Жалпы соңғы кездері футбол әлемі үлкен жаңалықтарға толы. Қай жағынан қарасаңыз да, қазіргі таңда неміс клубтарының аты жер жарып тұр. Олар "Барселона", "Реал" сияқты алыптарды бірінен соң бірін талқандады. Гетце "Баварияға" ауысты. Мәңгілік Фергюсон "Манчестермен" қош айтысты. Осы қаланың екінші бір клубының тізгінін ұстаған Манчини отставкаға кетті. Моуринью "Челсиге" оралмақ.
Орын алған оқиғалар аз десеңіз, онда ол ойыңызды бразилиялық атақты Неймар өзгертетін шығар. Дәлірек айтқанда, ол туралы клубтың экс вице-президенті айтқан хабары ешкім күтпеген жаңалық болғаны анық. Сонымен Висенте Каскионе өзінің блогында "Неймар "Бавариямен" келісім-шартқа отырды" деп спорт журналистері мен футбол жанкүйерлері арасында нағыз жарылыс жасады.
Сонымен, Каскионе былай дейді: "Неймар "Бавариямен" келісімге отырды. Сондықтан ол енді ел күткендей "Реал" немесе "Барселонаға" емес, Германияға аттанатын болады. Осы жылдың тамыз айынан бастап Неймар "Баварияда" доп тебеді. Менің айтып отырғаным әзіл не жай сыбыс емес. Ақпараттың рас екенін айтқым келеді. Сенбейтіндер болса, менің сөзімнің рас екеніне бірер күннен кейін көздерін жеткізе алады".
70 жасар Каскионенің сөзі іле-шала әлемнің жетекші арналары мен спорт басылымдары арқасында төрткүл дүниеге тарап кете барды. Ал әзірше бұған не "Сантос", не "Бавария" клубтарының өкілдері түсінік бере қойған жоқ.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: vk.com