2020 жылы Жапония астанасы Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарының танымбелгісі (эмблема) өзгеретін болды. Осыған дейін таныстырылған танымбелгі көшірме (плагиат) екені айтылып, дауға қалған болатын.
5 жылдан кейін өтетін Олимпиаданың танымбелгісі 24 шілде күні ресми түрде таныстырылған еді. Кейіннен бельгиялық дизайнер Оливье Дэби бұл танымбелгі Льеж театрының танымбелгісімен сәйкес келетінін алға тартқан-ды. ХОК қарауынан өткен кейін ұйымдастыру комитеті танымбелгіні ауыстыруды алға тартпаған еді. Алайда кеше өткен баспасөз мәслихатының қорытындысы бойынша өзгеретін болып шешілді.
«Олимпиада танымбелгісі ұлттың жан-дүниесін, дәстүрін, мәдениетін, салт-санасын таныта алуы тиіс» - деді Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ. Сондай-ақ, ұйымдастыру комитетінің шешімімен келісетінін айтып, сәттілік тіледі.
Айта кетейік, Олимпиада танымбелгісінде «Т» әрібі таңбаланған болатын. Бұл әріптің негізінде «Tokyo», «Тomorrow», «Тeam» (Токио, "ертең", "команда") деген ұран бары айтылған еді.