неймар келісімен Мессиді сатып жіберу керек»
"Барселона" клубының тірі аңыз футболшысы және үш дүркін "Алтын доп" жүлдесінің иегері Йохан Кройф каталониялық клуб басшылығына Неймар келісімен әлемнің үздік ойыншысы Мессиді сатып жіберу мәселесін ойлану керек екендігін мәлімдеді.
Атақты голландиялық футбол ардагерінің сөзінше, алаңдағы, оның үстіне шабуылдағы екі жұлдыз ойыншының бір жерде ойнауы өзара үлкен түсініспеушілік тудыруы әбден ықтимал екен.
Marca басылымына берген сұхбатында ол былай деп мәлімдеді: "Клубта Неймардың пайда болуымен мен Мессиді сатып жіберу мәселесіне ойланар едім. Менің бұл ойыма кейбіреулер келіссе, біреулер келіспесі анық. Әдетте жоғары кластағы ойыншылардың бір алаңда, оның ішінде шабуылда тізе қосып ойнау жағдайы некен-саяқ. Осыған дейін көптеген клубтар осындай мәселеге тап болған еді. Сондықтан бразилиялық ойыншының келуі - үлкен қиындықтар туғызуы әбден мүмкін. Мысалы, стандартты жағдайларды алайық: Неймар айып добын орындаудың нағыз шебері. Сонымен бірге команда құрамында Месси де оны жаман теппейтінін көрсетті. Енді осы жағдайда айып добын кімге сеніп тапсыра аласыз? Кім мықты? Одан бөлек, Неймар "Барса" сияқты Nike-пен келісімі болса, Месси Adidas-пен тығыз байланыста. Осы жағдайларды есепке алсақ, қиындықтар болатын сияқты. Ал мен өз кезегімде ондай кикілжің тудыратын жағдайларға бармас едім".
Бұл жағдайлардан бөлек, Кройф Неймарға дейінгі жарық жұлдыздардың да Мессидің көлеңкесінде қалып қойған кездерін еске сала кетті: "Мессидің Ибрагимовичпен, Вильямен, Кркичпен немесе Это’Омен болған кикілжіңі Неймар екеуінің арасында да орын алуы мүмкін. Егер осы жағдай қайталанса, онда Мессидің диктатор екендігін айтқым келеді. Өзіңіз ойлап көріңіз, әр ойында сіз мықты ойын өрнегін көрсеткіңіз келеді. Ол кезде сіздің диктатор болуыңыз заңды. Себебі сіз тек командаға емес, сонымен бірге өзіңіздің имиджіңіз үшін де ойнайсыз. Стадионға көпшілік халық Мессидің орындауындағы кезекті сиқырды көру үшін келеді. Бұл да өз кезегінде ойыншы үшін қысым және үлкен жауапкершілік. Ал команда ұтылып жатса, ең бірінші соққы Мессиге тиетінін де білейік. Сондықтан Неймардың келуі - үлкен тәуекелді іс. Ал мен ондай келісімге бармас едім".
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: sport-xl.net
Б. Қосмағамбет