- Негізгі бет
- Бұл қызық
- Ұлттық ат ойындары...
Ұлттық ат ойындары
Жүгі нарда, қазаны теңде болып көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқының өмірінде аттың алар орны ерекше. Қазақ жылқыны "Ер қанат – ат" деп нақылдап, жеті қазынаның біріне қосады. Ал осы жануармен байланысты қаншама салт-дәстүріміз бен ұлттық ойындарымыз астасып жатыр. Бүгін назарларыңызға ұмыт қалып бара жатқан дәстүрлі ат ойындарының түрлерін ұсынып көрмекпіз.
Аударыспақ – салт аттылардың бірін-бірі ер үстінен аударып алу сайысы. Қайрат-күші мол, батыл да төзімді, шапшаң қимылдап, ат құлағында ойнай білетін, бір сөзбен айтқанда, нағыз ер жігіттің қатысатын ойыны.
Аударыспаққа шығатын ат та, адам да жарысқа әдіс-тәсіл жағынан өте мұқият дайындалады. Атты жақсы меңгерген, тақымы мықты шабандоз аударысумен қатар, күшін, шыдамдылығын жетілдіру үшін жан-жақты дайындалады. Аударысу кезінде қарсыласына ауырту әдістерін қолданбайды, атты ұрмайды, денесінде ат әбзелдері мен ер-тұрманда үшкір, қатты заттар болмауы керек. Шабандоздар етік киіп, шалбарланып, кеудесін жалаңаштап, айқасқа қамшыны тістеп немесе қонышына тығып шығады.
Сайысқа қатынасушылар үш салмақ категориясына бөлінеді: 65 келіге дейін – жеңіл, 65-80 келінің арасы – орта, 80 келіден жоғары ауыр салмақты болып есептеледі. Жарысқа түсу кезегі жеребе тарту бойынша анықталады.
Аударыспақ Кеңестер Одағы кезінде Бүкілодақтық ат ойындарының бағдарламасына енген. 1997 жылы Венгрияның Будапешт қаласында өткен дүниежүзілік ат спорты фестивалінде осы мерекеге Қазақстаннан барған жігіттер барлық салмақ дәрежесінде жеңіске жетіп, ел мерейін үстем еткен болатын.
Топ бәйге – аттың бабын қажет ете бермейтін атшабыс түрі. Жарысқа белгіленген қашықтық та орташа деңгейде (10-15 шақырым арасында) және аты бар ниет білдірушілердің барлығы да қатыса береді. Көбіне наурыз мерекесінде, шілдехана, тұсау кесер, сүндет той, үйлену тойларда, аста ұйымдастырылатын болған. Бұрындары бәйгеге қатысқан аттар мәреге жақындағанда онымен қатарласа шауып, жанынан қамшылап, ноқтадан тартып көтермеге шығуға рұқсат етілетін. Қазіргі ережеде бұлай жасауға болмайды. Топ бәйгеге балалар да, ересек шабандоздар да қатыса береді.
Кейбір деректерде, XV ғасырдың 70 жылдарында Керей мен Жәнібек сұлтандар Қазақ хандығын құрғанда, Шу өзенінің жағасында, Тұлпарсаз деген жерде топ бәйге ұйымдастырғандығы айтылады. Осы кезден бері қазақтың алқалы жиындарының ажырамас, құрамдас бөлігіне айналып келеді.
Жамбы ату – қазақ халқында кең тараған мергендік сынның бір түрі. Атпен шауып келе жатып, жігіттер екпінін бәсеңдетпестен құрулы бақан үстіндегі нысананы атып түсіру керек болған. Ереже бойынша, жігіттер сөреде өз сәйгүліктерінің жанында болады. Төреші белгі берісімен, олар аттарын тез ерттеп, шаба жөнеліп, жолындағы нысаналарды атып құлатуға тиісті. Төрешілердің ұйғарымы бойынша, нысаналар бірнешеу болады.
Жамбы атуды биатлон ережесіне ұқсататындар кездеседі, тек айырмашылығы – аттың орнын шаңғы басып тұр.
Теңге ілу – бозбалалар ойнайтын қазақтың ұлттық ат спортына жататын ертеден келе жатқан ойындарының бірі. Теңге ілу ойыны тегіс жерде өткізіледі. Желіп келе жатқан аттың үстіне отырып желісін баяулатпастан төменге тез иіліп сол және оң жағынан орамалмен оралған теңгені көтеріп, артына тастап отыруы керек. Әрбір сәтсіз талпыныстың артына айыптық уақыт белгіленеді. Теңгені көп ілген салт атты жеңімпаз аталады. Теңге ілу алаңының ұзындығы 120 метр. Теңгені іліп алуға дейінгі ұзындық 30 метр. Теңге саны бесеу болуы керек. Теңгелердің ара қашықтығы 10 метрден. Теңге ілушілер теңгені орнынан іліп лақтырып тастауы керек. Жарысқа бекітілген ережеге сай спортшының уақыты, ілген теңгесінің санына бөліп қорытындысы шығарылады.
Жорға жарыс – төрт аяғын тең басқан, бүлкілі майда, бір келкі, ырғақты шабысты жылқымен өнер көрсететін ойын. Шабыс кезінде шабандоздың астындағы ат алдыңғы және артқы оң (келесі кезекте сол) аяқтарын бірдей тастап жарысады. Жылқының осы жүрісінің майдалығы соншама, қазақ халқы осындай аттарды «үстінде су шайқалмас жорға» деп айтады. Жорға жарысқа жасына қарамастан ер де, әйел де қатыса береді. Егер жарыс кезінде аттың жорғасы бұзылса, шабандозға айып ұпай салынады. Жарыстың бұл түрінде әйелдер үшін қашықтық 6-8, ер адамдар үшін 10-16 шақырым болады.
Жігіт сыны. Қазақ жастарының әскери дайындығының бір түрі болып есептелетін бұл жарыс түрі қадым замандардан-ақ белгілі. Ереже бойынша, жандарында сәйгүліктері бар жігіттер төрешілер белгі берісімен, аттарын тез ерттеп, жерде жатқан бес қаруын асынып, шаба жөнеледі. Қашықтық 500-800 метр. Жол бойында шабандоз төрешілер тапсырған жаттығуларды орындауға тиісті. Бұлардың әрқайсысына ұпай беріледі және қашықтықты өту уақыты есептелінеді. Жеңімпаздар осы көрсеткіштер бойынша анықталады. Осы талаптарды мүлтіксіз орындағандарды қазақ: «аттың құлағында ойнаған жігіт» деп атаған.
Көкпар туралы мына жерден оқи аласыздар.
Материалды дайындау барысында "Қазақстан – спортшылар елі" кітабы пайдаланылды.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: n4.biz,kazakh.people.com.cn,yvision.kz